Бензин бағасы неге көтеріледі? Мұнайдың үстінде отырып мұндайға неге жол береміз? Жанар-жағармай қымбаттаған сайын көпшілікті толғандырған осы бір сауалдарға жауап іздеп көргенді жөн санадық.
Елімізде бензин бағасының кезекті рет көтерілгені белгілі. Қоғам тағы да дүрлікті. Сарапшылардың пікірінше, бұған иіні қатты инфляция әсер етіп отыр. Енді бірі баға белгілеу құрылымындағы жағдай осыған жол ашты деп санайды. Тағы бір топ «бензин бағасының шарықтауы – жанар-жағармай стансаларының кезекті айла-шарғысы» деген пікірді алға тартады. Жасыратыны жоқ, жанар-жағармай стансаларындағы бензин бағасы 2021 жылдың наурыз айынан бері өсіп келеді. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында АИ-92 бензинінің бір литрі 150 теңгеден 180 теңгеге дейін көтерілді. Әсіресе соңғы апталарда баға 3-8 теңгеге өскен.
Отандық мұнай өңдеу зауыттары қайта жаңғыртудан өткені белгілі. Осылайша, 2018 жылдан бастап зауыттар ішкі нарықты толықтай қамтитын деңгейге жетті. Тіпті, экспорттық өнім көлемін де айтарлықтай ұлғайтты. FinReview.info сарапшыларының пікірінше, енді отандық зауыттар бензинді ішкі нарықтың қажеттілігінен 24 пайызға артық өндіре алады. Ал бензин тапшылығы жуық арада тіркелмейді деген болжам бар. Дефицит кем дегенде 2032 жылы орын алады деп күтілуде. Әлбетте, бұл еліміздің мұнай-газ секторы үшін маңызды. Өйткені, қымбат бензиннің импорты 32 есе қысқарып отыр. Қарапайым қисынға салсаңыз, мұндай жағдайда біздің ел ішкі нарықтағы бензин бағасын өздігінен реттеп, халықты арзан өніммен қамтамасыз етуі керек. Бірақ шынайы жағдай мүлде басқаша.
Соңғы үш жылда мұнай бағасы айтарлықтай өзгерді. Бензин бағасы да бір орында тұрған жоқ. Әсіресе, 2017 жылдың қазаны мен 2021 жылдың сәуірінде бағаның күрт көтерілгені есімізде. Ал қалған уақытта біртіндеп көтерілумен болды. Демек мұнайдың құны бензиннің бағасына анау айтқандай қатты әсер етпейді. Өйткені мұнай өндіруші компаниялар ішкі нарыққа мұнайдың 20-50 пайызын өзіндік құны бойынша, яғни бір баррелін 25-30 доллар шегінде жеткізеді. Бензиннің бөлшек саудадағы құны зауыттан жанар-жанармай құю стансасына дейінгі барлық шығынды қоса есептегенде, мұнай өңдеу зауытындағы көтерме бағаның негізінде қалыптасады. Яғни баға бензиннің мұнай базасында сақталуын, операциялық шығыстарды, салықтарды, банктік қызмет көрсетуді, қосылған құн салығын, еңбекақыны, алыс-беріс маржасын қоса есептеудің нәтижесінде қалыптасады. Ал баға белгілеудегі мұнайдың үлесі 11-14 пайыздан аспайды. Ал жанар-жағармай құю стансаларының таза табысы әр литріне 1-3 теңгеден айналады. Демек стансалар ішкі нарықтағы сұраныстың жоғарылығынан ғана табысқа кенеледі.
Бензин бағасына тікелей әсер ететін фактор бірнешеу. Біріншіден, бензин ETS тауар биржасында сатылады. Әуелде елде өндірілетін бензиннің шамамен 10 пайызы биржа арқылы сатылса, кейін оның көлемі 15-20 пайызға дейін ұлғайтылды. Деректерге сүйенсек, тауар биржасы арқылы АИ-92 және АИ-95 маркалы 499 мың тонна бензин сатылған. Сауда-саттық нәтижесінде баға индикаторлары қалыптасатыны белгілі. Алғашқы сауда-саттық 2021 жылғы наурызда басталды. Содан бері оның бағасы 24 пайызға өскен.
Доллар бағамы да бензин бағасына тікелей әсер етеді. Бұл – екінші фактор. Мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту үшін шетел валютасымен қарыз тартылғаны белгілі. Енді мына бір қызықты қараңыз. Егер доллар өссе, онда зауыттардың міндеттемелері де көбейеді. Осылайша, бензин бағасы да өседі. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, өндірістік қуатты арттыру үшін негізгі капиталға тартылған инвестиция 6,4 млрд теңге көлеміндегі қарыздан тұрады. Ал доллар бағамы наурыз айынан бері 417 теңгеден 429 теңгеге дейін өсті.
Аңғарған болсаңыздар, біздің елде бензин нарығындағы тапшылық мұнай өңдеу зауыттарының бірі күрделі жөндеу жұмыстарына жабылған кезде ғана орын алады. Демек бұл да бензин бағасына әсер ететін факторға жатады. Мәселен, Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстары электр энергиясын жеткізудегі іркілістерден кейін басталды. Осының салдарынан кейбір технологиялық қондырғылар апаттық жағдайда жұмысын тоқтатты. Осы жылғы қаңтар айының өзінде зауыт 20 реттен астам істен шығып, қайта қосылған. Электр энергиясы жетпейтіндіктен осындай жағдай орын алған. Ал оның салдары тіпті жаман. Жабдықтар технологиялық тұрғыдан істен шығады. Мұнай өңдеу көлемі төмендейді. Өнім жеткілікті көлемде шығарылмайды. Ең жаманы, зауыт жоспарсыз уақытта жөндеуге жабылады. Өндірісті жоспардан тыс тоқтату салдарынан Батыс Қазақстан облысында отын қорының тапшылығы туындады. Ел іші содан дүрлікті. Баға да «бағынбай» кетті. Ішкі нарықтағы жүктемені азайту үшін Павлодар және Шымкент зауыттарындағы жоспарлы күрделі жөндеу жұмыстарының мерзімі кейінге шегерілді. Түптеп келгенде, осының бәрі тұтас процесті жүрісінен жаңылдырады.
Бензин бағасындағы басты фактордың бірі – сұраныс пен ұсыныстың ара қатынасы. 2015 жылға дейін бензин бағасы мемлекет тарапынан реттеліп келді. Бастапқыда әкімшілік бақылау шаралары сату бағасын тікелей белгілеп беріп отырды. Бірақ 2011 жылдан бастап олар рұқсат етілген шекті бағаны анықтаумен ғана шектелді. Өткен онжылдықтың ортасынан бастап бұл шаралар жойылып, нарық еркін айналымға көшті. Яғни түпкілікті баға қазір сұраныс пен ұсыныстың көлеміне байланысты қалыптасады. Мемлекет бұдан былай бұл процеске араласпайды және бензин саудасына субсидия бермейді. Дегенмен, мемлекет баға өсімін тежейтін кейбір шектеу шараларын өзінде қалдырды. Мысалы, мұнай өндеу зауытындағы мұнай бұрынғыдай нарықтық бағамен емес, өзіндік құны бойынша жеткізіледі.
Бензин – әлеуметтік маңызы бар тауар. Сондықтан оның қымбаттауы басқа да тауарлар мен қызметтер бағасының өсуіне жол ашады. Яғни инфляцияның өсуіне, халықтың тұтыну қабілетінің төмендеуіне алып келеді. Айналып келгенде осының бәрі ұлттық экономикаға соққы болып тиеді. Сондықтан мұнай өңдеу зауыттарының жүктемесін азайту – мемлекет үшін стратегиялық міндет. Бірінші кезекте зауыттардың басындағы кредитті азайту маңызды. Бұған инвестициялық қаражат тарту есебінен қол жеткізуге болады. Ол үшін халықаралық қаржылық байланыстарды реттеу керек. Бірінші кезекте Астана халықаралық қаржы орталығының мүмкіндігін тиімді пайдалану қажет. 2021 жылғы 1 маусымдағы жағдайға сәйкес, қаржы орталығының қатысушылары қаржы технологиялары, құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі салаларын дамытуға 1,6 млрд доллар көлемінде инвестиция салған. Сондықтан халықаралық қаржы орталығының мүмкіндігін мұнай-газ секторында да кеңінен пайдаланған абзал.