Ел тұрғындары аэротакси қызметін келесі жылдан бастап пайдалануы мүмкін. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алатау қаласында әуе таксиінің сынақтық ұшырылымы өтті. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, жобаны іске асыру үшін Көлік министрлігі уақытша ережелер әзірлеген.
«Биыл біз адамдарсыз ұшамыз, себебі маршруттар өте көп. Олар ертең тау кластерімен, Алматы әуежайы және вокзалдарымен, Қонаев қаласындағы су қоймасымен және басқа да нысандармен байланысты болады. Мұның бәрін сынақтан өткізу қажет. Қандай биіктікте ұшатынын, климаттық жағдайларды, төрт мезгілді бақылау керек. Себебі бұл қауіпсіздік мәселесі: аэромагниттік өрістер, жоғары вольтты желілер бар. Сондықтан биыл жолаушылар тасымалы болмайды», деді ол Үкіметтегі брифинг барысында.
Сондай-ақ ол Қытай мен АҚШ-та аэротакси жүйесі қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрғанын атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан жобаны жүзеге асыру үшін халықаралық мамандарды тартып жатыр.
Қанат Бозымбаевтың айтуынша, алғашқы рейстер келесі жылы басталуы мүмкін.
Айта кетейік, Алматы облысында әуе таксиі алғаш рет сынақтан өткізілді.