15-19 желтоқсан күндері Түркияның астанасы – Анкарада волейболдан әйелдер арасындағы клубтық әлем чемпионатының жалауы желбірейді.
Осыдан бір ай бұрын Өскеменнің «Алтайы» Таиландтың Накхонратчасим қаласында өткен Азия біріншілігінде қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа таққан болатын. Осы жарқын жеңісінің арқасында Кенді Алтайдың арулары жер-жаһандағы ең үздік командалар бас қосатын бәсекеде бақ сынау құрметіне ие болды. Жерлестерімізден бөлек, бұл жарыста Италияның «Имоко Воллей» (Еуропа Чемпиондары лигасының жеңімпазы), Түркияның «ВакыфБанкі» (Еуропа Чемпиондары лигасының күміс жүлдегері) мен «Фенербахче» (жарысты ұйымдастырушылар) және Бразилияның «Минасы» (2020 жылғы Латын Америкасы клубтық чемпионатының жеңімпазы) мен «Дентил-Прая» (2021 жылғы Латын Америкасы клубтық чемпионатының жеңімпазы) клубтары өнер көрсетеді.
Естеріңізге сала кетейік, айтулы дода осыдан екі жыл бұрын Қытайдың Шаосин қаласында ұйымдастырылған еді. Сол жарыста Италияның «Имоко Воллейі» топ жарды. Финалда олар Түркияның «Эджзаджибашиін» 3:1 (22:25, 25:14, 25:19, 25:21) есебімен ұтты.