• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Қараша, 2021

Бүкпесіз әңгіме бүтінді жармайды

376 рет
көрсетілді

Жуырда Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесу өткізіп, журналистер қауымына өңірдің Тәуелсіздік жылдарындағы бағындырған белестері мен бүгінгі күндегі тыныс-тіршілігі жайында кеңінен әңгімелеп берді. Сонымен бірге, өңір басшысы облыстағы өткір тұрған көкейкесті мәселелерді де айналып өтпей, арадағы әңгіменің ашық өрбуіне мүмкіндік туғызды.

Жеңіс Қасымбек Қарағанды облы­сы­ның еліміздің индустриялық тірегі болып қала беретініне сенім біл­дірді. Бүгінгі күннің биігінен қара­ғанда, аталған өңір өзінің позиция­сын жоғалтқан жоқ. «Қайта нарық­қа сай экономикалық тұрғыда өркен­деп, рес­публиканың өндірістік көш­­бас­­шы­сы­на айналды. Бүгінде облыс­та еліміз бойынша көмірдің 34%-ы, жалпақ прокаттың 100%-ы және тазартылған мыстың 82%-ы өндіріледі», деп атап өтті өңір басшысы.

Тәуелсіздік жылдары, нақты айт­қан­да, 1997 жылдан бергі уақыт ішінде Қарағанды облысында «Са­рыарқа ENERGY» ЖШС-нің «Жалын» кенішінде көмір өндіру және қайта өңдеу», «Қаз Метиз» ЖШС-нің «Темір арқан мен сым өндірісін ұйым­дастыру», «Қоңырат мыс компаниясы» ЖШС-нің «Катодты мыс өндіру зауыты», «АК Алтыналмас» АҚ-ның «Алтыншығару фабрикасы», «Қаражал Оперейтинг» ЖШС-нің «Барит кенін қайта өңдеу бойынша өндірістік кешен», «Алтай Полиметалдары» ЖШС-нің «Көктасжал» кеніші базасында тау кен-байыту кешенінің құрылысы және пайдалану», YDD Corporation ЖШС-нің «Феросилиций өндірісі бойынша зауыт құрылысы» сынды ірі және орта өндірістік кәсіпорындар бой көтеріп, қазіргі таңда табысты жұмыс істеп тұр.

Бұдан бөлек, облыс басшысы Qaztehna ЖШС-нің Yutong маркалы жолаушылар автобустары, кеніш, құрылыс және жол техникаларын шығаратын кәсіпорын, сондай-ақ, «Жәйрем тау кен-байыту комбинаты» АҚ-ның полиметалл фабрикасы сияқты соңғы кездері жүзеге асқан серпінді жобалар өңір экономикасының тамырына қан жүгірте бастағанын айтты.

Кәсіпкерлікті қолдау картасы жобасын іске асыру облыста бұрын шығарылмаған өнім түрлерін, атап айтқанда, экспортқа бағытталған машина жасау, фармацевтика, құрылыс индустриясы және тағам өнеркәсібі саласындағы тауарларды өндіруге мол мүмкіндік берген екен.

«Қазіргі таңда Қарағанды облы­сында құрылыс саласы өзінің дәуір­леу кезеңін бастан кешуде», деді Ж.Қа­сымбек. Нақтырақ айтар болсақ, өңірде жылына 600 мың шаршы метр тұрғын үй салу көрсеткішіне қол жеткізілген. Жалпы, Тәуелсіздіктің 30 жылында облыста 7,8 млн шаршы метр болатын тұрғын үй салынып, 80 мыңнан астам отбасы қоныс тойын тойлапты.

Өңірде газдандыру бойынша жұ­мыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын жеткізді облыс басшысы. Қазірдің өзінде Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларында екінші іске қосу газ тарату желілерінің құры­лысы аяқталуға жақын қалған. Алдағы күндері тариф бекітіліп, газ бағасы елордадағы деңгейде болады деген үміт бар.

Сондай-ақ, көп ұзамай көгілдір отын желісі Саран қаласына да тар­тыл­мақшы. Ал келесі жылдың көктемінен бастап Жаңаарқа, Осакаров аудандарында және Шахтинск қаласында газ желілерінің құрылысы басталатынын мәлім етті Ж.Қасымбек.

Автомобиль жолдары және көлік саласында қауырт тірлік бар. Облыста 1 500 шақырымнан астам жол жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Мұның ішінде негізгі жоба «Қарағанды – Балқаш» жолының 363 шақырымы мен «Балқаш – Бурылбайтал» жолының 150 шақырымын қайта жаңарту екендігі белгілі. Облыс әкімі осы жол құрылысы барысындағы кемшіліктерді білетінін, тұрғындар тарапынан түсіп жатқан арыз-шағымдармен таныс екенін жасырмай айта келіп, салалық министрліктің жылдың соңына дейін жаңа жол жабындысы бойынша қозғалысты ашуды жос­парлап отырғанын хабардар етті.

Облыс басшысы коронавирус инфекциясы бойынша өңірдегі жағдайды тұрақты деп айтуға негіз бар екенін атап өтті. Қазіргі уақытта вакциналау шараларына айрықша мән берілген. Ресми деректерге сай, бүгінде облыс тұрғындарының жартысынан көбі екпенің екінші компонентін алыпты.

Өңірдегі барлық госпиталь­дар қажетті медициналық аспап-құрал­дармен жабдықталған. Атап айт­қанда, медициналық мекемелер 25 компью­терлік томограф, 40 цифрлық рентген-аппарат, 364 ӨЖЖ жабдықтарымен қамтамасыз етіліпті. Сонымен қатар 26 госпитальда 1 160 оттегі жеткізу құралдары орнатылған. «10 ПТР-зертхана тәулігіне 15,6 мың сынама бере алады, қуаты 20 мың тестке дейін жеткізу резерві бар», деп атап өтті Ж.Қасымбек.

Әлеуметтік сектор және қауіпсіз­дік мәселелері бойынша атқарыл­ған жұмыстар да ауыз толтырып ай­тарлықтай. Мысалы, 2022-2025 жыл­дарға арналған мектеп орындарының тапшылығы мәселесін шешу үшін жоспарланған 17 мектептің төртеуінің, оның ішінде үшеуі мемлекет-жекеменшік әріптестік есебінен және бір жекемен­шік мектептің құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылда 166 ауыл мектебіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өңір басшысы 2025 жылға дейін тағы 299 мектептің жаңғыртылатынын мәлімдеді.

Қауіпсіздік мәселесіне келгенде, барлық білім беру ұйымдарында дабыл түймелері мен құлақтандыру жүйелері орнатылған. 500-ден астам оқушысы бар ірі мектептерде мамандандырылған күзет енгізілген және турникеттер орнатылыпты.

Бұл саладағы жағымды жаңалық­тың бірі – бастауыш сыныптардың оқушылары ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Балалар спорт мектептерін жан басына қаржыландыруды жүзеге асыруға 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл спорттың 17 түрі бойынша секцияларға 5 мыңнан астам баланы тартуға мүмкіндік берді.

Жалпы, облыста спорт саласына айрықша көңіл бөлінген деп сеніммен айтуға болады. Қазіргі уақытта өңірдің аудандарында 13 ірі спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. 2021 жылы Қарағанды облысында бұқаралық спортты дамытуға 4 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 58,6%-ға артық. Облыста 419 658 адамды қамтитын 6 812 спорт секциясы жұмыс істейді. Соңғы екі жылда 6 284 адамды қамтыған 252 секция ашылды.

«Спортпен шұғылдануға қолжетім­ділікті қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын қалалар мен аудандарда 40-тан астам спорт алаңы, хоккей корттары және стрит-воркаут алаң­дары орнатылады, онда 500 мың­нан астам адам қатысатын 9 мыңға жуық спорттық-бұқаралық іс-шара өткізіліп тұрады», деді өңір басшысы.

Ұлттық спорт саласындағы кемші­лік­тің бірі – облыс орталығында атша­бар­дың жоқтығы-тұғын. Өңір басшысы алдағы уақытта бұл олқылықтың ор­ны толатынын және оны өзінің бақы­лауында ұстайтынын айтты.

Облыс әкімі өңірде мүмкіндігі шек­теулі жандарды әлеуметтік қолдауға жер­гілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлін­­генін айтты. Әлеуметтік қызметтер пор­талы арқылы оңалту құралдары мен қызметтеріне 23 мыңнан астам тапсырыс пысықталған екен. Облыстың 10 өңірінде «Инватакси» қызметі жұмыс істейді.

«Бүгінде Қарағанды облысы елі­міздегі «жасыл» энергетика сала­сындағы көшбасшы өңірге айналды», деді Ж.Қасымбек. Атап айтқанда, 2019 жылы облыстағы Саран қаласында Орталық Азиядағы ең ірі күн электр стансасы іске қосылды. Мұндағы 164 гектар аумаққа күн энергиясын электр қуатына айналдыруға қауқарлы 307 мың 541 панель орнатылған.

Қазіргі уақытта облыста жаңарты­латын және баламалы энергияның сегіз қондырғысы жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, Жезқазған, Саран қалаларында, Ақтоғай және Шет аудандарында шетелдік инвесторлардың ат салысуымен күн қызуын электр энергиясына айналдыратын стансалар салынған. Бұдан бөлек, Абай және Бұқар жырау аудандарында құс фабрикасы мен мал шаруашылығы кешенінде қалдықтардан энергия өндіруге арнал­ған биогаз қондырғылары іске қосылды. Атқарылған осы жұмыстардың нәти­жесінде «жасыл» энергетиканың қуаты 300 мегаваттан асқан. Осы орайда, аталған жобаларды іске асыру үшін облысқа 102 млрд теңгеден астам инвес­тиция тартылғанын айта кеткен ләзім.

Ал алдағы уақытта, яғни 2023 жылға дейін облыста тағы үш күн электр стансасын және екі биогаз қондырғысын салу жоспарланған. Мұның өзі Мемлекет басшысының 2030 жылға қарай баламалы энергия үлесін 30%-ға дейін жеткізу міндетін орындауға бағытталған нақты қадамдар екені сөзсіз.

Облыс әкімімен екі сағатқа созыл­ған кездесу барысында журналистер көкейде жүрген сұрақтарын тіке­лей қоюға мүмкіндік алды. Жеңіс Қасым­бек оның бір де бірін аяқсыз қалдыр­май, егжей-тегжейлі жауап берді.

Сұрақтардың ішінде қазіргі уақыт­тағы қымбатшылық, облыста оны ауыздықтау бойынша қандай шара­лар­дың қабылданып жатқаны, әлеу­меттік сала қызметкерлерінің еңбек­ақысын көтеру, коммуналдық саладағы көкейкесті проблемалар, тұрғын үй құрылысының сапасы мен әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасыларды бас­панамен қамтамасыз ету, алыстағы ауылдарға шағын дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу туралы өткірлері де болды.

Қазіргі қымбатшылық мәселесіне келгенде, өңір басшысы әлеуметтік маңызды азық-түліктің 19 түрінің 14-і Қарағанды облысында өндірілетінін атап өтті. «Азық-түліктің осы 14 түрі бойынша бағаны тұрақтандыру жөнінде тиісті меморандумдарға қол қойылған», деп атап өтті Ж.Қасымбек.

Ал енді өзімізде өндірілмейтін кей­бір азық-түлік түрлерінің бағасын бақы­лауда ұстау мүмкін емес екендігін де жасырмай айтты. Соған қарамастан, қолдағы бар мүмкіндіктерді пайдаланып, бағаның тым шарықтамауын қамтамасыз ету бағытында жұмыстардың жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Тұрғын үй демекші, жергілікті жур­налистерді БАҚ саласында қызмет етіп жүрген жас әріптестерінің баспаналы болуына атқарушы билік тарапынан қандай көмек пен қолдау болатыны да қызықтырды. Бұл орайда облыс әкімі «Отбасы» банкінің жергілікті басшысы мен журналистер арасында кездесу ұйымдастыруға болатынын, жалпы бұл бағыттағы мәселенің оң шешім табуына ықпал етуге ықыласты екенін білдірді.

Негізінде, Қарағанды облысында өңір басшысының журналистермен жүздесіп тұруы жақсы дәстүрге айналған. Әлбетте, осындай жүзбе-жүз кездескендегі бүкпесіз әңгімелердің тараптар арасындағы әріптестік байланыстың беки түсуіне, бірігіп іс қылғандағы тиімділіктің артуына игі әсерін тигізетінін уақыттың өзі көрсетіп келеді.