Қаржы тақырыбы қаузалғанда сақа сарапшылар мен қаржыгерлер, құнды қағазды байыппен үйлестіретін банкирлер көп айтылады. Тілшілер де салаға қатысты сауалын соларға қойып, көгілдір экран мен баспасөз беті осы мамандардың пайымы мен байламына байланады. Қаупі қыруар, қажыры қалың істі иығына ілсе де қалтарыста қалып қоя беретін, қоғамда еңбегі көп еленіп-ескеріле бермейтін инкассатор дейтұғын мамандық иелері бар. Біз бүгін осы салада еңбек етушілер туралы сөз қозғауды жөн санадық.
Бума ақша түгілі банкоматтан жалақымызды аларда әлдекім біздің аз ақшамызды аңдып жүргендей жан-жағымызға жалтақтап қарау – көпшілігімізге тән құбылыс. Оның қасында қап-қап ақша тасымалдаудың қаншалықты қауіпті шаруа екені айтпаса да түсінікті. Мың жерден қорғаныс құралдарымен құрсаулап, қолыңа қару ұстатса да тосын қатер торуылдап жүр деген ой санаңа сап еткенде босаңси алмасың анық. Себебі ақша жүрген жерде айла да, жауыздық та жармаса жүреді. Бір қызығы, біздің кейіпкеріміз Нұртай Мұстафаев өмірін бұл саласыз елестете алмайды. Әсіреледі демеңіз. «Қатері мол жұмыстан бас тартқыңыз келетін сәттер бола ма?» деген сауалымызға, «Екінші рет өмір сүру мүмкіндігі берілсе де, сөзсіз инкассатор болар едім», деп қалжыңдаған қаржы тасымалдаушының бүкіл өмірі осы саламен тығыз байланысты. Жиырма жасында инкассатор қызметіне кіріскен жалынды жігіт санаулы жылдан кейін алпысқа аяқ басқалы отыр.
– Молдавияның Кишинев қаласында әскери борышымды өтеп, жиырма жасымда елге оралдым. Әрі қарай білімімді шыңдап, жоғары оқу орнына түсудің реті келмеді. Жігері тасып тұрған, көкпар тартып өскен ауыл баласымыз. Несі бар, екі қолға бір күрек табылар дедік. Дене тұрпатым, физикалық мүмкіндігім сай келгесін инкассатор болып жұмысқа кірдім. Содан бері табаны күректей 35 жыл осы саланың шетінде жүрмін. Біреудің алдына шығып яки қатарымнан кейін қалған кезім жоқ. Адал еңбектің арқасында бала-шағамды аяққа тұрғызып, келін алып, бүгінде немере сүйіп отырған жайым бар. Күнделікті жұмысымыз таңғы алтыдан басталады. Жауапкершілік жоғары болғандықтан, бір сәт босаңсуға болмайды. Жоспар бойынша ақшаны жинап, тиісті орынға жеткіземіз. Физикалық дайындық, сергектік, сақтық, қырағылық – біздің басты серігіміз, – дейді Н.Мұстафаев.
Әлем бойынша ең қауіпті қызметтердің санатына кіретін салада еңбек ету үшін мығым денелі, бойшаң әрі қағілез болуыңыз керек. Н.Мұстафаев қызмет атқаратын «Халық Инкассация» ЖШС Алматы филиалының директоры Азат Смағұлов жұмысқа қабылданатын мамандар қатаң талаптардан мүдірмей өтуі қажеттігін айтады. Айталық, тікелей қарумен жұмыс істейтін болғандықтан, болашақ қаржы тасымалдаушының әскерге баруы шарт. Физикалық мүмкіндіктері, психологиялық жай-күйі, оған дейінгі өмір тарихы тұтас сүзгіден өтеді. Мамандарға түрлі тосын жағдайда қалай қарекет етудің тәсілдері үйретіліп, арнайы оқу-жаттығу жиындары өткізіледі.
«Біздің ұжымда жүздеген маман жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі бұған дейін құқық қорғау орындарында, қауіпсіздік құрылымдарында жұмыс істеп, ерте зейнетке шыққандар. Олар қару қолдану машығын жақсы меңгерген, психологиялық төзімділігі берік жандар. Сондай-ақ осы саламен көз ашқан мықты мамандарымыз бар. Солардың бірі – қаржы тасымалдау ісінің хас шебері Н.Мұстафаев. Өз ісіне жанымен берілген Нұртай жас мамандарға бағыт-бағдар көрсетіп, жауапты тапсырмаларға жұмылдырылады. Өз жұмысын екінші үйім деп есептейді», дейді А.Смағұлов.
Әлемде инкассаторларға шабуыл жасау қалыпты құбылысқа айналған. Алысқа бармай-ақ өз елімізде мұндай бірнеше оқыс оқиға тіркеліп, аяғы қаржы тасымалдаушының өліміне әкелген әрекеттер де орын алған еді. Бірақ кейіпкеріміздің алдынан мұндай келеңсіз оқиға кездеспепті. Кеңестік кезеңде, тоқсаныншы жылдардың тоқырауында ескі «Москвичпен» жүріп қыруар ақша тасығанын айтқан Нұртай, қазіргі жаңа технологиялардың жемісі қауіпсіздік мәселесінің қауқарын күшейткенін алға тартады.
– Қай уақытта қай бағытқа қозғалғанымыз, ақшаны алғанымыз, көлікке отырғанымыз бәрі-бәрі арнаулы құрылғылардың көмегімен орталық пультке келіп түсіп отырады. Ондағы қызметкерлер кез келген тосын жағдайда қалай әрекет етудің стратегиясына дейін жоспарлап, жүйелейді. Көліктер оқ өткізбейтіндей етіп брондалған, өзіміз де қорғаныш пенжегін, каскамызды киіп, сауысқандай сақ жүреміз. Әр минутымыз есептеулі. Жолда жоспардан тыс кідіруге болмайды. Біз қаржыны тасымалдаумен ғана емес, құнды қағаздармен де тікелей жұмыс істейміз, сондықтан сауаттылық өте маңызды. Түрлі жағдайды естисің, адам болған соң оның бәрі әсер етеді. Жаңа үйленген кезімізде үйдегі жарым мен жұмыстан келгенше алаңдап отыратын. Шынымды айтсам, қазір етім үйреніп кетті, робот сияқтымыз (күлді). Отбасым да солай, бұрынғыдай көп елеңдей қоймайды. Осы жерден зейнетке шықсам деген ниетім бар», дейді ол.
Инкассатор болу үшін арнайы мамандық игерудің қажеті жоқ. Оқу орнының дипломы да талап етілмейді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бастысы әскерге барған, физикалық тұрғыдан қауқарлы, мығым денелі, спортқа жақын болсаңыз, денсаулығыңыз бен жүйкеңіз жараса жұмысқа кірісе беріңіз. Қызметіңіздің қауіптілігіне қарамастан зейнетке ерте шыға алмайтыныңызды да ескергеніңіз жөн. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл басында ең сұранысқа ие 30 мамандықтың тізімін жариялады, оның қатарына инкассаторлар да кірді.
Есте болса, 2002 жылы Жапонияда алғашқы робот-инкассаторлар сатылымға шыға бастады. Электронды қызмет көрсетуде баламасы жоқ бірегей технология нақ осы қаржы тасымалдау ісінде тиімсіз тәсіл ретінде бағаланды. Мобильді банкинг кең өріс жайды десек те, әлем дәстүрлі ақшадан түбегейлі бас тартатын деңгейге жеткен жоқ. Бұл нақ осы салада адам интеллектісі мен күшін ешбір робот алмастыра алмайтынын көрсетіп отыр.
Әлемде инкассаторларға шабуыл жасау әрекеттері, әсіресе 2000 жылдары жиілеген. Ал соңғы жиырма жылдықтағы табысты технологиялардың көмегімен қорғану әдістері, сондай-ақ спутник пен ғаламтор тосын жайға қарсы сақтықты биік сатыға көтеріп отыр. Ғаламторды парақтасаңыз, бұл сала мамандарына қатысты түрлі қызық жайттарға кезігесіз. Мәселен, бірер жыл бұрын АҚШ-тың Джорджия штатында инкассатор көлігінен бірнеше бума ақша түсіп, жол жағалай шашылған. Бұған көліктің артқы есігінің абайсызда ашылып кетуі себеп болған. Желіге тараған бейнежазбадан кейін келе жатқан көліктердің кенет тоқтап, одан түскендердің шашудай шашылған ақшаға қарық болып, таласа жинап жүргендерін көруге болады. Кейіннен Дандуви қаласының полиция өкілдері аталған жайтқа байланысты түсінік беріп, кереметке кенелдік деген жүргізушілердің жеке басын анықтап, жоғалған ақшаны өндіріп алған еді. Бұл туралы жауапты орындар «Әрине, артық ақша кімге керегі жоқ дейсіз? Дегенмен бұл ұрлыққа жатады, сондықтан оны кері қайтарыңыздар! Жолдағы «ақша құйыны» жол-көлік қозғалысына ешқандай кедергі келтірмегеніне сенеміз», деп мәлімдеме жасаған. Бейресми дерек бойынша сол оқиғада инкассаторлар шашып алған ақшаның көлемі 200 мың долларды құраған.
Айталық, Жапония, Шуейцария, АҚШ секілді тағы басқа елдерде инкассаторлар еңбегі ерекше бағаланады. Бұл салада жұмыс істейтіндердің жалақысы қомақты әрі оларға жоғары үстемеақы төленеді. Қауіпті қызметтер қатарына жататындықтан, қосымша әлеуметтік көмектер көрсетіліп, қызмет бабында қаза тапқан жанның жақындарына бір адамның бүкіл ғұмырына жетерліктей қаржылай қолдау көрсетіледі. Әрине, қыруар қаржы адам орнын толтыра алмасы анық. Алайда бұл аталған мамандықтың биік мәртебеге ие екенін көрсетеді. Әзірге біздің елде қаржы тасымалдаушыларды бұл деңгейде қолдау һәм қорғау қарастырылмаған.
Бір ғана Алматының өзінде Нұртай Мұстафаев секілді мыңдаған инкассатор маман маңызды қызметке жұмылдырылған. Төл теңгеміздің туған күнінде осынау жауапты істің шетінде жүрген табанды жандарға саулық пен сәттілік тілегіміз келеді!