15 желтоқсанда Түркияның астанасы Анкарада волейболдан әйелдер арасындағы клубтық әлем чемпионаты басталады. Төрт күнге созылатын бәсекелер барысында Италияның «Имоко Воллей», Түркияның «ВакыфБанк» пен «Фенербахче», Бразилияның «Минас» пен «Дентил-Прая» және Қазақстанның «Алтай» клубтары күш сынасады.
Жоғарыда аталған командалардың барлығы да қазіргі кезде өз құрлықтарының үздіктері. Мәселен, Венеция өңіріндегі Тревизо провинциясына қарасты Конельяно деп аталатын шағын ғана қалада жасақталған «Имоко Воллейдің» Италияның төрт дүркін чемпионы, сол елдің Суперкубогының төрт мәрте иегері, Еуропа Чемпиондары лигасының жеңімпазы және тағы басқа толып жатқан атақтары бар. 2019 жылы дәл осы ұжым әлемнің клубтық чемпионатында бас жүлдені олжалады. Бір ғажабы, 2020-2021 жылдары олар төрт бірдей аса ірі халықаралық додаларға қатысып, барлығында жеңіске жетті. Сол жарыстарда Апеннин түбегінің арулары 45 кездесу өткізіп, бірде-бір рет жеңілістің кермек дәмін татқан жоқ. Бұл күндері Даниэле Сантарелли жаттықтыратын команданың сапында польшалық Йонна Волош, италиялық Паола Эгону, Рафаэла Фолье, Моника Ди Дженнаро, Сара Фар, Ловет Оморуйи, америкалық Кэтрин Пламмер мен Меган Кортни, хорватиялық Божана Бутиган және болгариялық Христина Вучкова сынды волейболшылар өнер көрсетеді.
Түркияның «ВакыфБанкы» 2013, 2017 және 2018 жылдары клубтық әлем чемпионатында дара шықса, 2011 жылы күміс медальді иеленді. Ал 2016 және 2019 жылдары қола жүлдені еншіледі. Соңғы жарыстың жартылай финалында түркиялықтар дәл сол «Имоко Воллейге» есе жіберсе, үшінші орын үшін бәсекеде Италияның «Игор Горгондзоласын» ойсырата ұтты. Ыстанбұлдық волейболшылар төрт рет қарт құрлықтың теңдессізі деп танылды. Сондай-ақ олар өз елінің сан мәрте чемпионы және түрлі кубоктардың иегерлері. Бір сөзбен айтсақ, соңғы жылдары аталған мемлекеттегі ешбір ұжымы «ВакыфБанкке» тойтарыс бере алмай жүр. Бұл команданың бүгінгі таңдағы басты жұлдыздары – Чиака Огбогу мен Мишель Барч-Хакли. Екеуі де биыл АҚШ құрамасы сапында Олимпия ойындарының жеңімпазы атанды. «ВакыфБанктың» құрамында Бразилия мен Швециядан келген бір-бір легионерден бар, ал қалғандары жергілікті ойыншылар.
Түркияның тағы бір клубы «Фенербахченің» де бағындырған белестері бір төбе. Іргетасы сонау 1927 жылы қаланған ұжым Түркия біріншілігінде 13 мәрте топ жарды. 2010 жылы клубтық әлем чемпионатында алтыннан алқа тақса, 2012 жылы қолаға қол созды. 2012 жылы Чемпиондар лигасында жеңіске жетсе, тағы үш рет жүлдегерлер қатарына қосылды. Сербиялық маман Зоран Терзич тізгінін ұстаған командада бразилиялық Анинья, ресейлік Анна Лазарева мен Арина Федоровцева, сербиялық Мина Попович жасындай жарқылдауда. Өз елінің ойыншылары арасында да асқан шеберлігімен жанкүйерлерді тәнті етіп жүрген волейболшылар аз емес.
Оңтүстік Америкадан ат терлетіп келгелі отырған екі команданың да шабысы ширақ. Олардың екеуі де Бразилияның бірнеше дүркін чемпиондары, құрлықтық жарыстарда да сан мәрте жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді. Мәселен, «Минас» былтыр Латын Америкасының клубтық чемпионатының жеңімпазы атанса, «Дентил-Прая» сол атаққа биылғы маусымда қол жеткізді. Одан бөлек, «Минастың» бойшаң бұрымдылары 1992 және 2018 жылдары өткен әлем біріншіліктерінде күміс медальді мойындарында жарқыратты.
Міне, Өскеменнің «Алтайына» Анадолы елінде осындай мықты командалармен күш сынасуға тура келіп отыр. Жерлестеріміз әлемдік деңгейдегі жарыстарда елеулі табыстарға қол жеткізе алмағанымен, құрлықтық додаларда өздерін жақсы қырынан көрсетуде. Биыл Таиландтың Накхонратчасим қаласында өткен Азия біріншілігінде қазақстандық волейболшылар қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақты. Осы жарқын жеңісінің нәтижесінде Кенді Алтайдың арулары әлемнің ең мықты командаларымен күш сынасу құрметіне ие болды.