С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Кітапхана - өңірдің мәдени саласын жаңғырту жолында» атты халықаралық форум өтті. Жиынға Мәскеу, Новосібір, Барнаул, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағының және жергілікті өңірдің кітапханашылары қатысты. Онлайн форматында өткен жиын Тәуелсіздіктің 30 жылдығына, облыстық кітапхананың 125 жылдығына арналды.
Ал кітапхана директоры Шолпан Шахметованың айтуынша, халықаралық маңыздағы рухани шара өткізудегі мақсат – еліміздегі кітапхана саласына деген жаңаша көзқарасқа сай өңірдегі кітапхана қызметін заман өзгерісіне бейімдеу. Яғни жаңаша бейімделу барысын, ауыл-қала кітапханаларындағы өзгерістерді басқа да әріптестерімізбен бөлісіп, өзге елдердің үлгілі үрдістерін үйреніп, тәжірибе алмасу.
Өйткені кітапханашыларды да толғандырған мәселелерді ортаға салу, бірлесіп талқылау қажет-ақ. Бүгінде кітапханалар жұмысын жаңғырту, бірыңғай кітапхана қауымдастығына бірігу, электронды кітапхана қорын толықтыру мақсатында цифрландыруды енгізуге байланысты мәселелер жеткілікті.
Сонымен қатар қазір кітапханашы мамандығының уақыты кетіп қалғандай, мысалы, кітапханашылардың орта жасы 40-50-ден асқан. Жастарды кітапханаға тарту қажеттілгі де бар.
Бүгінде елімізде «Мәдениет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, кітапхана ісінің арнайы тұжырымдамасы да әзірленді. Осы құжатта кітапханаға қатысты барлық мәселе қамтылған. Сала қалай дамиды, стратегиясы, маңызы мен міндеттері осы құжатқа енгізілген.
– Заманауи кітапханалардың талаптары заман ағымына қарай өзгеріп келеді, сондықтан да кітапхана кітап қоры ретінде ғана емес, әлеуметтік сипаты басым рухани орталық ретінде қызмет көрсетуі қажет. Қазір облыстық кітапханада Web-РАБИС бағдарламасының 5 модулі де, яғни «Кітап қорын толықтыру», «Каталогизатор», «Іздеу және тапсырыс беру», «Кітап беру» және «Оқырмандарды тіркеу» жүйелері көпшілікке қызмет көрсетуде. Өлкетану жайындағы әдебиеттерді сандық жүйеге келтіріп, сирек және бағалы кітаптардың электронды коллекциялары дайындалды, – дейді кітапхана директоры.
Сонымен бірге интернет жүйесін пайдаланып, бейнеконференциялар, онлайн режімінде вебинарлар өткізу дәстүрге айналуда. Республика және елден тыс жерде өтетін шараларға қашықтан қатысу арқылы оқырмандарға керекті ақпараттар алынуда.
Ал Л.Толстой атындағы Қостанай облыстық кітапханасының ғылыми хатшысы Шолпан Сандыбаеваның айуынша, негізгі мақсат – тәжірибе алмасу. Қазіргі таңда кітапханаларға жүктелген жұмыс өте ауқымды. Кітапхана жұмысын заманауи тұрғыда жан-жақты жетілдіру, кітапханашылардың біліктілігін арттыру – заман талабы. Сондықтан цифрландыру қоғамында өмір сүріп отырғандықтан, кітапханалар қауымдастығының бірігіп жұмыс істеуі маңызды. Әрбір өңір өзіндік ерекшеліктерін, құндылықтарын сандық нұсқаға аударуы керек, ұлы есімдерді анықтауда сандық жүйенің артықшылықтарын пайдалануымыз қажет.
Жиында кітапхана қызметін жетілдіруде заманауи технологиялардың әлеуеті, кәсіби сканерлердің жеткілікті болуы, ұялы телефондар арқылы кітапхана қызметін пайдалану тетіктерін жетілдірудің, яғни онлайн кітапханаларды дамыту жайлары айтылды. Әсіресе, балаларға қажетті кітаптардың жеткілікті болуы, аударма кітаптардың ауыл, қалаға жетуі, сапалы болуы қажет.
Мәскеудегі Еуразия кітапханалар қауымдастығының бас директоры М.Нерюева, Моңғолия елінен Ақтан Бәбиұлы атындағы Баян-Өлгей орталық кітапханасының директоры Алтынгүл Дәлелқызы, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры Ү.Мұңалбаева, Алматыдағы ұлттық кітапхана бас директоры Б.Оспанова, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Самал Бегалинова, Новосібір, Омбы, Барнаул қалаларындағы орталық кітапхана басшылары сөз сөйлеп, екі елге ортақ жалпы кітапхана қызметіндегі мәселелерге тоқталды.
Қазір облыс бойынша 231 кітапхана болса, оның 201-і ауылдарда. Орталық кітапхананың 23 мыңнан астам оқырманы бар. Кітапхана қызметін жаңа заманға сай жаңарту жолына түсіруді ауылдардан бастау қажеттігі де түсінікті.
Жергілікті тұрғындарға кітапхана қызметі толық қолжетімді, тиімді болу барысында «Кітапханатерапия» жобасы іске асты. Бұл жобаның негізгі мақсаты – кітапты әр оқырманға жеткізу. Қызметтің қолжетімділігі артады, сұраныстарды уақытында және жедел орындау мүмкіндігі туады, ақпараттылығы және мазмұнының тереңдігі артады деген сенім бар.
Жастарға арналған ZhaStar жобасы шеңберінде кітапхана барлық топтағы жасты біріктіріп, олардың әр саладағы, өнердегі, ғылым және бизнестегі жетістіктерін көрсетуде. Қазіргі кітапханалар түбегейлі өзгерістерге бейімделуде. Ақпараттық заман кітапханаға да жаңа міндеттер мен мақсаттар жүктеуде.
– С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана үлкен маңызға ие тарихи орын. Біз әр өңірдегі кітапханалардың жұмыс сапасын арттыру арқылы мәдениетті, тәрбиелі, білімді азаматтар тәрбиелеуге үн қосамыз. Шолпан Баянқызы басқарып отырған облыстың бас кітапханасы жақсы қызмет істеуде, – деді Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры Үмітхан Мұңалбаева.
Халықаралық форум барысында қатысушылар шеберлік сағаттарына, тренингтерге, әдеби кездесулерге, әртүрлі бағытта ұйымдастырылатын секцияларға қатысуға мүмкіндік алды.
Павлодар облысы