Словенияның Лашко қаласында үстел теннисінен WTT Contender сериясына жататын ірі халықаралық турнир аяқталды.
Қазақстанның бірінші ракеткасы, ITTF рейтингінде 46-сатыға жайғасқан Кирилл Герасименко аталған жарыста табысты өнер көрсетті. Бастапқы бәсекелерде мажарстандық Бенц Майрош, жапониялық Хирото Шинозука және ұлыбританиялық Пол Дринкхолдан басым түскен ол жартылай финалда қытайлық Лю Диншоны қапы қалдырды. Финалда жерлесіміздің жолы әлемдік рейтингте 12-орында тұрған әлем біріншілігінің қола жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы Лян Цзинкуньмен қиысты. Бұл тартыс 4:0 есебімен Қытай өкілінің пайдасына шешілді. Біздің Кирилл Словения сапарын күміс медальмен аяқтады.