Нұр-Сұлтан қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионды қайта жаңартуға қанша қаражат жұмсалатыны белгілі болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«2022-2024 жылдары елордада спорт нысандарын дамытуға 529,8 млн теңге қаржы бөлу қарастырылып отыр. Оның ішінде 2022 жылы 29,8 млн теңге бөлінбек. Бұл қаражат Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионның құрылыс жобасына жұмсалады. Жалпы орталық стадионға күрделі жөндеу жүргізу мәселесі бұрыннан қозғалып келе жатыр. Күрделі жөндеудің жоспары жасала бастаған кезде жобалаушылар аталған нысанның апатты жағдайда екенін айтты. Осыдан ақылдаса келе, стадионды жөндеумен қатар қайта жаңарту керек деген шешім қабылданды.
Бүгінде орталық стадион техникалық тексеруден өтті. Енді төтенше жағдайлар сараптамасының қорытындысын күтіп отырмыз», деді Нұр-Сұлтан қаласы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев елорда мәслихатының тұрақты комиссиясы отырысында.