Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап, еліміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең басым міндеттердің біріне айналды. Бұл міндетті жүзеге асыру тек төл Қарулы Күштерімізді құрып, оның күш-қуатын барынша арттырғанда ғана мүмкін болатын. Кеңес Одағы келмеске кеткен соң тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік институттарын мүлде жаңадан құруға тура келді. Бұрынғы біртұтас қорғаныс кеңістігі бұзылып, әсіресе әскери мамандар мәселесі күн тәртібінде өткір тұрды. Офицерлер мен прапорщиктер жаппай тарихи отандарына қоныс аударып, жекелеген бөлімшелердің басшысыз қалуы, жауынгерлердің әскерден қашу жағдайлары жиі орын ала бастады.
Сол кездегі жағдай Қазақстан аумағында орналасқан әскери бөлімдерге дұрыс және қатаң бақылау орнатуды талап етті. Осы мақсатта 1991 жылдың 21 тамызында еліміздің Қауіпсіздік Кеңесі құрылды.
Қазақстанның мемлекеттік саясатын дәйекті түрде жүзеге асыра отырып, 1991 жылы 25 қазанда Н.Ә.Назарбаев «Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы болып Кеңес Одағының Батыры, генерал-лейтенант (кейін армия генералы, «Халық Қаһарманы») Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалды.
Осындай аумалы-төкпелі уақытта 1992 жылдың 17 қаңтарында Кремльдегі Съездер сарайында Бүкілодақтық офицерлер жиыны өтті. Нұрсұлтан Әбішұлын сол жолы алғаш рет көрдім. Кеңес Одағы жоқ, ал оның армиясы, ең бастысы, алапат ядролық қару-жараққа ие әлемдегі ең қуатты әскер әлі әрекет етіп жатқан күрделі жағдай қалыптасқан еді. Бұл бізді ғана емес, бүкіл әлем қауымдастығын алаңдатқан мәселе болатын. Генералитет ТМД басшыларының келуін талап еткенде, оған екі-ақ президент – Б.Ельцин мен Н.Назарбаев қана үн қатты. Сол жиында Қазақстанның Тұңғыш Президенті сөз сөйлеп, шиеленіскен ахуалдың шешімін табуына бірден-бір себепші болды. Оған офицерлер мен генералдардың орындарынан тұрып қол соққаны әлі есімде.
Қазақстан басшылығы алғашқы кезеңде барынша ұстамды көзқарасты ұстанып, Достастық елдерінің бірлескен күштерін құру идеясын қолдаған еді. Мұның басты мақсаты посткеңестік мемлекеттердің ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету болатын. Біздің еліміздің бұл көзқарасын сол тұста әскерилер ғана емес, жалпы жұртшылық мақұлдап, қуаттағанын айта кету керек.
Тәуелсіз республиканың заңнамасына сәйкес, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткізілген келісімдер негізінде Қазақстан Республикасы Президентінің төл Қарулы Күштерімізді құру туралы Жарлығы дайындалып, онда еліміздің аумағында орналасқан бұрынғы Кеңес Армиясы әскери бөлімдері мен олардың қару-жарағы, дүние-мүлкі түгел Қазақстан Республикасының құзыретіне берілетіні атап өтілді.
Осынау тарихи Жарлыққа Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев 1992 жылы 7 мамырда қол қойды, бүгінде бұл бүкілхалықтық мереке – Отан қорғаушылар күні.
Қазақстанның әскери құрылысын дамытудағы кезек күттірмес міндеттің бірі және бірегейі нормативтік-құқықтық базаны құру және әскерлерді тиімді басқару жүйесін қалыптастыру болатын. Сонымен қатар офицер мамандарды даярлау, Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығын ұйымдастыру, оны жасақтау ісін жолға қою, әскери тәртіпті арттыру және құқық бұзушылықты түп-тамырымен жою сияқты көптеген мәселені тез арада шешу қажет еді.
Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін Қазақстан аумағында орналасқан Орта Азия әскери округіне қарасты ірі құрамалар мен әскери бөлімдер бізге Кеңес Одағынан мұра болып қалды.
Бұл ең алдымен айтсақ, ұшу аппараттарын әлемнің кез келген нүктесіне жеткізуге қабілетті ең заманауи зымырандары бар екі дивизиядан тұратын стратегиялық мақсаттағы күштер тобы еді. Бұдан басқа, құрамында стратегиялық бомбалаушы ұшақтарының дивизиясы, танк дивизиясы, әуе қорғанысы мен авиация корпусы бар қуатты 40-шы армия тұрды.
Сондай-ақ бізде орталыққа тікелей бағынатын: зымырандарды ерте анықтау дивизиясы, барлау бөлімшелері, көптеген әскери құрылыс бөлімдері, «Байқоңыр» ғарыш айлағына қызмет көрсететін авиациялық полк, әртүрлі сынақ орталықтары мен полигондар (Сарышаған, Ембі, Курчатов) және де басқа бірқатар әскери бөлімдер болды.
Мұның бәрі жаңадан пайда болған Қазақстан армиясының бір бөлігіне айналды. Сонымен қатар қару-жарақты, техниканы, әртүрлі қоймаларды, ең бастысы, әскери мамандарды сақтап қалу қажет болды. Қарулы Күштерімізді құру ел басына төнген экономикалық тауқыметтер мен ауыр қаржылық жағдайында жүзеге асырылғанын ұмытпауымыз керек. Басқа республикалармен байланыстың үзілуінен, жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектердің тапшылығынан әскери техника қозғалыссыз қалды. Осы факторлардың барлығы жеке құрамның рухы мен жас қазақстандық армияның жауынгерлік әзірлігіне әсер етпей қоймады.
Қай жағынан алып қарасақ та, бұл еліміздің басындағы қиын кезең болатын. Кейбір сәуегей сарапшылар Қазақстан күрделі әлеуметтік-экономикалық және саяси проблемаларға тап болады деп болжам жасауға асықты. Шынында да, сол кезде бұрынғы КСРО елдерінде ұлтаралық сипаттағы қақтығыстардың ошақтары пайда бола бастаған-ды. Бірақ Н.Назарбаевтың бастамаларын бірауыздан қолдап, бір мақсатқа жұдырықтай жұмылған қазақстандықтар елдегі тыныштық пен ұлтаралық татулықты сақтай білді.
Бұл ретте Елбасының көрегендігі арқасында жас қазақ армиясын дамыту ұлттық және аймақтық мүдделерді, әскери құрылыстың халықаралық тәжірибесін, Қазақстанның қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатерлердің әлеуетін ескере отырып, саяси реализм қағидасына сәйкес жүзеге асырылды.
Жоғарыда айтылғандай ел аумағында тұрған 40-шы армияның әскери бөлімдерінің негізінде Құрлық әскерлеріміз, бұрынғы әуе армиясына қарасты аралас авиакорпустың негізінде Әскери-әуе күштеріміз және Әуе шабуылына қарсы корпустың құрамалары мен бөлімшелерінің негізінде Әуе қорғанысы күштеріміз құрылды.
Ұйымдастыру кезеңінің мерзімдері де қатаң белгіленді: үш ай ішінде КСРО-дан мұраға қалған әскери техника мен дүние-мүлік қабылданып алынды, әскерлерді тікелей басқару жүйесі құрылды және ТМД Қорғаныс министрліктерімен өзара бірлесіп іс-қимыл жасау жолға қойылды. Қазақстан Республикасының әскерлерін қаржылық, материалдық-техникалық және медициналық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелері шешіле бастады.
Өзіміздің әскери кадрлардың болмауы және армияны құрудағы қажетті тәжірибенің жоқтығы төтенше шешімдер қабылдауға, соның ішінде тәжірибелі прапорщиктер мен сержанттар есебінен әскери қызметшілер үшін жеделдетілген курстар ашуға түрткі болды. Бұрынғы оқу орындарын заман талабына сай қайта құру және жетілдіру қолға алынды.
Мемлекет басшысы бекіткен еліміздің әскери саясаты негізінен Қарулы Күштердің даму бағытын анық айқындап берді. Бірқатар заң актілерінің қабылдануы нәтижесінде мемлекеттің әскери саласын дамытудың нормативтік-құқықтық базасы жасалды. Тұтастай алғанда, әскери басқарудың бүкіл жүйесі – мемлекеттік деңгейден бастап әскер деңгейіне дейін өзгеріске ұшырап, ол бүгінгі күннің шындығына сәйкес келтірілді.
Сонымен қатар мемлекеттің қалыптасу кезеңіндегі әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыруға бағытталған бірінші Әскери доктрина әзірленді. Мемлекеттің әскери ұйымын тиімді дамыту жолдарын іздестіру келесі төрт Әскери доктринада да көрініс тапты, олар Қарулы Күштерді дамытудың теориялық және ұйымдастырушылық негіздерін белгіледі, соғыс пен бейбітшілік мәселелеріне және қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді ескере отырып, еліміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге деген негізгі көзқарастарды айқындады.
Сондай-ақ 2000 жылғы Әскери доктрина аясында Қарулы Күштерді жалпы ішкі өнімнің 1%-нан кем емес көлемде кепілдендірілген бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру қағидасының алғаш рет бекітілгенін айту керек.
Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамы айқындалып, мемлекеттің әскери географиясы ықтимал қауіптер негізінде қайта қаралды. Осылайша, өздерінің тиісті стратегиялық мақсаттары бар үш әскер түрінен – Құрлық әскерлерінен, Әуе қорғанысы күштерінен және Әскери-теңіз күштерінен тұратын Қарулы Күштердің құрылымы бекітілді. Олардың құрамы мемлекетке төнуі мүмкін әскери қауіптерді ескере отырып оңтайландырылды және шешуге тиіс міндеттері нақтыланды.
Германиямен бұрын жасалған халықаралық келісімдерге сәйкес су ығыстыруы 70 тонна болатын төрт шағын патрульдік катер алынды. Кезінде Орал қаласындағы КСРО-ның қуатты қорғаныс кешені құрамында болған жергілікті зауытта төл Әскери-теңіз күштеріміз үшін арнайы жасалған кеме 1996 жылдың мамыр айында суға түсірілді. Бұдан сәл бұрын дәл осы зауытта Қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша жүрдек патрульдік катер шығарылған болатын.
Қарулы Күштерді құрудың бастапқы кезеңінде Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев гарнизондарды үнемі аралап, әскерлердің тыныс-тіршілігімен танысып, әскери қызметшілермен әңгімелесіп, өткізіліп жатқан оқу-жаттығуларға қатысып отырды.
Қарулы Күштерді құру және жетілдіру бойынша қабылданған шешуші қадамдар туралы сөз болғанда Елбасының ерекше рөлін, оның елімізде ғана емес, одан да тысқары жерлердегі жоғары беделін атап өткен жөн. Мысалы, Мемлекет басшысының тікелей араласуымен Ресейден әскери техниканы, жеткізу, оның ішінде С-300 зымырандар кешені, МиГ-29, Су-27, Су-25, «Л-39» сияқты жауынгерлік ұшақтарды қайтаруға қатысты мәселелер өзінің оң шешімін тапты. Біздің мамандарды Ресей Федерациясының жоғары әскери оқу орындарында тегін оқыту туралы да оңтайлы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Елбасының әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі күш-жігерді біріктіру қажеттілігіне деген берік сенімі арқасында Ұжымдық қауіпсіздік шарты (кейіннен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы) шеңберінде жүзеге асырылған коалициялық әскери құрылыстың негізі қаланды.
ТМД мемлекеттері арасындағы тиімді шешімдердің бірі 1995 жылдың 10 ақпанындағы Достастыққа қатысушы барлық мемлекеттердің мүддесін көздейтін Біріккен Әуе қорғанысы жүйесін құру туралы шешім болатын. Біріккен Әуе қорғанысы жүйесінің мақсаты ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің әуе шекараларын қорғау, әуе кеңістігін пайдалануды бақылау, аэроғарыштық шабуыл қаупі мен оның басталуын алдын ала ескерту, ұйымға мүше мемлекеттердің аса маңызды нысандарын әуе шабуылдарынан қорғау болып табылды.
Қазақстан ТМД елдерімен қатар НАТО-мен, сондай-ақ АҚШ, Қытай Халық Республикасы, Түркия, Германия және басқа да мемлекеттермен әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық орната бастады.
Бұл жөнінде Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі былай дейді: «Біз ешқашан тек ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз етумен шектелген жоқпыз және тұрақтылық үшін барынша кең ауқымда негіз жасауға ұмтылдық. Еліміздің сыртқы саясаты, Қазақстанның халықаралық қауіпсіздік құрылымдарына, ең алдымен, ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ға қатысуы дәл осыған бағытталған».
Қазақстан армиясын реформалау барысында әскери білім беру мен әскери кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру, ұлттық әскери-ғылыми базаны құру және дамыту мәселелері басым бағыттар ретінде қарастырылды.
Жоғары білікті әскери кадрларды даярлаудың үздіксіз, көп деңгейлі және бірізді оқу процесі басшылықтың жоспарына сәйкес әскери білім берудің бірқатар деңгейі мен кезеңін қамтитын болды. Қазақстандық әскери қызметшілерді шетелдік әскери оқу орындарда даярлау мәселелері қайта қаралып, оларды біздің елімізде оқыту мүмкін емес жағдайда, тек өте тапшы мамандықтар бойынша ғана сыртқа білім алуға жіберу туралы шешім қабылданды. Босатылған қаражатты Қазақстандағы әскери оқу орындарын дамытуға жұмсау анағұрлым тиімдірек болды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 1 шілдедегі Жарлығымен посткеңестік кеңістікте теңдесі жоқ кіші командирлер – кәсіби сержанттарды дайындайтын бірегей әскери оқу орны – Кадет корпусы құрылды. Кәсіби әскер құру бағытында жасалған осы қадамның уақтылы және өміршең шешім екендігін уақыт дәлелдеді. Қазір Кадет корпусының түлектері Қарулы Күштердің барлық түрлері мен буындарында қызмет атқарады және өздерінің кәсіби біліктіліктерін байқатып келеді.
Бұдан бөлек, Құрлық әскерлерінің әскери институты, Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты және бірқатар оқу орындары жемісті еңбек етуде. Бүгінде еліміздегі ең жоғары әскери оқу орны – Ұлттық қорғаныс университеті Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының есімімен аталады.
Елбасы алдыңғы қатарлы мемлекеттер армияларының соғыс қаруын жасаудағы даму тенденцияларын түсіне отырып және ХХ ғасырдың басындағы әскери қақтығыстар тәжірибесін ескере отырып, келісілген мемлекеттік әскери-техникалық саясатты әзірлеуге тапсырма берді, ол Қазақстан армиясын ең озық қару-жарақпен және әскери техникамен сапалы қайта қаруландырудың негізгі элементіне айналды. Әскери-өнеркәсіп кешенін одан әрі жетілдіру шаралары қабылданды, қару-жарақ пен әскери техниканы жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
Бұл істің одан әрі қарқынды дамуына Қазақстан астанасында ұйымдастыру дәстүрге айналған KADEX (Kazakhstan Defence Expo) халықаралық қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесі жаңа серпін берді.
KADEX халықаралық диалогтың негізгі алаңы ретінде Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың қажеттіліктеріне сәйкес отандық кәсіпорындардың даму мүмкіндіктері мен көкжиектерін кеңейтіп, олардың өнімдерін шетелдік нарыққа шығаруға ықпал етіп, технологиялық жаңғырту мәселелері бойынша тәжірибе алмасуға қолайлы жағдай жасайды. Сонымен қатар көрме еліміздің ішкі нарығына әскери және арнайы мақсаттағы бұйымдарды шығаратын ірі шетелдік әзірлеушілер мен өндірушілерді тартуға көмектеседі.
Еліміздің жоғарғы басшылығының жіті назары мен мемлекеттік қолдауы арқылы бүгінде Қазақстанның Қарулы Күштері заманауи, жауынгерлік әзірлігі жоғары және қуатты армия ретінде қалыптасты.
Қазақстан армиясының табыстары негізінен Елбасының әскери құрылыс саласындағы сарабдал саясатының, Қарулы Күштерге деген ұдайы қамқорлығының нәтижесі. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев төл әскерімізді негізін қалаушы және қазіргі заман талабына сай оның жаңа келбетін қалыптастырушы болып табылады.
Бүгінгі күні осы бағыттағы тарихи сабақтастық Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жіті назарының арқасында әрі қарай жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Әскерлердің барлық түрлері мен тектерінің жауынгерлік әлеуеті арта түсті. Отыз жыл бойы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығының кепілі болып келді және алдағы уақытта да бола бермек.
Мұхтар АЛТЫНБАЕВ,
Армия генералы,
«Халық Қаһарманы»,
«Қарулы Күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы