• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Қараша, 2021

Заманауи полиция қандай болуы керек?

647 рет
көрсетілді

Мәжілісте «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарын реформалау туралы» Үкімет сағаты өтті. Отырысты ашқан Палата Төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева 2018 жылы Елбасы ел азаматтарының қажеттіліктері мен мүдделеріне жауап беретін қазіргі заманғы полицияға деген сұранысын жоғары саяси деңгейде өзектендіріп, ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі бағдарламаны қабылдау міндетін қойғанын атап өтті. 

«Осыған байланысты 2019 жылдың басынан бастап ішкі істер органдарын жаңғыртудың жаңа толқыны басталды. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаев жыл сайынғы Қазақ­стан халқына жолдауларында ішкі істер органдарының қазір­гі заманғы, технологиялық, ха­лық­тың сеніміне ие жүйесін құру, «Полицияның сервистік мо­деліне» көшу туралы нақты мін­деттер қойды. Биылғы жыл­дың соңында ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасын іске асыру аяқталады. Осылайша, өте күрделі әрі маңызды жүйені реформалаудың тағы бір кезеңі аяқталмақ», деді вице-спикер.

Cонымен қатар Б.Кесебаева жүр­гізілген реформаларға қара­мас­тан, біраз жылдар бойы шеші­мін таппай келе жатқан проб­ле­маларға назар аудару қажеттігіне тоқталды. Атап айтқанда, полиция қатарындағы сыбайлас жемқорлық. Бұл аса маңызды мәселе. Жол картасы жүзеге асырылып жатқан кейінгі 3 жылда ішкі істер органдарының қыз­меткерлеріне қатысты 649 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген. Бұл қылмыстардың басым көпшілігі пара алу және қызмет бабын асыра пайдалану. Екіншіден, қызметкерлердің, әсіресе жедел-тергеу бөлімше­лері қызметкерлерінің біліктілі­гі­нің төмендігі. Тергеу органдары­на шағымдар жыл санап артып келеді. Статистикалық мәлі­мет­­терге сүйенсек, кейінгі 6 жыл­да сотқа дейінгі іс жүргізу ая­сында 2197 азамат негізсіз ұсталған. Үшіншіден, учаскелік поли­ция инспекторларының халық­пен өзара іс-қимылы­ның жеткі­ліксіздігі болса, төртіншіден, по­ли­ция бөлімшелерінің материал­дық-техникалық жарақ­тан­дырылуының жеткіліксіздігі.

Отырыста депутаттар алдында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғынбаев баяндама жасап, ішкі істер саласындағы реформалар туралы айтты.

Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, елдегі қылмыс­тық ахуал тұрақты. Кісі өлтіру, ден­саулыққа ауыр зиян келтіру, тонау, ұрлық, бұзақылық, зорлау фактілері азайған. Көшелерде және қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстар азайған. Бұрын сотталғандар, кәмелетке тол­ма­ған­дар қылмысы да саябыр­сы­ған. Мас күйінде, сондай-ақ қару қолдану арқылы жасала­тын қылмыстар төмендеді.

«Қыл­мыс­тың ашылуы жақсарды. Мұн­­дай жағдай 3 жыл бойы сақ­­та­лып отыр. Әлемдік пандемия по­лиция жұмысына өзгеріс ен­гіз­ді. Індет кезінде полиция қыз­­мет­керлері дәрігерлермен бір­ге күндіз-түні, уақытпен санас­пай жұмыс істеді. Күніне 12 мың қыз­меткер жұмысқа шық­ты. Ка­ран­­тин жарияланғанда 50 мың қызметкерге дейін жұмыл­ды­рыл­ды. Олар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етті. 445 блок-постты күзетті. Ауру тараған 700 аймақты қоршауға алды. Мейрамхана­лар мен ойын-сауық ошақтары­­ның жұмысын бақылады. Тіке­лей міндеттен бөлек осындай жа­уапты жұмыстармен айналыс­ты. Өкінішке қарай, пандемия­дан 34 қызметкер қайтыс болды. 19 612 қызметкер аурудан жазылып шықты. Қазіргі таңда полиция қызметкерлерінің 98 па­йызы вакцина салдырды», деді Е.Тұрғымбаев.

Министрдің айтуынша, ин­тер­нет-алаяқтық 2 есе артты. Бұ­ған цифрлы технологияның дамуы себеп. Киберқылмысқа қар­сы нақты шаралар қолға алына бастаған. Бір қиындығы, мұндай қылмыстар көбіне шетелден жасалады. Сондықтан министрлік бастамасымен осы мәселе қазан айында өткен Тәуелсіз Мем­ле­кеттер Достастығының Ішкі істер министрлері кеңесінің отырысында қаралды.

«Ішкі істер органдарын реформалау бойынша жүргізіліп жатқан жұмысты ерекше атап өткім келеді. 2019 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 3 жылға арналған Жол картасы қабылданды. Бұл  бойынша нақты нәтиже бар. 106 артық басқару буыны және шамамен 1,5 мың басшылық лауазым жойылды. Штат саны 11 па­йыз­ға қысқартылды. Бұл 10 000 қыз­меткер. Нәтижесінде, полиция қызметкерлерінің саны бойынша 100 мың тұрғынға шаққандағы деңгей 372-ні құрайды», деді министр.

Сондай-ақ ведомстволық білім саласына реформа жүргізі­ліп, 12 оқу орнының 6-уы қыс­қарған. Бүгінде полиция қыз­мет­керлерін 3 академия, Ақтөбе институты және Шым­кент пен Павлодардағы оқу орталық­тары даярлайды.

«Қызмет­кер­лердің әлеуметтік-материал­дық жағдайын көтеру бойынша шаралар қабылданып жатыр. Бүгінде полиция қызмет­кер­лерінің жалақысы құқық қорғау органдары арасында өте төмен. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылдан бастап ке­зең-кезеңмен жалақы көтері­ліп келеді. 2023 жылға де­йін 50-ден 90 пайызға дейін өсіру көздел­ген. Осылайша, сержант­тың жалақы­сы 81 мыңнан 140 мың тең­­геге дейін, лейтенанттың жал­ақы­сы 103 мыңнан 174 мың теңгеге дейін артады», деді Е.Тұрғымбаев.

Министрдің айтуынша, қыз­мет­керлердің әлеуметтік кепіл­діктері жақсара түскен. Енді олардың әскерилер сияқты баспана алуға мүмкіндігі бар. Тұрғын үй төлемдері банк арқылы жеке бас­панасына жұмсалады. Осындай жеңілдікпен қызметкерлердің 72 пайызы қамтылған. Сонымен қатар қызметтік міндеттерін ат­қару кезінде қаза тапқан және жар­ақат алған қызметкерлердің от­басыларына тұрғын үй тө­лем­­дері сақталады.

«Барлық ай­мақ­та «Азаматтарға арналған қабыл­дау» бөлмелері ашылды. Онда халыққа консультативтік көмек көрсетіледі. Әлеуметтік желі­мен жұмыс күшейді. Фейсбук­те бар­лық басшылардың жеке ак­каунт­­тары ашылды. Азаматтарды қа­был­­дау тәртібі өзгерді. Енді бар­лық деңгейдегі басшы­лар аза­­мат­тарды апта сайын қабыл­дай­ды. Азаматтарға ыңғайлы болуы үшін бейнебайланыс арқылы қабылдау жүргізіледі.

Учаскелік инспекторлар КСК, ОСИ чаттарына қосылды. Тоқсан сайын «Жолдағы қабылдау» акциялары өткізіледі. Осы жылы 18 мың азаматқа кеңес берілді, 25 мың арыз қаралды. Азаматтар көбіне полиция жұмысын жақсар­ту, жол қозғалысы, тіркеу, құжат­тар­ды алу мәселесіне қатыс­ты өтін­іш білдірген. Аймақ бас­шы­лары мен учаскелік инс­пекторлар тұрғындар алдын­да тоқсан сайын есеп береді. Ха­лық­қа үздіксіз ақпарат беру үшін ведомстволық «Полиция.кз» сайты мен телестудия іске қо­сыл­ды. Брифингтер апта сайын өткізіледі. Нәтижесінде, сыни ақ­па­раттар соңғы 2 жылда 3 есе қыс­қарды», деді Е.Тұрғымбаев.

Ведомство басшысы соттал­ған­дардың құқығын қорғау мәсе­лесіне тоқталды. Оның айтуын­ша, бұл мәселе ерекше ба­қы­лауда. Заңсыз заттарды аны­қ­тауға бағытталған тексеру тәртібі өзгерген. Енді мұндай тексерулер адам құқықтарын қорғау ұйымдарының, прокурорлардың қатысуымен және бейнекамераға түсіру арқылы жүзеге асырылады.

«Туыстарымен қарым-қатынаста болуы үшін бейнебайланыстар ұйымдастырылып жатыр. Бұл тәжірибе карантин кезінде өте тиімді болды. Сотталғандар тікелей арыз беруі үшін 121 электронды терминал орнатылды. Нәтижесінде, мекеме басшылығына қатысты жолданатын арыз-шағымдар 74 пайызға қысқарды. Қоғамдық ұйымдармен, адам құқықтары жөнін­дегі уәкілмен тығыз қа­рым-қатынас орнатылды. Осы жылы шілде айында Халық­ара­лық форум өткізілді. Халық­ара­лық сарапшылар мен еліміз­дегі дипломатиялық миссия өкілдері жақсы баға берді», деді Е.Тұрғымбаев.

Министрдің сөзіне сүйенсек, сотталғандардың құқығын қор­ғауға байланысты заңға түзе­ту­лер енгізу жоспарланып отыр. Ауыр науқастарға жаза мерзімін кейінге қалдыру, қатты ауруына байланысты босату туралы сот шешімін тез орындау мәселесі көзделмек. Сондай-ақ сотталғандарды басқа мекемеге ауыстырғанда прокурорларға хабарлама жіберу, оларды емдеу орталықтарын Денсаулық сақтау министрлігіне беру және басқа өзгерістер қарастырылмақ.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ішкі істер министрлігі «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты рақым­шылық жасау туралы» заң жобасын әзірледі. Оның мақсаты – онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін жазадан босату, кейбір ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазаның мерзі­мін қысқарту. Рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толма­ған­дарға, жасы үлкендерге, 1-ші және 2-ші топтағы мүге­дек­терге, сондай-ақ қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолда­нылады. Заң жобасы мемлекеттік орган өкілдерімен, қоғам қайрат­кер­лерімен және сарапшылармен бір­ге талқыланды. Елімізде 64 ме­ке­ме мен 16 тергеу изоляторында 34 мың адам бар. Оның ішінде 30 мың азаматқа сот үкімі шық­қан. Қалған 4 мың адам тергеу мен қамауда. 93 пайызы ауыр жә­не аса ауыр қылмыс жасағаны үшін қамауда отыр. 45 пайызы бірн­еше рет сотталған», деді министр.

Сонымен қатар 32 мың адам пробациялық бақылауда тұр. Жоба бойынша 2 236 сотталу­шыға, 11 310 пробацияда тұрған адамға рақымшылық жасалады. Нәтижесінде, 1 мың адам қамаудан шығады. 3 818 адам пробациялық бақылаудан босатылады. 1 294 сотталушыға, 7 492 пробацияда тұрған адамға жаза мерзімі қысқартылады. Сотқа дейінгі тергеудегі 5 мың іс қысқарады. Қылмыстық кодекс­тің 78-бабына сәйкес, аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға рақым­шылық қарастырылмаған.

«Пробациялық бақылауды дамыту үшін электронды білезік­­тер енгізіліп жатыр. Бірін­ші кезекте 2022 жылғы 1 қаң­та­р­дан бастап педофилдерге қа­тыс­ты қолданылады. Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы нақты іс-шаралар қабылданды. Жем­қорлықты жою үшін азаматтармен тікелей байланыс азайды. Көлік жүргізу куәлігін беру және емтихан қабылдау функциялары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына берілді. Тіркеу-емти­хан орталықтары жойылды. Полиция қызметкерлері көлік құралдарының криминалдық тарихын ғана тексереді. Қазақстанда 30 тәулікке дейін болатын шетел азаматтарын тіркеу тоқтатылды. Электронды визалар енгізіл­ді. Тікелей халықаралық әуежай­ларға кіру визаларын беру ұйым­дастырылды. Көші-қон сала­сындағы кейбір функция­лар Еңбек және әлеуметтік қор­ғау министрлігіне берілді. Қала сыр­тындағы «Шеп» стационарлық бекеттер саны қысқарды. Олар тек шекаралас аудандарда қалды. Жол қозғалысын қадағалау арнайы бақылау жүйелері арқылы байланыссыз әдіспен жүзеге асырылады. Барлық патрульдік қызметкерлер бейнетіркегішпен жабдықталған. Полицияның қызметтік бөлмелерінде және пенитенциарлық мекемелерде жаппай бейнебақылау енгізіліп жатыр», деді Е.Тұрғымбаев.

Министрдің келтірген дерек­теріне сүйенсек, кейінгі 3 жылда сыбайлас жемқорлық қылмыс­тарының саны 43 пайыз­ға қысқарған. Мұндай қылмыс­тардың 75 пайызы өзіндік қауіп­сіздік бөліністерімен анықталды. 146 басшы жазаға тартылды. Оның 42-сі қызметтен босатылды, 7-еуі жұмыстан шығарылған.

Жиын барысында көтерілген мәселелер бойынша депутаттар бірқатар сұрақтар қойып, пікір­л­ерін білдірді. Үкімет саға­тында талқыланған мәсе­лелер бойынша депутаттар тиісті ұсынымдар қабылдайды.