Чехияның бас шаһары – Прагада теннистен 2022 жылы әйелдер арасында өтетін Билли Джин Кинг кубогы жолындағы жарыстың жеребесі тартылды.
Айтулы турнирге жолдама алудың өзі оңай шаруа емес. Осы межеге жету үшін Қазақстан құрамасына да біраз тер төгуге тура келді. Іріктеу сынынан сүрінбей өткен қыздарымыз биыл сәуір айында ұйымдастырылған плей-офф сайысында Аргентина теннисшілерімен шеберлік байқасты. Аса тартысты өткен бәсекеде біздің қыздар 3:2 есебімен жеңіске жетті. Енді шешуші ойында Германиямен күш сынасамыз. Бұл кездесу келесі жылдың 15-16 сәуірінде Нұр-Сұлтанда өтеді. Егер жерлестеріміз жеңіске жетсе, онда өз тарихымызда тұңғыш рет Билли Джин Кинг кубогының финалдық бөлігінде өнер көрсету құрметіне ие боламыз.
Өзге бәсекелер мына командалар арасында өтеді: Аустралия – Словакия, Франция – Италия, АҚШ – Украина, Чехия – Ұлыбритания, Беларусь – Бельгия, Канада – Латвия, Испания – Нидерланд және Румыния – Польша.