Елордада онлайн режімде «Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күрескен жеке-дара тұлғаларды, қоғамдық және саяси ұйымдардың қозғалыстарына қатысушыларды, сонымен қатар қызмет бабында, ғылыми, мәдени және басқа да салада мемлекеттік қудалау мен қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау жөнінде ұсыныстар дайындау үшін материалдар жинау бойынша тәжірибе алмасу туралы» тақырыптық семинар өтті.
Семинарды Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қызметін қолдау жөніндегі жобалық кеңсе мен Ақтөбе облысының әкімдігі ұйымдастырды. Оған республиканың барлық облысынан Өңірлік комиссиялар жұмыс топтарының өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, мамандар, еріктілер қатысты.
Семинардың мақсаты – Өңірлік комиссиялардың мамандандырылған жұмыс топтарының семинарда талқыланған тақырып бойынша атқарған жұмыстары туралы есебін тыңдау, жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулер бойынша тәжірибе алмасу, өңірлік комиссиялардың ғылыми-зерттеу жұмысын жетілдіру жолдарын қарастыру және олардың мемлекеттік комиссияның жұмыс топтарымен өзара әрекеттестігін дамыту.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі облыстық комиссияның төрайымы, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова кіріспе сөз сөйледі. Ол семинар тақырыбы бойынша облыста атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берді.
Жиын барысында сөз алған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қызметін қолдау жөніндегі жобалық кеңсе басшысы Сабыр Қасымов Қазақстан Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі, аумақтық тұтастығы үшін күрескендерді толық құқықтық және саяси оңалту туралы арнайы мемлекеттік акт қабылдамағанын атап өтті.
Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы» заңында қуғын-сүргін құрбандарының бұл санаты мүлде аталмаған. Дегенмен бұл қуғын-сүргін уақыты жағынан ең ұзақ, ең жүйелі, ең жасырын жүзеге асырылған. Өткен уақыт мерзіміне қарамастан, Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күресіп қуғын-сүргінге ұшыраған халық, сауатты түрде күресе білген саяси және қоғамдық ұйымдар, қоғамдық-саяси, рухани, қызметтік, ғылыми, мәдени және шығармашылық салаларда қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалар ақталуға тиіс.
Осыған байланысты жұмыс тобы жан-жақты тексеру жүргізіп жатыр. Аталған санаттағы барлық зардап шеккендерді толық саяси-құқықтық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында бірқатар ұсыныс енгізбек.
Мәселен, Қазақстанда Кеңес өкіметін күштеп орнатуға қарсы күрескендерден бастап, Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы ұлт-азаттық күреске қатысушылар осы санатқа енбек. Сондай-ақ көп адам шығынын әкелген ағайындық азамат соғысы мен таптық қарсылықты жасанды түрде енгізуге қарсы күрескендер де тізімге алынады.
Аймақтық қозғалыстардың көшбасшылары және Алаш партиясының белсенділері, Алашорда үкіметінің, Алаш әскери құрамаларының мүшелері, сондай-ақ оларға ұйымдастырушылық, қаржылық және материалдық көмек көрсеткен тұлғалар да осы санатқа қосылмақ.
С.Қасымов Қазақстанның мүддесі, бостандығы мен тәуелсіздігі үшін тек қазақтар ғана емес, осы күреске қарулы қақтығыстарға да және саяси-идеологиялық майданға да шын жүректен қатысқан жүздеген, мыңдаған орыс, өзбек, еврей, украин, қырғыз және басқа да халықтардың өкілдері репрессияға ұшырағанын сөз етті. Бірақ олар туралы білетін адамдар саны өте аз. Сондықтан олардың ерлігін жаңғырту, есімдерін Қазақстанда мәңгілікке қалдыру өте маңызды және бізге міндет екендігіне де баса назар аударды. «Біз қазақ халқының ұлттық мүдделері мен құқықтарын қорғаған немесе азаттық, тәуелсіздік үшін күреске шақырған ғалымдардың, зерттеушілердің, жазушылардың, өнер қайраткерлерінің, режиссерлердің еңбектері мен тағдырларын зерттеп жатырмыз және саяси-құқықтық ақтауға ұсынатын боламыз және олар жоғарыда аталған қызметтері үшін қуғын-сүргіннің әртүрлі формаларына ұшыраған», деді С.Қасымов.
Жиын барысында Мемлекеттік комиссияның жұмыс тобы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күрескендердің ерлігін көпэтносты халқымыздың ең жоғары ұлттық мұрасы деп тануды ұсынды.
Еліміздің барлық 17 аймағының өкілдері – өңірлік комиссиялардың жұмыс топтарының басшылары мен мүшелері де баяндамашылар ретінде өз ойларын білдірді.