АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында үлкен кәсіпқой бокс кеші өтті. Кештің басты жекпе-жегінде екінші орта салмақтағы WBA (Super), WBC және WBO нұсқаларының чемпионы, мексикалық Сауль «Канело» Альварес пен IBF тұжырымының теңдессізі, америкалық Калеб Плант күш сынасты.
Абсолютті әлем чемпионы атағы үшін тартыстың алғашқы үш раундында АҚШ боксшысы сәл ғана басымдық танытқандай көрінді. Десек те бірте-бірте «Канело» тізгінді өз қолына алды. Планттың қарымта шабуылға жүгінуден басқа амалы қалмады. Бірақ мексикалық марғасқа қарқынын күшейткен сайын жергілікті боксшы жиі қателікке ұрына бастады. 11-раундта Альварестің сол қолы қарсыласына дөп тиді. Төреші есеп ашты. Соққының қатты болғаны соншалық, Плант орнынан әзер тұрды. Қарсыласының әлі де есін жия алмай тұрғанын байқаған Сауль тегеурінін одан әрі күшейтті. Оның тағы бір екпінді шабуылынан кейін америкалық боксшы қайта құлады. Бұл жолы төреші жекпе-жекті тоқтатты. Осылайша, Сауль Альварес әлемнің абсолютті чемпионы атанды.
Бұл – 31 жастағы «Канелоның» кәсіпқой рингтегі 60-шы жекпе-жегі. Соның 57-сін ол жеңіспен аяқтап, 39 қарсыласын есінен тандырды. Бір рет ұтылып, тағы екі кездесу тең аяқталды. Ал 22 рет шаршы алаңға көтерілген Плант кеше алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татты. Осыған дейін ол 12 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтап, 9 кездесуде төрешілердің шешімі бойынша жеңіске жеткен еді.