20 қарашада Германияның Гамбург қаласында кәсіпқой бокс кеші өтеді. Сол жарыста қазақстандық Жан Кособуцкий өзінің кезекті жекпе-жегіне шығады.
Аса ауыр салмақта күш сынасып жүрген жерлесіміз кезінде Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетті. 91 және +91 кило салмақ дәрежелері бойынша еліміздің үш дүркін чемпионы атанды. Қазанда алауы тұтанған Дүниежүзілік универсиадада күміс медальды мойнына ілді. 2017 жылдан бері Кособуцкий кәсіпқой рингте күш сынасып жүр. Осы аралықта 16 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Жанға қарсы жекпе-жекте тек белоруссиялық Константин Довбыщенко ғана соңғы раундқа дейін шыдады. Қалған бәсекелердің барлығында ол қарсыластарын нокаутқа жіберді.
Неміс жерінде қазақстандық боксшы Алекс Бенджамин Гарсиямен жұдырықтасады. Доминикан Республикасының өкілі осы күнге дейін 11 рет шаршы алаңға шығып, барлық кездесуді өз пайдасына шешсе, жеті бәсекені мерзімінен бұрын аяқтаған.