Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов 18 желтоқсан күні Нұр-Сұлтан қаласында IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағына таласатыны белгілі. Қазақстанда өтетін бокс кешінде Даниярға қарсылас ретінде әзірге үш боксшы таңдалды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бірінші кезекте Даниярдың командасы америкалық Морис Хукерге назар аударып отыр. АҚШ боксшысы 2018 жылы бірінші жартылай орта салмақ дәрежесінде WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағына дейін қол жеткізген болатын. Кейін ол жартылай орта салмаққа ауысып, Вирджил Ортистен нокаутпен жеңілді.
Команда Хукермен келісе алмаған жағдайда тағы бір америкалық Хосесито Лопеспен келісуге тырысады. Лопестің командасымен келіссөздер сәтсіз аяқталған жағдайда Даниярдың менеджерлері Себастьян Формелланы көндіруге тырысады. Бұл да жақсы нұсқа екені даусыз.
Қалай болған күнде де жақын күндері осы үш боксшының бірі Данияр Елеусіновтің қарсыласы атанады. Жұрттың бәрі қазақ боксшысының болашақта Вирджил Ортиспен қолғап түйістіргенін қалайтынын ескерсек, қарсылас ретінде Хукердің таңдалғаны жөн болары сөзсіз. Мұндай жекпе-жек өткен жағдайда Даниярдың әлеуетін толық көруге мүмкіндік тумақ.