Елімізде мемлекет-жекеменшік әріптестік жүйесі бес жылдан бері табысты іске асырылып келеді. Аталған жүйенің тетіктерін пайдалану кеңінен таралуда әрі ол экономиканың барлық саласын қамтуда. Осы уақыт ішінде мемлекет пен бизнестің тандемі көптеген әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асырғанына да куәміз.
Қазақстандық мемлекет-жекеменшік әріптестік орталығының басқарма төрағасы Ержан Сәрсенбайдың айтуынша, орталыққа жүктелген маңызды функцияның бірі – бюджеттік инвестициялар мен мемлекет-жекеменшік әріптестік жобаларына сараптама жүргізу. Сараптама дегеніміз – кешенді бағалау. Ол барынша жоғары әлеуметтік немесе экономикалық нәтиже алу үшін ұсынылатын инвестициялық жобалардың тиімділігін айқындайды. Мәселен, осы жылдың 9 айында орталық құны 3,2 трлн теңге болатын 34 жобаға сараптама жүргізген. Оның нәтижесі бойынша жалпы сома 3,2 трлн теңгеден 738 млрд теңгеге дейін азайтылған. Осылайша, бюджетке түсетін жүктеме 76 пайызға дейін төмендепті.
– Орталық 2018 жылы 98 жобаны, 2019 жылы 151 жобаны, 2020 жылы 77 жобаны қарады. Былтырдан бастап жобалар саны азайды. Бұл коронавирустың таралуын тежеу үшін қабылданған карантиндік шаралармен байланысты. Орталық биылғы тоғыз айда ең алдымен халыққа әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан тиімді жобаларды мақұлдады. Олардың арасында бірқатар маңызды жобалар бар. Мәселен, алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздарын беру үшін «Отбасы банкке» бюджеттік кредит беру жобасы мақұлданды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен бюджеттік кредит есебінен 30 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Осының нәтижесінде 9 373 азамат тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік алмақ.
Жобаның енді бірі агросекторды қолдауға қатысты. 2022 жылға арналған агроөнеркәсіп субъектілерін қолдау үшін «Аграрлық несие корпорациясына» кредит беру бюджеттік бағдарламасы қолдау тапты. Келер жылы бюджеттік несие есебінен 70 млрд теңгеге 2 400 агроөнеркәсіп субъектісі мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіні қолдау көзделген. Оның 387-сі жаңа қарыз алушы болмақ. Бұл өсімдік шаруашылығындағы кредиттік ресурстарға қажеттілікті қанағаттандыруға және еліміздегі егіс алқаптарының 3 млн гектарын қамтуға мүмкіндік береді. Қарыз алушы үшін несиелеудің шекті түпкілікті мөлшерлемесі 5 пайыздан аспайды, – дейді Ержан Сәрсенбай.
Орталық басшысы биыл жүйеге қатысты бірқатар жаңашылдықтар енгізілгенін алға тартты. Мәселен, «Қайтарымды мемлекет-жекеменшік әріптестік» тетігі енгізілген. Онда инвестордың қажетті инфрақұрылымды құруға жұмсаған шығыны мемлекет-жекеменшік әріптестік арқылы өтеледі.
– Айталық, жеке тұлға зауыт салды делік. Енді оған инженерлік коммуникациялар жүргізу қажет. Енді жаңа нормаға сәйкес, жеке тұлғаның коммуникацияларды мемлекет-жекеменшік әріптестік шеңберінде жүргізуге мүмкіндігі бар және әрі қарай өз шығындарының өтемін ала алады. Сондай-ақ ол жұмыс орындарының санын көбейтуге міндетті. Бұл жеке тұлға үшін де, халық үшін де оң нәтиже береді. Бұдан бөлек, мемлекет-жекеменшік әріптестік жүйесіне қатысушы инвестор капиталының кем дегенде 20 пайызы қолда болуы керек. Жаңа талап бюджетке жүктемесін төмендету және жобаны іске асыру кезінде инвестордың жауапкершілігін арттыру мақсатында енгізілді. Сондай-ақ ендігі жерде жекеменшік әріптесті анықтау үшін аукциондық тәсіл қолданылмақ. Мысалы, мемлекеттік мекеменің пайдаланылмай жатқан бос алаңдары бар. Пайдаланылмаса да, мемлекет оларды күтіп-ұстауы керек. Демек бұған да қаржы жұмсалады. Енді жеке тұлға бос жатқан мұндай алаңдарды коммерциялық мақсатта пайдалана алады. Оны кәдеге жарататын инвестор аукцион арқылы анықталады, – деді орталықтың басқарма төрағасы.
Е.Сәрсенбайдың айтуынша, бюджет жүктемесін төмендету, сондай-ақ мемлекет-жекеменшік әріптестікті мемлекеттік сатып алулардан ажырату мақсатында нысанды пайдалану және инвестициялық шығындардың өтемақысын төлеу кезеңі кемінде 5 жылға ұлғайтылған. Бұрын үш жылдан басталатын.
– Біз жүргізген бағалау шеңберінде мемлекеттік сатып алуға қатысты жобалардың мемлекет-жекеменшік әріптестік тетігі бойынша іске асырылған жағдайлары анықталды. Кезеңнің қысқа мерзімділігі жеке серіктестер тез пайда көргісі келетін және жобаның өзін жүзеге асыруға қызығушылық танытпайтын жағдайларға алып келді. Сонымен қатар мемлекеттік міндеттемелердің ұлғаюына әкеліп соқтыратын мемлекет-жекеменшік әріптестік шарттарының талаптарын өзгертуге шектеу қойылды. Біз бағалау кезінде мемлекет-жекеменшік әріптестік шарттарының бір бағаға жасалғанын, ал кейін шарттың өзгерістерге ұшырағанын анықтадық. Яғни әуелде белгіленген сома ұлғайтылған, тиісінше бәсекелестік талаптары бұзылған әрі бюджеттік шығыстар көлемі өскен. Бұдан басқа да өзгерістер енгізілді. Тұтастай алғанда өзгерістердің барлығы жобалардың саннан сапаға көшуіне және бюджеттік жүктемені төмендетуге бағытталды, – деп нақтылады Е.Сәрсенбай.
Осы орайда Қазақстандық мемлекет-жекеменшік әріптестік орталығы жыл сайын бюджеттік инвестициялар мен мемлекет-жекеменшік әріптестік жобаларының іске асырылуына бағалау жүргізетінін атап өткен жөн. Былтыр жалпы құны 580 млрд теңге болатын 532 жоба бағаланған. Бұлар негізінен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жаңартуға және салуға арналған жобалар.
– Осылайша, 2 900 шақырым сумен жабдықтау желісі жаңартылып, салынды. 1 400 шақырым газбен жабдықтау желісі, 12,5 мың шақырым кәріз желісі жүргізілді. 246 шақырым жол қалпына келтірілді. Сондай-ақ 390 мың шаршы метр тұрғын үй ғимараты, 100 орындық онкологиялық емхана мен орталық аудандық аурухана және басқа да әлеуметтік маңызды нысандар салынды. Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде 8 мыңнан астам жұмыс орны сақталды әрі жаңадан құрылды. Бұл ретте Солтүстік Қазақстан (727 жұмыс орны), Жамбыл (675), Павлодар (394) облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында (488 жұмыс орны) ең көп жұмыс орындары құрылған, – деді орталықтың басқарма төрағасы.
Қазақстандық мемлекет-жекеменшік әріптестік орталығы басқарма төрағасының орынбасары Мұхамед Қабылдиновтың дерегінше, 2021 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша, елімізде 2 трлн теңгеден астам сомаға 818 мемлекет-жекеменшік әріптестік шарты жасалған. Оның 11-і – республикалық, қалғаны өңірлік деңгейде. 950 млрд теңге инвестиция тартылған.
– Мемлекет-жекеменшік әріптестік шарттарын тексеру кезінде мемлекеттік әріптестер жобаларды іске асыру кезінде жіберген бірқатар проблема анықталды. Қазіргі уақытта бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Ұлттық экономика министрлігі мен біздің орталық бірлесіп анықталған проблемаларды реттеуге күш салуда. Сондай-ақ мемлекет-жекеменшік әріптестік саласындағы заңнамаға толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізуде, – деді М.Қабылдинов.
Басқарма төрағасының орынбасары атап өткендей, мемлекет-жекеменшік әріптестік жобаларының көбінде теңгерімділік жоқ. Яғни жобаны іске асыру кезінде міндеттемелер, кепілдіктер, тәуекелдер мен кірістер мемлекеттік әріптес пен жеке меншік әріптес арасында өзара тиімді бөлінбеген. Жекеменшік әріптестің міндеттемелері салынған қаражат пен пайданы бюджеттік міндеттемелер есебінен 100 пайыз қайтаратын нысан құрумен ғана шектеледі. Ал бюджеттен тыс көздер есебінен жобалардың өзін өзі ақтауына қол жеткізу, сондай-ақ халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасына қатысты міндеттемелер қамтылмайды.
– Қазіргі уақытта мемлекет-жекеменшік әріптестік жобалары үш санатқа бөлінген. Бірінші санат – шығындарды 100 пайыз өтейтін жобалар. Екінші санат – шығындарды ішінара өтейтін жобалар. Үшінші санат – шығындарды өтемейтін жобалар. Үшінші санатты табысты жобалар деп санауға болады. 1 қазандағы жағдай бойынша іске асырылып жатқан жобалардың үштен бірі осы санатқа тиесілі. Яғни олар барлық өңірде таратылатын бюджеттің ағымдағы шығыстары, тарифтер және бюджеттен тыс көздер (ақылы қызметтер) есебінен өтеледі, – дейді М.Қабылдинов.