Украина Денсаулық сақтау министрлігі елде вирус салдарынан көз жұмғандардың артқанын хабарлады. Кеше 793 адамның өлімі тіркеліпті. Елде індеттен бір күнде осынша адамның көз жұмуы бұрын-соңды кездеспеген.
Алайда елде вирус жұқтыру статистикасы бірқалыпты. Қайта біраз баяулағаны байқалады. Демалыста 25 063 науқас тіркелген. Олардың 1 541-і бала, 398-і медицина қызметкері. Жұмада 26 488 адам вирус жұқтырса, 4 қарашада 27 377 азамат індетке шалдыққан.
Украинада коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 3,06 млн-ға жеткен. Вакциналау науқаны жарияланғаннан бері 11 296 341 адам екпе салдырған. 7 858 507 азамат толық екі компонент салдырды.
Украина Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, Еуропалық одақ Украинада коронавирус жағдайларының артуына және жалпы Еуропада Covid-19-ға қатысты ахуалдың нашарлап кетуіне байланысты елді «жасыл тізімнен» шығарды. Еуропалық одақ шешімі келесі аптадан бастап күшіне енеді.
Украина 15 шілдеден бері «жасыл тізімде» еді. Осы тізімдегі елдердің азаматтары Еуропаға ешбір шектеусіз кіре алатын. Әр екі апта сайын елдердегі ахуалдар сараланып, тізім қайта қаралып отырады.
Ресейде де COVID-19 вирусын жұқтыру бойынша рекорд жаңарды. Өткен сенбіде елдегі 85 аймақтан барлығы 41 335 адам індетке шалдыққан. Өлім саны шамамен 1 200-ге жеткен.
Вирус жұқтырғандардың ең көбі – Мәскеу тұрғындары. Ел астанасында сенбіде 6 880 дерек тіркелген. Одан кейін 3 138 науқас Санкт-Петербургте, Мәскеу облысында 3 085 адам коронавирусқа шалдыққан. Жалпы пандемия басталғалы Ресейде 8 755 930 адам вирус жұқтырған.
Ал өлім-жітімнің өршіп тұрғанына екі апта болды. 1 күн бойы күніне мыңнан астам адам вирус салдарынан көз жұмған. Демалыс күндері қайтыс болғандар саны 1 188-ге жетті. Пандемия басталғалы бері вирустан 245 635 азамат қайтыс болған.
Науқастар көбейген аймақтар қатарына жоғарыда аталғандардан бөлек Белгород, Саратов, Түмен, Челябі, Ярослав, Магадан облыстары мен Краснояр, Татарстан, Тыва мен Чувашия аймақтары кіреді.
Індеттің өршуінің салдарынан ел президенті Владимир Путин жалақысы сақталатын демалыс күндерін жариялады. Ресейліктер өткен аптада, яғни 30 қазан мен 7 қараша аралығында жұмысқа бармаса да, жалақысын толық алды. Кей аймақтар бұл режімді ұзартуды жоспарлап отыр.
Еуропада коронавирусқа қатысты ахуал нашарлаған тағы бір ел – Германия. Кеше Роберт Кох институты пандемия тарихындағы антирекорд туралы хабарлады. Германияда коронавирус жұқтырғандардың тәуліктік максимумы тіркелді. Бір күнде 33 949 адам ауруға шалдығып, 165 науқас қайтыс болды.
Бір апта бұрын коронавирус жұқтыру көрсеткіші тәулігіне 28 037 жағдайды құраған-ды. Коронавирус осындай қарқынмен таралса, жақында жұқпалы ауруханаларда орын болмайды дейді дәрігерлер.
Бүгінгі таңда COVID-19-ға қарсы вакцинаны Германияның 12 жасқа толған тұрғындарының 66,8%-ы салдырған.
Ұлыбританияда да коронавирустың таралу қарқыны артып келеді. Зерттеу материалдарына сәйкес, 2020 жылдың мамыр айынан бастап ең жоғары көрсеткіш кеше тіркелді. Өткен тәулікте SARS-CoV-2 індетіне душар болған 41 299 азамат анықталды.
Ел Үкіметінің мәліметі бойынша, вирус жұқтырған науқастардың жалпы саны 9 171 660-қа жетті. Ал соңғы 24 сағат ішінде 214 науқас қайтыс болды.
Қазіргі уақытта вирусқа қарсы екпенің бірінші компонентін 50 071 683 адам алған. Бұл жалпы халықтың 73,8%-ы. Ал 45 752 487 британдық, яғни халықтың 67,4%-ы толық вакциналау курсынан өтті.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өлім-жітімнің жоғарылауына және коронавирус инфекциясының таралуына алаңдаушылық білдіреді. Ұйым басшысы Тедрос Гебрейесус коронавирустан қайтыс болу деректерінің 50-ден астам елде күрт өскенін мәлімдеді.
«Өткен аптада 56 ел COVID-19 салдарынан өлім-жітімнің 10%-дан асқанын хабарлады», деді Т.Гебрейесус. ДДҰ басшысының айтуынша, апта сайын вирустан қайтыс болғандардың саны 50 мыңнан астам адамды құрайды. Осыған байланысты Гебрейесус дамыған елдер мен вакцина өндірушілерін COVAX халықаралық бағдарламасына белсенді қатысуға және вакциналарды сатып алу үшін африкалық жұмыс тобына дәрі-дәрмектерді жіберуге шақырды. Осы ретте Ұлыбритания АҚШ-тың Merck және Ridgeback Biotherapeutics фармаконцерні әзірлеген COVID-19 Lagevrio (Molnupiravir) дәрісін қолдануды мақұлдаған әлемдегі алғашқы елге айналып отыр. Медициналық өнімнің вирустың таралуы мен өлімнің алдын алу үшін тиімді әрі қауіпсіз екені дәлелденген. Бұл туралы бейсенбіде британдық дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды бақылау агенттігі хабарлады.
Өз кезегінде Ұлыбританияның Денсаулық сақтау министрі Саджид Джавид Біріккен Корольдік үйде қолдануға болатын COVID-19-ға қарсы препаратты мақұлдаған әлемдегі алғашқы ел екенін айтты. Ол Лондондағы билік пациенттерге сертификатталған дәрі-дәрмек беру үшін жұмысқа кірісіп кеткенін хабарлады.
Molnupiravir дәрісін коронавирус тесті оң нәтиже көрсеткен бойда бірден қабылдау керек.
Merck & Co компаниясы Ridgeback Biotherapeutics компаниясымен бірге коронавирус инфекциясын емдеу мақсатында дайындаған Molnupiravir препаратының әрекет ету принципі вирустың өз ДНҚ-сын көбейту үшін қажет белгілі бір ферментті блоктау арқылы жүзеге асады.
Таблетка түрінде қолжетімді болып отырған дәрі-дәрмекті мүмкіндігінше вирус жұқтырған бойда бірден қабылдау керек, вирус белгілері білінген уақыттан бес күн ішінде ішу тиімді болмақ. Осы жылдың соңына дейін Merck препараттың он миллион дозасын, 2022 жылы тағы 20 миллион дозасын шығаруды жоспарлап отыр.
Коста-Рика әлемде бірінші болып 5-11 жас аралығындағы балаларға коронавирусқа қарсы екпені міндеттеуде.
«Ұлттық вакциналау және эпидемиология комиссиясы ұлдардың, қыздардың және жасөспірімдердің мүддесін қорғау мақсатында COVID-19-ға қарсы иммундауды барлық балаға міндетті етуді шешті», деді Коста-Рика Денсаулық сақтау министрлігінде.
Министрлік ковидке қарсы вакцинаны осы жылдың наурыз айында халық үшін міндетті екпелер тізіміне енгізген еді, енді бұл ереже балаларға да қатысты болмақ. Костарикалық балаларға екпе егу келесі жылдың наурызында басталады. Мемлекет америкалық Pfizer компаниясымен 3,5 млн доза вакцина алдыру туралы келісім жасады. Оның ішінде 1,5 млн дозасын балалар үшін арнайы алдыртады. Қалған екі миллион вакцинаны ересектерге үшінші рет егеді.