12-14 қараша күндері Өзбекстанның бас шаһары – Ташкентте самбодан әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Негізі бұл жарыс Мәскеуде ұйымдастырылуға тиіс еді. Алайда Спорттық арбитраждық соты (CAS) белгілі себептерге байланысты дүбірлі доданы Ресейдің астанасында өткізуге рұқсат бермеді. Сол сәтте өзбек ағайындарымыз алғырлық танытты. Олар төрткүл дүниенің ең таңдаулы балуандары бас қосатын жарысты өз елінде өткізуге бірден ниет білдірді. Халықаралық самбо федерациясы (FIAS) олардың бұл ұсынысын құптады.
Әлі есімізде, 2010 жылы Өзбекстан астанасында әлем чемпионаты дүркіреп өткен еді. Біз де сол жарыстың куәсі болдық. Дүбірлі додада Қазақстанның ерлер мен әйелдер құрамалары 2 алтын, 1 күміс және 5 қола медальды иеленіп, жалпыкомандалық есепте үшінші орынға тұрақтады. Жерлестеріміз тек Ресей мен Беларусьтен ғана қалып қойды. Ташкент төрінде Ерболат Байбатыров пен Азамат Мұқанов алтын алса, Әлия Жылқыбаева күміспен күптелді. Ал Арсен Хатип, Саят Шәмшиев, Линара Меңғазова, Әлмира Исатаева және Анар Сейтіметова қолаға жүлдеге иелік етті.
Содан бері 11 жыл өтті. Самбо күресінің академигі саналған атақты бапкер Керей Қойшыбектің тұсындағы сол табысымызды қайталауға қазір де жақсы мүмкіндік бар. Себебі бүгінгі таңда ұлттық құрама сапына іліккен жігіттер мен қыздардың арасында осалы жоқ. Барлығы да талай ірі дүрмекте ысылған сақа спортшылар. Ерлер арасында Нұрбол Серіков пен Болатбек Райымқұловқа ерекше сенім артылуда. Олардың екеуі де Батыс Қазақстан облысының түлектері. 71 кило салмақта сайысқа түскелі отырған Серіков 2018 жылы әлем мен Азия чемпионаттарында қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені қанжығасына байлады. 58 кило салмақтағы Райымқұлов Сеулде өткен дүниежүзілік додада күміс медальды мойнында жарқыратты. Нұрбол мен Болатбектің тағы басқа да толып жатқан атақтары бар. Оңтүстік Кореяның астанасында 64 кило салмақтағы қарағандылық Рахат Жаңаниеттің де асығы алшысынан түсіп, қола жүлдені қоржынға салды. Осы жігіттер Ташкенттегі жарыстың басты фавориттерінің бірі саналады. Бұл балуандардан бөлек, Айдын Дартаев (79 кило), Еркебұлан Қалеш (88 кило), Марат Байкамуров (98 кило) және Темірлан Көлбай (+98 кило) алдағы күндері боз кілемге шығады.
Әйелдер құрамындағы ең атақты балуанымыз Ділдәш Құрышбаева екені даусыз. 72 кило салмақта белдесіп жүрген Алматы облысының тумасы әлем чемпионатында бақандай бес рет жеңіс тұғырына көтерілді. 2014 жылы Наритада, 2019 жылы Сеулде күміс медальді иеленсе, 2013 жылы Санкт-Петербург, 2015 жылы Касабланка және 2016 жылы Софияда қола жүлдені еншіледі. Құрлық біріншілігінде бес мәрте топ жарды. 2018 жылы Жакартада алауы тұтанған Азия ойындарында алтыннан алқа тақты. Бір сөзбен айтсақ, Құрышбаева – күрес өнерінің жілік майын шаққан әккі балуан. Оның қоржынында тек дүниежүзілік доданың бас жүлдесі ғана жоқ. Ділдәш сол олқылықтың орнын Ташкентте толтырады деп үміттенеміз.
65 кило салмақ дәрежесінде бақ сынап жүрген Ажар Салықова осыдан екі жыл бұрын Сеулде әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Қазақ қызының ендігі арманы – алтын тұғырға көтерілу. Азия ойындарының қола жүлдегері Айжан Жылқыбаеваның да әлеуеті мамандар тарапынан жоғары бағалануда. Ол 50 кило салмақта күреседі. Сонымен қатар, Ташкентте Маржан Бизақ (59 кило), Азман Амаева (80 кило) және Арайлым Әбенованың (+80 кило) да өнерін тамашалаймыз.
Жауынгерлік самбодан өтетін жарыста Нұркен Домбаев (58 кило), Әділбек Сейісов
(64 кило), Аманжол Нұралыұлы (71 кило), Нұрлан Тұрғанбаев (79 кило), Умар Янковский (88 кило), Райхан Мәди
(98 кило) және Мақсот Дайырбаев
(+71 кило) ел намысын қорғайды. Жекпе-жекке шығатын бұл жігіттер де жарқын жеңістерімен өз жанкүйерлерін қуантады деп ойлаймыз.
Тағы бір ерекше тоқтала кететін жайт, FIAS биылғы әлем чемпионатына арнайы жүлде тағайындап отыр. Ташкентте ол 231 000 АҚШ долларын құрайды. Яғни осы жолы бас жүлдені олжалаған балуанға 4 мың $ беріледі. Күміс алғандарға 3 мың $, ал қолаға қол жеткізгендерге 2 мың $ тиесілі болады.