Әлем көз тіккен EXPO-2017 көрмесінің құрылысы Астанада сәуір айында басталады. Бұл туралы «Қазақстан» телеарнасы хабарлады.
EXPO нысанының жалпы аумағы - 173,4 гектар. Бұл аумақта 24 000 шаршы метрді құрайтын көпқабатты үйлер салынады. Ал 148 гектар жерге әлеуметтiк-мәдени, бiлiм және ғылым, денсаулық сақтау нысандары, сауда және ойын-сауық орталықтары мен саябақтар бой көтереді. Тағы бір атап өтеріміз, үш айға созылатын көрмеге 5 млн.-ға жуық саяхатшы келеді деп күтілуде. Ал келер жылы бас шаһарда ұзындығы 21,5 шақырым жылу магистралі тартылады. Ол қаланың солтүстік-батысын, оңтүстік-батысын және EXPO-2017 алаңын жылумен қамтамасыз ететін болады.
Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері ғылымдағы озық жаңалықтарын ұсынатын осы шараның маңызы орасан. Нақтырақ айтқанда, баламалы қуат көздерін тиімді пайдалану мәселесі басты тақырып болғалы отыр. Оның маңызы туралы осының алдында Астанада «Болашақ энергиясы. Ғаламшардың тұрақты дамуы» атты халықаралық симпозиум өткізілді. Осы жиынға 160 елдің 150-ге жуық делегаттары қатысты. Сонда бірқатар мамандар энергетика саласының қуаттылығын арттыру баламалы қуат көздерімен тікелей байланысты екенін жоққа шығармады. Ендеше, алдағы уақытта өткізілетін бұл жиынның Астанада өткізілуінің өзіндік мәні бар.
Әмірхан Алмағанбетов.
Дереккөз: «Қазақстан» телеарнасы.
Фото: «Қазақстан» телеарнасы.