• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Өнер 08 Қараша, 2021

Жеңімпаздар анықталды

198 рет
көрсетілді

Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде ұлы ағартушы Ыбырай Ал­тынсариннің 180 жылдығына ар­налған «Жас толқын» республикалық фестивалі өтті. Байқаудың қорытынды кезеңінде Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан, Қарағанды, Павлодар және Қос­танай облыстарынан келген жас сурет­шілер мен мүсіншілердің, қолөнер ше­берлерінің туындылары көрмеге қойылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, он жыл бойы облыс көлемінде ұйымдастырылып келген дәстүрлі шара осымен үшінші жыл республикалық деңгейде өтіп отыр.

– Өсіп келе жатқан талай талантты жастың бойына қанат бітіріп, қабілетін дамытып, кәсіби өнерге құлаш сермеуіне көп ықпал еткен дәстүрлі байқау бұған дейін еркін тақырыпта өтіп келген еді, ал биыл тақырып бекітіп, Ыбырай атамыздың 180 жылдығына арнадық. Байқауға жүзден астам авторлық туынды келіп түсті. Бұл дүниелерде ұлы ағартушының кескін-келбеті сомдалып, ұстаз­дық қызметінің түрлі кезеңі айшық тапқан. Ең бастысы, жергілікті қылқалам шеберлері, мүсіншілер мен қолөнершілер өзге өңірлердегі әріптестерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды, – дейді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.

Байқау жұмыстары кескіндеме, графика, мүсін, сәндік-қолданбалы өнер деп аталатын төрт номинация бойынша бағаланды. Қазылар алқасының қалауымен Қостанай қаласының атынан шыққан жас зергер Амангелді ауда­нының тұрғыны Бекзат Мұратов бас жүлдені жеңіп алды.

Байқау жеңімпаздарын облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімова арнай келіп құт­тықтап, дипломдармен және ақшалай сый­лықтармен марапаттады. Мәселен, Лисаков қаласынан келген 31 жастағы қыл­қалам шебері Алина Николенко Ы. Алтын­сарин портретін сәтті сомдап шыққаны үшін кескіндеме аталымы бойынша жүлделі орын алып, 150 мың теңгенің сертификатына ие болды. 

«Жас толқын» байқауы өз мәресіне жет­кенімен, музейдің бейнелеу өнері залындағы көрме әлі бір апта жұмыс істейтін болады.

 

Қостанай облысы