Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бекболат Әбдіқадыров жарылыстың алдын ала себебін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Түнгі сағат 9:25-те Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Дағдарыс жағдайларды басқару басқармасына Ақтау қаласының 29-шы шағын ауданындағы «Шерқала» екі қабатты кешенінің аумағында жарылыс болғаны туралы телефон хабарламасы келіп түсті. Жарылыс болған жерде жедел штаб құрылды.
Облыс әкімі, азаматтық қорғау қызметінің басшысы, Ақтау қаласы әкімдігі оқыс оқиға болған жерде жүр. Авариялық-құтқару жұмыстарына 70 адам, 11 техника, төтенше жағдайларды жоюдың күштері мен құралдары жұмылдырылды. Сондай-ақ 150 полиция қызметкері, 20 техника, азаматтық қорғау инженерлік қызметі және энергетика қызметтері тартылды.
Кинологиялық қызметтің барлауы бойынша, жарылыс орнында зардап шеккендер жоқ екені анықталды. Мұны «Шерқала» кешені иесінің «барлық жұмысшылар жұмыс күні аяқталып, кешкі сағат 18-20 шамасында ғимараттан шығып кетті» деген сөзі де растайды.
Жарылыстың алдын ала себебі газ-ауа қоспасының ағуынан болуы мүмкін. Қазірдің өзінде оқиға орнынан екі газ баллоны шығарылды.
ТЖ өкілдерінің айтуынша, үйінділердің астында тағы екі газ баллоны бар. Олардың әрқайсысының сыйымдылығы 50 литр. Толығырақ ақпарат оқшаулау және жоюдан кейін беріледі.