16-21 қараша күндері Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы – Абу Дабиде каратэден (WKF) әлем чемпионаты өтеді. Оған 117 мемлекеттен келген 1 мыңнан аса спортшы қатысады.
Төрткүл дүниенің ең мықты каратэшілері бас қосатын байрақты бәсекеде Қазақстанның 10 спортшысы сайысқа түседі. Солардың арасынан Софья Берульцева мен Қайсар Алпысбайды бөле-жара атап өтуге болады. +68 кг салмақтағы Софья небәрі 20 жаста. Соған қарамастан ол биыл Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарында қола медальды иеленіп, барша жанкүйердің қошеметіне бөленді. 60 кг салмақтағы Қайсар Алпысбай да бірқатар биік белесті бағындырды. Биылғы жылдың басында қандасымыз Чилидің астанасы – Сантьягода өткен «Премьер-лига» додасында бас жүлдені олжалады.
Жоғарыда есімдері аталған екі саңлақпен қатар, Абу-Дабидегі жарыста Мөлдір Жетібай (50 кг), Сабина Захарова (55 кг), Николь Ценгель (61 кг), Әсел Қанай (68 кг), Дидар Әмірәлі (67 кг), Нұрқанат Әжіқанов (75 кг), Игорь Чехмарев (84 кг) және Данияр Юлдашев (+84 кг) күш сынасады.