Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы шыққан соң «Ashyq» жүйесінде «көк» мәртебеге ие адамдардың ойын-сауық орталығына кіруіне тыйым салынады. Бұл туралы қала әкімдігінде айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазір Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік бас санитар дәрігерінің қаулысын күтіп отырмыз. Қаулы күшіне енген соң елордада «Ashyq» жүйесінде «көк» мәртебеге ие адамдар ойын-сауық орталықтарына кіруіне тыйым салынады. Яғни жұмыс және демалыс күндері СОО-ға тек қана «жасыл» мәртебесі бар тұрғындар кіре алады», деді елорда әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Ақмарал Олжабаева.
Оның айтуынша, бас мемлекеттік санитар дәрігердің жаңа қаулысы шығам дегенше «Көк» мәртебеге ие адамдар ойын-сауық орталықтарына кіре алады.
Тағы бір ескеретін жайт, аталған шектеу тек қана ойын-сауық орталықтарына қатысты, яғни сауда үйі, сауда орталығы және базарлардың қызметіне қатысы жоқ.