Осыдан дәл 20 жыл бұрын, яғни 2001 жылдың 11 қарашасында Буэнос-Айрестегі «Бомбонера» стадионында атақты аргентиналық футболшы Диего Марадона қоштасу матчын өткізді.
Аты аңызға айналған аяқдоп шебері 41 жасында үлкен спортпен қош айтысты. 1976-1997 жылдар аралығында әлемдегі ең атақты командалардың сапында өнер көрсеткен Марадона Италияның «Наполи» клубында жасындай жарқылдап, ортаңқол команданы Еуропа грандтарының біріне айналдырды. Ұзақ уақыт бойы Аргентина құрамасын да өрге сүйреп, әлем чемпионы және сол жарыстың күміс жүлдегері атануына өлшеусіз үлес қосты. 1986 жылы Мексикада өткен дүниежүзілік доп додасының қорытындысы бойынша ең үздік футболшыға тиесілі арнайы сыйлықты иеленді. Диегоның одан да басқа толып жатқан атақтары жетерлік. Оның барлығын тізбектеп шығудың өзі оңай шаруа емес.
Диего Марадонаның қоштасу матчын көру үшін «Бомбонераға» сол күні 50 мыңнан аса көрермен жиналды. Стадионға сыймай қалғандары қаншама. Ал теледидар арқылы тамашалаған жанкүйерлердің саны миллиондап саналады. Кіл жұлдыздардың басын қосқан бәсекеде Аргентина футболшылары әлем құрамасын 6:3 есебімен ұтты.