• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Қараша, 2021

Ақтөбе әуежайы сенімгерлік басқаруға беріледі

253 рет
көрсетілді

Әлия Молдағұлова атындағы Ақтөбе халықаралық әуежайы үш жылға сенімгерлік басқаруға беріледі. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаров айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әлия Молдағұлова атындағы Ақтөбе халықаралық әуежайын жекешелендіру және бағалау сараптамасының қорытындысы өңірлік коммуникациялар қызметінде айтылды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаровтың мәліметіне сүйенсек, әуежай құнын бағалау кезінде ешқандай қателік кетпеген.

«Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес биыл әуежайды сенімгерлік басқаруға беруді жоспарлап отырмыз. Тәуелсіз бағалаушылар жұмыс жүргізді. Алғашқы келісімшарт биыл наурыз айында жасалып, әуежай құны 7,3 млрд теңге деп бағаланды. Стратегиялық нысан екенін білеміз. Сондықтан әкімдікпен қатар әуежай да бағалау жүргізді. Екінші бағалауда 6,8 млрд теңгеге есептелді. Сөйтіп 7,3 млрд теңге болып бекітіліп, үш жылға сенімгерлік басқаруға беру туралы шешімді комиссия қабылдады. Осы уақыт аралығында инвестордың жұмысы бағамдалады. Егер жұмысты жүргізе алмаса, кері қайтарып алу қарастырылған»,  деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаров.

Айтып өтейік, Ақтөбе әуежайының құнына күмән келтірген депутаттар ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтан әуежайды бағалау құнын қайта тексеруді сұрады. Сөйтіп бағалау қорытындысына сараптама жүргізілді. 27-қыркүйек күні жұмыс басталып, 21-қазанда қорындынды шығарылды. Бағалау құнында ешқандай қателік кетпеген.

«Енді арнайы комиссия отырысы өтіп, кейін ғана тендер жарияланады. Қазір сату емес, үш жылға сенімгерлік басқаруға беру маңызды. Қазір «сатып аламын» деген нақты инвестор жоқ. Барлық инвесторды осы сатылымға қатысуға шақырамын. Келесі аптада ресми хабарландыру берілмек», деді Р.Хамбаров.

Оның айтуынша, бағалаушының өзі келмесе де өкілі әуежайды фото, видеоға түсіріп алған. Бұл заң талаптарына қайшы іс емес. Әрі сенімгерлік басқаруға алатын компанияға бірқатар талап қойылады. Руслан Хамбаров қарапайы адамдар үшін билет бағасы көтерілмейді деген сенімде.

Айта кетейік, биыл Ақтөбеде 12 нысанды жекешелендіру жоспарланған. Көбі жылу, суға жауапты коммуналдық мекеме.