«Жүргізуші куәлігін алдым» деген адамға қойылатын алғашқы сұрақтың ауаны шамамен осындай бізде. Себебі бұл құжатты оқып, тиісті сынақтардан өтіп алатындар көп емес. Мұны дүйім жұрт біледі. Есесіне, сатып алатындар мен куәліктің құнын аспандатып саудаға салатындар азаймай тұр. Бұрын қоғамға кеселі көп бұл заңсыздыққа полиция қызметкерлері көп баратын.
Жемқорлықтың «цифрлы нұсқасы»
Ал бүгінде Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары «құжат жасаудың» түрлі қитұрқылықтары мен қулыққа толы жолдарын меңгеріп алған.
Өткен аптада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қостанай және Ақмола облыстарындағы мамандандырылған ХҚО қызметкерлерінің былығын жұртқа жария етті. Орталық мамандары жол қозғалысы ережелеріне қатысты теориялық емтихандардан сәтті өтті деген анықтаманы заңсыз беріп келген. Үміткердің сынақтан өткендігін растайтын бұл қағазды олар мүлде емтиханға келмеген, кірмеген адамдарға белгілі бір сомаға сатып отырған.
Ал емтиханды арнайы дайындықтан өткен басқа адамдар тапсырған. Мәселен, Ақмола облысында осы үшін емтихан тапсыратын компьютермен қашықтан жалғанған құрылғылар пайдаланылса, Қостанай өңірінде медициналық бетперде мен қалпақ киген адамдар тікелей емтихан сыныбында басқа біреулер үшін тест тапсырып келген. Тергеу барысында мыңнан астам жүргізуші куәлігін заңсыз беру фактісі тексеріліп, теориялық емтиханнан сәтті өткені туралы жалған анықтамалар тәркіленген. «Заңсыз куәлікті сатып алып, көлікке отыратын жауапсыз жүргізушілер сіз бен бізге және жақындарымызға үлкен қауіп төндіретіні анық. Сондықтан да осындай заңсыздықтарға немқұрайды қарамауымыз қажет. Кез келген жемқорлық фактілерімен бетпе-бет келген адам тиісті органдарға хабарласқаны жөн», делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми мәлімдемесінде.
Бұл бағытқа қарсы іс-қимыл шаралары күшейген сайын жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың да «жүйесі» жетіле түсуде. Елімізде цифрландыру, қызметтерді онлайн алу бағытында қарқынды жұмыстар жүріп жатыр деп бөркімізді аспанға атқанмен бұл жаңашылдықтың да жемқорлыққа төтеп бере алмағанын мойындауымыз керек. Өйткені автоматтандыру мен «цифрлы үкіметтің» бастапқы мақсаты сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру еді. Ал айналып келгенде жемқорлықтың өзін автоматтандырып, цифрлы нұсқаға «көшіріп» алдық.
Ел азаматтарына мемлекеттік қызметтерді ұсыну сапасын жаңа деңгейге көтеруді мақсат тұтқан мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталықтары Қазақстанда 2012 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда 16 өңірде осындай орталықтар халыққа қызмет көрсетуде. Бүгінде егер жүргізуші куәлігінің мерзімі аяқталса, жоғалып қалса немесе төлқұжаттағы деректердің өзгеруіне байланысты бұл құжатты онлайн форматта қайта ауыстырып алуға болады. Ал 2019 жылдан бері көлікті тіркеу мен жүргізуші куәлігін алу қызметтерін бірден республика бойынша 103 Халыққа қызмет көрсету орталығы көрсете бастады. Ішкі істер министрінің орынбасары, осы саланы цифрландыруға жауапты Сәкен Сәрсенов жақында ғана: «Орталықтарда қызмет алушылар мен полиция қызметкерлері және ХҚКО қызметкерлері арасындағы тікелей байланыс толығымен алынып тасталды. Полицейлер тек құжаттардың электронды көшірмелерінің толықтығын анықтап, криминалдық есептер бойынша тексеру жүргізеді. Бұл бізге қызмет көрсету кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға мүмкіндік берді», деп мәлімдеген болатын. Алайда іс пен сөздің қабыспайтынын Қостанай мен Ақмола облыстарының ХҚКО-да әшкереленген заңсыздықтар тағы бір мәрте растап отыр.
Жүргізуші куәлігін алудың тәртібі қандай?
ХҚКО-ның былыққа белшесінен батқанын күні кеше Нұр-Сұлтандағы орталыққа қарапайым клиент ретінде барып, ешқандай теориялық та, тәжірибелік те емтихан тапсырмастан бір күннің ішінде жүргізуші куәлігін алып шыққан Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің іс-әрекеті де айғақтап берді. Министр тіпті осындай «тексеруден» кейін елордада жүргізуші куәлігін алуға құжат тапсырған 2 мыңнан астам адамның тек 30-ы ғана емиханнан өткенін айтқан еді. Осы мәселеге қатысты арнайы брифинг өткізген Б.Мусин оқиға бойынша «Азаматтарға арналған үкіметте» ішкі қауіпсіздік қызметінің мамандары арнайы тексеру жүргізіп жатқанын, қазіргі таңда бүкіл ел бойынша барлық ХҚКО-да бақылау жұмыстарының күшейтілгенін мәлімдеді. Осыған орай біз де мемлекеттік корпорацияға хабарласып, жүргізуші куәлігін алу үшін тәжірибелік және теориялық сынақ тапсыру тәртібі, қауіпсіздік жүйесін жетілдіру, жемқорлық фактілерін болдырмауға қатысты бірқатар сұрағымызды қойған едік.
«Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ басқарушы директоры Байрам Азизов емтихан тапсырушы үміткерлердің көбі теориялық сынаққа телефон алып кіруге тырысатынын айтады. Ол сондай-ақ кейбіреулердің сынаққа өзінің орнына түр-келбеті ұқсайтын басқа адамды жіберіп, емтихан өткізілетін компьютер жүйесіне қашықтан қосылу сияқты түрлі қитұрқы әрекеттерді пайдаланатынын да жасырмады. «Бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы барлық мамандандырылған ХҚКО-да тексеру жүргізіп жатыр. Тексеру кезінде Алматы қаласында заңсыз түрде жүргізуші куәлігін алуға қатысты бірнеше дерек анықталды. Қазіргі таңда бұл жайттар бойынша жинақталған материалдар Полиция департаментіне ары қарай тергеу жүргізу үшін жолданды», деген мемлекеттік корпорация өкілі қазіргі таңда Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында теориялық емтиханды тапсыру кезінде тұлғаны танитын арнайы биометрия жүйесінің пилоттық түрде енгізілгенін де хабарлады. «Пилоттық жоба бойынша әр емтихан тапсырылатын орынның қасына камера орнатылған. Бұдан былай ондағы бейнені арнайы оператор тікелей бақылап отырады. Тест тапсырушылар орындарға кездейсоқ тәсілмен жайғастырылады. Алдағы уақытта мұндай жүйе барлық мамандандырылған ХҚКО-ға енгізіледі», дейді ол.
«Бірінші рет жүргізуші куәлігін алатын азамат мамандандырылған ХҚКО-ға келіп, емтихан тапсыруға өтініш білдіреді. Үміткер алдымен медициналық анықтама мен автомектепте курстарды тәмамдағаны туралы куәлік тапсыруы қажет. Даярлық курсынан өткені туралы талап «А», «В» санаттарындағы, «А1», «В1» кіші санаттарындағы көлік құралдарын басқару құқығын алуға өз бетінше даярлықтан өткен адамдарға қойылмайды», деп куәлік алу тәртібін түсіндіріп өткен Б.Азимов үміткердің 40 минуттың ішінде кем дегенде 32 сұраққа дұрыс жауап беруі тиіс екенін де еске салды. «Үміткер алдымен теориялық емтихан тапсырады. Ол сынақты емтихан бағдарламасы қондырылған компьютерлер арқылы тапсырады. Жүргізуші куәлігін алуға үміткерлердің емтихан тапсыратын орындары автоматтандырылған кешенге біріктірілген», дейді ол.
«Ары қарай үміткер тәжірибелік емтиханға жіберіледі. Бұл сынақ тиісті санаттағы көлік құралдарымен жабдықталған және жүргізу нәтижелерін автоматты түрде оқитын арнайы құрылғылармен жабдықталған автоматтандырылған автодромда өткізіледі. Емтихан барысында үміткерге 100 балл беріледі, жол ережесі бойынша жасаған әр қатесі үшін тиісті балл шегеріліп отырады. Бағдаршамның қызыл түсі сияқты тыйым салынған жол белгілерінен өтіп кетсе, қайта емтихан тапсыруға жіберіледі. Тәжірибелік емтихан өткізілетін автокөліктер «датчиктермен» жабдықталған. Көлік қозғалысы туралы ақпарат бірден жазылып, барлық қате ескеріліп отырады. Теориялық және тәжірибелік емтихан бойынша берілген жауаптар нәтижесі автоматтандырылған жүйе арқылы есептеледі», деген АҚ қызметкері емтиханнан өткен-өтпегені туралы анықтаманың автоматтандырылған мәліметтер базасы арқылы шығарылатынын, сынақтан сүрінбей өтсе, жүргізуші куәлігі бірден рәсімделетінін түсіндірді.
Сатқан да, сатып алған да жазасыз қалмайды
ІІМ-нің дерегіне сүйенсек, мамандандырылған ХҚКО-да ең көп көрсетілетін қызметтердің бірі көлік құралын тіркеу болса, екіншісі – жүргізуші куәлігін алу. Жыл сайын 2,5 миллион көлік тіркелсе, бір миллионнан астам адам жүргізуші куәлігін алуға өтініш қалдырады екен. Бұл дегеніңіз осыншама адам жол қозғалысы ережелерінен теориялық және тәжірибелік емтихан тапсырады деген сөз. Енді сұрақ. Осы миллионның барлығы расымен жүргізуші куәлігін емтихан тапсырып ала ма? Әлде, «жүйке жұқартпаудың», «уақыт өлтірмеу» мен «босқа сандалмаудың» басқа жолын таңдай ма? Ең сорақысы, жол ережесін білмейтіндер мен жол белгісін ажырата алмайтындарға көлік айдау құқын берудің соңы қаншалықты қорқынышты? Қаншалықты қайғылы? Осы тұста мына бір деректерді келтіре кетейік. Жыл басталғалы бері елімізде 9 мыңға жуық жол-көлік апаты тіркелсе, соның салдарынан 12 мыңнан астам зардап шегіп, 1300-дей жолаушы қайтыс болған. Ал биылғы тоғыз айда 20,5 мың адам жүргізуші куәлігінен айырылған. Тағы 17,5 мыңы әкімшілік қамауға алынған.
Шындығын айту қажет, елімізде жүргізуші куәлігін сату схемасы кеше-бүгін анықталып отырған заңсыздық емес. Осы жылдың басында ғана бұл құжат түрі әлеуметтік желілерде ашық саудаға түсіп, былықтың басында полиция қызметкерлерінің тұрғаны анықталған болатын. Ол кезде де, әсіресе, Нұр-Сұлтанда қызып тұрған құжат саудасын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әшкерелеген еді. Тіпті бес жыл бұрын Алматы облысының 21 жастағы бойжеткені жүргізуші куәлігін сатып алғанын әлеуметтік желіде сүйіншілеп, әкесіне алғыс айтқаны да қоғамда біраз дау тудырған еді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл агенттігі департаментінің аса маңызды істер бойынша аға тергеушісі Данияр Бегайдаров «куәлік жасап» бергендермен қатар арнайы курста жол ережесін оқымай, тест тапсырмай құжат сатып алғандардың да жазадан құтылмайтынын айтады. «Жүргізуші куәлігін сатып алғандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған. Олар заң бойынша айыппұл төлеуі немесе сот үкімімен бас бостандығынан айырылуы әбден мүмкін. Куәлікті жасатқандар, мәселен, құжатқа төлеген сомадан 35 есе үстеме арқалайды. Яғни куәлікті оңай жолмен 100 мыңға сатып алса, осы әрекеті үшін 3,5 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттеледі», дейді ол.
Қылмыстық кодекстің 385-ші «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу» бабына сәйкес, мұндай заңсыз әрекетті бірнеше адам бірігіп, алдын ала сөз байласуымен жасаса, төрт мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады немесе төрт жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Кодекс бойынша жалған құжатты пайдаланушы да жазасыз қалмайды.
ТҮЙІН. Оңтүстік Кореяның Чха есімді тұрғыны жүргізуші куәлігін алу үшін 2005 жылдан бастап 950 рет теориялық, 10 рет тәжірибелік сынақ тапсырған екен. Емтиханның бәрінен сүрінбей өтіп, куәлік қолына тигенде оның жасы 70-ке таяп қалған. Кейуананың табандылығына тәнті болған полиция қызметкерлері «Чха жүргізуші куәлігін қолына алған күні өз қолымызбен ескерткіш қойып береміз» деген екен. Алайда бұл қарияның қажырлығына қойылған белгі ме, әлде осы елдегі жемқорлықтан ада жүйесінің тазалығын мойындатқаны ма... мұны енді оқырманның өзі таразылай жатар.