Жаһандық індет кезінде қашықтан дәрігерлік кеңес берудің артықшылықтары мен кемшіліктері қандай болды? Әлемдік медицинаны абдыратқан коронавирус денсаулықты сақтауға қатысты көзқарастар мен ұстанымдарды өзгертіп жатқанымен санаспауға болмайды. Бұл мәселеде сарапшылар да қарап жатқан емес, талдаулар мен зерттеулер легінде кемшін жоқ.
Мәселен, Еурокомиссия басшылығының желілер мен технологиялар жөнінде жүргізген зерттеулеріне сәйкес Еуроодақ халқының 46%-ға жуығы қажетті ақпараттарды іздеуде, сондай-ақ денсаулығына қатысты сұрақтарға жауап алуға дәрігерге барғанға дейін де және одан кейін де ғаламторға сүйенеді. Рамблер пайдаланушылардың 37%-ы ғаламторда дәрігер тағайындаған ем-домдарды үнемі тексеретінін, сонымен қатар пайдаланушылардың 33%-ы егер дәрігердің ұсынымдары күмән тудырса оны тексеретінін жазады.
«Бүгінде пациенттер сауатты және ізденімпаз, себебі кез келген медициналық ақпаратқа қолжетімділіктің жылдамдығы бірнеше есеге өсті. Пациент-дәрігердің қашықтан консультация беру (телемедицина) уақыты келді», дейді Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеулер институты консультациялық-диагностикалық орталығының меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Қуат Абзалиев.
Қашықтан өзара әрекет ету 3 санатқа бөлінеді: дәрігерге барғанға дейін, дәрігерге барғаннан кейін және дәрігерге барудың орнына. Дәрігерге барғанға дейін – бұл өз денсаулығы туралы ақпарат іздеу, таныс дәрігерлерден консультация алу, ғаламторда «үздік дәрігер» іздеу, оған жазылу. Дәрігерге барғаннан кейін: дәрігердің қойған диагнозы мен тағайындамалары туралы ақпаратты тексеру, өз денсаулығы туралы «жеке» ақпаратты алу, емдеуші дәрігерден қашықтан кеңес алу, пациентті қашықтан бақылау және емдеуді бақылау, «екінші сараптама қорытындысын» алу. Дәрігерге барудың орнына – бұл дәрігерге қашықтан бару, яғни телемедицина арқылы дәрігерге виртуалдық бару. Қалғаны – пациенттің денсаулық сақтау жүйесімен қашықтан өзара әрекеттесуі.
Қашықтан консультация берудің қандай артықшылығы бар дегенге келсек, жеңілдігі жеткілікті. Әр науқас асықпай, денсаулығындағы кінәраттарына байланысты барлық қажетті медициналық құжаттамаларды жинап, өзін қанағаттандыратын жан-жақты жауап алу үшін оны электронды пошта немесе ұялы байланыс арқылы қалаған маманына жібере алады.
Көпміндеттілік. Пациенттің өзінің құжаттары мен сұрақтарын бір мезгілде бірнеше дәрігерге жіберіп және өз денсаулығы туралы жалпы пікірді біліп, бір шешімге тоқтауға мүмкіндігі көп. Коморбидтік күйде болуына байланысты құжаттарды түрлі мамандарға жіберіп, таңдау жасауға мүмкіндігі бар.
Ұтқырлық пен қолжетімділік. Үйде немесе кез келген басқа жерде бола тұра, пациент маманның алдын ала немесе қорытынды консультациясын алу үшін құжаттарды жібере алады.
Қашықтан дәрігерге жүгіну ұтымды. Тек қана консультацияның құнын төлей отырып, пациент уақытын кезекте тұруға, жолға жұмсамайды, жолға шығынданбайды. Басқа өңірден келетін болса пәтер немесе қонақүй жалдауды қажет етпейді. Оның үстіне пандемияға байланысты қауіпсіз де. Тіркеу орнында, зерттеуге кезекте тұрғанда, дәрігердің кабинетінде басқа науқастармен байланыс болмайды. Коронавирусты немесе басқа инфекцияны жұқтыру қаупі төмендейді. Кез келген дәрігер үшін қабылдау уақыты қысқарады. Дәрігер үшін пациент жіберген медициналық ақпаратқа талдау жасауға мүмкіндік туады. Себебі кез келген талдауда медициналық құжаттар шешуші орын алады. Бірыңғай медициналық ақпараттық жүйе мен цифрландыру емханалардағы дәрігерге кезекке тұрудың мәселелері мен басқа да көптеген мәселені жылдам шешуге мүмкіндік береді.
«Дегенмен қашықтықтан консультация берудің белгілі бір кемшіліктері де жоқ емес. Бұл – пациенттің дәрігермен бетпе-бет сөйлесе алмауы. Психологиялық профилактика, эмоционалдық тұрғыда жұбату, жүзбе-жүз демеу жағы жетісі бермейді. Оның үстіне, өзі қабылдап, тексерген кезде пациенттің бойындағы күмән мен қорқынышты алып тастайды (оның қан қысымы өлшенеді, өкпесі тыңдалады және т.б.). Оған ағзасында осындай симптомдар немесе өзгерістердің қайдан пайда болғаны түсіндіріледі. Сонымен қатар медицина мамандары, әсіресе жас мамандар үшін пациенттермен бетпе-бет қарым-қатынас жасамау кәсіби жағынан өсуіне мүмкіндік бермейді немесе оның кәсіби өсуі төмендейді», дейді Қуат Баяндыұлы.
АЛМАТЫ