МАЙДАНГЕР КҮНДЕЛІГІ
Сағыныштан әбден сарғайған, үмітке құндақталып, от пен оқтың арасындағы рюкзакта жүріп қажалған ескі күнделікті біздің редакцияға Серік деген азамат алып келді. Ол оның әкесі Жүнісбек Жарылғапов деген майдангердікі екен. Кешегі Кеңес өкіметі ыдырап кеткенін ұмытып, ТМД елдері бір үйдің баласындай Ұлы Жеңісті тойлайын деп жатқанда, әкенің жырым-жырым қағаздардағы жыртық тағдыры ұлын жатқызбаған болу керек. Міне, өстіп майдан даласының шежіресі әлі түгенделіп жатыр.
Сол соғыста өмірлерін Отан үшін тәрк еткен тағдырлардың бәрі – қаһарман, алапат жылдарда тылда титықтап, тоқ болып көрмеген, екі көздері жәудіреп әкесін, жарын, бауырын күткендердің баршасын батыр деп білер едік. Із-түссіз кеткендер болса, әлі де іздестіріліп жатқаны баспасөзден белгілі.
Редакцияға арнайы келген Серік Жүнісбекұлының дәтке қуат қылатыны, 1943 жылы соғысқа аттанған әкесі Жүнісбек Жарылғапов 1949 жылдың мамырында елге аман оралған. Оның бауыры – Байжүніс 1941 жылы соғысқа аттанып, содан хабар-ошарсыз кеткен.
Осыдан 15 жыл бұрын, шілдеде өмірден өткен майдангердің күнделігі не дейді?
“1943 жылы біз небәрі 18 жаста едік. Нарынқолдан Саретбаев Нұрақын, Жұмағұлов Сүлеймен, Жапбасов Жұмаділ, Бөлекбаев Нүсіпбек, Боқбасаров Рақымберді және басқа жігіттер болып әскер қатарына шақырылып, ат-арбамен, жаяу- жалпылы сегіз күнде Алматыға жеттік. Алматыда әскери киім киіп, 1943 жылы 23 мамыр күні жүк поезына мініп, Батысқа қарай тарттық да отырдық. Сонымен 26 күн жол жүріп Украина жері, Киев қаласының төңірегі болу керек бір орманның ішіне келіп бірақ тоқтадық. Сол жерде жаңадан құралып жатқан 210-танк бөлімінің дивизиясына автоматшы-десант болып тізімделдім. Сол жерде әскери жаттығуларды үйреніп, бірнеше айлар тұрып қалдық. 1944 жылы наурызда 2-Украина майданында алғашқы соғысқа кірістік. Осы жылы сәуір айының 28-і күні оң аяғымнан жараланып, Тюменьде госпитальда жаттым. Содан тамыз айының басында госпитальдан айығып шығып, қайтадан 20-30-шы шамасында Польша арқылы неміс жеріне келіп, Ваймер деген селода, 25-танк бригадасындағы 7-танк корпусының 3-батальонына тағы да десант болып орналастық. Сол арада корпусты толықтырып 4-5 ай шамасында жаттығулар үйреніп, 1945 жылы ақпан айында Берлин түбінде соғысқа қайта кірдік. Соғыс бұрынғыдай емес. Жауыздардың үрейі ұшып қалған кез екен. “Ура, за Родину, за Сталина!” деп жүргенде сәуір айының 13-і күні сол иығымнан жараланып, Украина жерінде, Львов қаласында госпитальда жаттым. Осында жақсылық күн туды. 1945 жылы 7 мамырда ертеңгі сағат 10-дағы соңғы хабарда: “Неміс басқыншылары жеңілді, біз жеңдік!” деген сөздерді естігенде сол жатқан госпитальда уралаған айқай, күлген, жылаған, қуанышты дауыстар дәл бүгінгідей әлі есімде”, – деп сыр шертеді жауынгер күнделігінің алғашқы беттері.
***
“Сонымен, соғысты бітірдік, бейбітшілік күн туды. 26 мамыр күні госпитальдан айығып шыққаннан кейін, мен Батыс Украинадағы Карпат тауының бөктерінде Польша мен Кеңес Одағы шекарасындағы 218-шекарашылар полкының 6-шекара отрядына жіберілдім. Сондағы Дроговический облысы Добромобиль қаласы іргесіндегі Трушенович поселкесіне орналасқан 1-погран заставада шекарашы болып қызмет атқардым. Сол Карпат тауында шекарашы болып жүргендегі қызметтен бандеровшылардың (Украинаны КСРО-ға қоспау үшін күрескен адамдар) көрсеткен әрекеттерінен де әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқпын”, дейді күнделік беттеріне көз жүгіртсек. Соған қарағанда Жүнісбек Жарылғапұлы бұл жазбаларды кейінірек, естелік үшін жазғаны аңғарылады.
“...1948 жылы қыркүйек айында осы селодағы құпия жағдайды айтып тұратын екі жас бала бар екен. Сол балалар бір күні: “3-4 бандеровшылар селодағы бір үйге кіріп кетті, тез жетіңдер”, деп заставаға хабар берді. 15 жауынгерді бірден сонда жіберді. Басшымыз застава бастығының орынбасары лейтенант Лосев әлгі үйге жеткен соң, 10 жауынгерді қоршауға қойып, командир және 5 жауынгермен үйге кірдік. 3 бөлмелі үй екен. Кіріп келсек, жасы 25-30 шамасындағы украинның әдемі жас келіншегі үстел үстіне көп етіп тұшпара дайындап жатыр. Үйде басқа тірі жан жоқ. Лейтенант: “Бұл тұшпараны кімге дайындап жатырсың?” деп сұрады. Ол: “Ертең біздің Рождество мерекеміз, соған туыстар келеді”, деді.
Офицер бізге бөлмелерді тінтуге бұйрық берді. Біз жаппай үй тінтуге кірістік. Үйде ешкім жоқ, ештеңе таппадық. Қайта айналып, ас үйге келсек бұрышта үлкен бір бөшкеде тұздалған капуста тұр екен. Әлгіні аударып қарасақ, астында кәдімгі жертөленің аузындай ұра көрінді, үңілсек, ішінде баспалдақ тұр. Офицер келіп қарап, мынаның ішінде адам бар деп шешіп, әлгі үйдегі әйелді ертіп келіп, тергеп еді, ол ештеңе айтпады. Сол арада әйелді шешіндіріп, біздің бір солдаттың сыртқы киімін кидіріп, беліне белдік буып, қолына мылтықтың затворын беріп, кәдімгі біздің солдат сияқты етіп, даусын шығармауға бұйрық беріп, жертөлеге түсірді.
Әлгі әйел жалтақтап, жан-жағына қарап, баспалдақпен 3-4 басып, төмен түскені сол еді, жер астынан тарс еткен мылтық даусы естілді де әйел құлап түсті. Сол арада офицеріміз 3 гранатты әлгі тесіктен ішіне лақтырды, ол жарылып біткен соң, сол жерде тұрған 5 солдатқа жаңағы жертөлеге түсуге бұйрық берді. Біз ыршып-ыршып ішіне түссек, әлгі жерде алты бандеровшы естері ауып, талып жатыр екен, суырып далаға шығардық. Жертөледе оқ-дәрі мылтық, автомат көп екен. Бәрі де біздікі, жертөледен шыққан соң бәрі де есін жиды, айдап заставаға келдік. Сөйтсек, бұлар өте ірі бандеровшылар екен. Сол жолы бізге алғыс жариялап, 1948 жылы желтоқсан айында туған елге 40 күнге демалып қайтуға рұқсат берді. Сонымен 1949 жылы мамыр айында әскери міндетті атқарып, туған жерге қайта келіп, бейбітшілік заманда отбасын құрып, өмір кештік”.
***
Міне, бұл жолдар бір ғана майдангердің жазбаларынан табылып отыр. Ал, сол Нарынқолдағы байырғы елден 400-ден астам адам соғысқа кеткен. Оралғанынан, оралмағаны қаншама?! Бүгінгі күндері сол боздақтардың үрім-бұтағы жиналып, майданда шейіт болғандарды еске алып тұру үшін үлкен монумент ашудың қамымен жүрген жайы бар.
АЛМАТЫ.
Суретте: оң жақта майдангер Жүнісбек Жарылғапов. 1947 жыл.
ЖЕҢІС ПАРАДЫНА ҚАТЫСҚАН
Талқа ағаның ерлігі мен ерен еңбегін қанша жазсақ та таусылмайтын тақырып сияқты боп көрінеді бізге. Өйткені, бүгінгі ұрпақ үшін аға буынның өмір жолы өзіндік өрнегімен бедерленіп, тұтас бір тарихқа айналғалы қашан. Тарихтан теберік алып үйренген кейінгі толқын ағалар жүрген жолдан әлденені іздейтіндей. Ол ұрпаққа — ұран, ерлікке — мұра болып қалған ізгі дәстүр шығар деп ойлаймыз.
1945 жылдың 9 мамыры. Герман басқыншыларын өз апанында от-жалынға ораған даңқты Қызыл Армия жауынгерлерінің қуанышында шек жоқ. Бөркін аспанға атып, “уралаған” зор дауыстың екпіні фашизмнен азат болған барлық қалалар мен селоларды, қалың орман мен тау-тастарды дүр сілкіндірді. “Жеңіс” деген жалғыз сөз бірі — әкесін, бірі — ұлын, бірі — жарын зарыға күткен ауылдағы ата мен ананың, келін мен баланың сарытап болған сағынышын самал боп үрледі. Бірақ, соғыстың солдаттары елге асығар емес. Өйткені, Қызыл Армияның жеңімпаз жауынгерлерін Мәскеудегі Жеңіс парады күтіп тұр еді...
Қызыл алаң. Маусым айы. Алқызыл гүлдер алауына шомылған солдаттар лек-легімен аяқтарын нық басып, Үкімет басшылары тұрған мінбер алдынан сап түзеп өтіп жатыр. Солардың арасында пилоткасын шекесіне сәл ысыра киген, кеудесі орден-медальға толы қазақ солдаты Талқа Әйменов те бар еді. Соғыстың 1323 күнін алдыңғы шепте өткізген, талай қанды қырғынның куәсі болған азамат дәл сол сәтте кейін өзі туралы талай естеліктер айтылып, талай шежіре жазыларын ойлаған жоқ. Жеңіс парадында келе жатып, Отан үшін апат болған майдандас достары еске түскенде көзінен ыстық жас ыршып түсті. Кеудесін кек қысып, жүрегінен жалын атқылайды. “Тірі болғанда олар да қасымда келе жатар еді-ау”, – деп жан-жағынан жаралы жолдастарын іздегендей болады. Қайдан? Сарт-сұрт жүріс. Жалынды сөздер, уралған дауыс. Әлден уақытта өзін құшақтаған, бетін сүйген әлдебіреулердің, әлдебіреулер емес-ау, қуаныштан көз-жасына ерік берген өзінің туған халқының құшағында кетіп бара жатқанын сезді. “Бөтенсің” демей бауырына басқан халықтың ықылас-пейіліне жүрегі елжіреген қазақтың қара баласы енді елге жетуге асықты.
Қызыл алаңдағы ұлы Жеңіс парадына қатысқаннан кейін Талқа ағамыз 1946 жылы жазда аман-есен елге оралып, үйдің тұз-дәмін татады. Соғыс салған жараны емдеушілердің бірі ретінде бейбіт еңбектің тыныс-тіршілігіне қызу араласады. Туып-өскен жері – Шәуілдір аудандық су шаруашылығын басқара жүріп, сол өңірдегі суармалы егістің көлемін ұлғайтуға мол үлесін қосады. Арыс, Ақсу, Бадам суландыру жүйесінің басқармасында, облыстық су шаруашылығының бастығы қызметтерін атқара жүріп, күш-қайратын қайткенде де ел өңірін өркендетуге жұмсайды. Бұл салада Тәкеңнің ізі облыстың кез келген аймағында сайрап жатыр деуге әбден болады. Арыс, Түркістан, Көкмардан, Шәуілдір, Ғазалкент каналдарымен қоса елдің өзге өңірлеріндегі Ертіс – Қарағанды, Үлкен Алматы каналдарының құрылысын өз қолымен салды. Сондай-ақ, Ақдала, Келес, Шілік, Қоғалы, Қызылқұм алқаптарын суландыруда оның сіңірген еңбегі аса зор болды. Алматыдағы одақтық “Главриссовхозстрой” мекемесі бастығының бірінші орынбасары болып қызмет істеп жүргенде Димаш Ахметұлы Қонаевпен бірнеше рет бетпе-бет кездесіп, әңгімелесу, пікір алысу құрметіне ие болған Талқа ағаның дара тұлға туралы естелігін тыңдасаңыз бір кітапқа жүк боларлық ғибрат аласыз.
Ұзақ жылдар бойы басшылық салада қызмет етіп, халық игілігіне жарайтын іс-шараларда өшпестей етіп қол таңбасын қалдырған ол екі рет Еңбек Қызыл Ту, “Құрмет Белгісі” ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталады. “Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген гидротехник” атағын алды. Тірі кезінде Отырар, Арыс, Шардара, Мақтаарал аудандарының, Түркістан қаласының “Құрметті азаматы” атанды. Бүгінде, бұрынғы Көкмардан каналы осы Талқа Әйменовтің есімін еншілеген. Ал, Шымкенттегі өзі тұрған көшеге де оның аты берілді.
Иә, кешегі қанқұйлы соғыста да, жаймашуақ бейбіт өмірде де алғы сапта көрінген Тәкең жайлы айтылар жыр, шертілер сыр көп-ақ. Ағамыз тірі болғанда биыл 88 жасқа толады екен. Кеудесін орден-медальға толтырып Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған шеруде салтанат құрып жүрер еді. Бірақ әрбір пендеге өлшеніп берілген ғұмыр бар. Сол ғұмырды үлкен әріптермен өлместей етіп жазып кеткен майдангер Талқа Әйменовтің есімі Жеңіс парадында жұлдыздай жанып тұратыны анық.
Нұрлан КЕНЖЕҒҰЛОВ, журналист.
Оңтүстік Қазақстан облысы.
ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ
Өскеменде Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігі мен С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен “Қазақстан Ұлы Отан соғысында: тарихы, зерттеу әдіснамасы және заманауи көзқарас” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Конференция жұмысына қатысу үшін Қазақстан мен Ресейдің ғалымдары, мұрағаттар мен мұражайлардың қызметкерлері, қала, облыс ардагерлер ұйымдарының өкілдері, ұстаздар қауымы қатысты. Конференцияда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев 1418 күнге созылған сұрапыл соғыстың келтірген зияны жайлы айта келіп, майдан шебіне қатысқан кеңес әскерлерінің саны 34 миллион 476 мың 700 адам болғанын, олардың 26,6 миллионы құрбан болғанын тілге тиек етті. Иә, қан майданда кеңес әскерлері ерліктің үлгісін танытты, фашистердің арам ойларын жүзеге асырмады, демек, ерлік пен өрлік жайлы кейінгі толқынға кеңірек айтып, олардың батырлығын өнеге етіп отыруымыз қажет деді, өңір басшысы.
Бұдан кейін Парламент Мәжілісінің депутаты С.Ферхо сөз алып, қазақстандықтардың Ұлы Жеңісті жақындатуға қосқан ерекше үлесі жайлы айтып берді. Жасаған ерліктері үшін 500 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры, ал 100-ден астамы “Даңқ” орденінің толық иегері атанды. Қазақтың екі бірдей қызы – Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың есімдері аңызға айналды. Қазір екі бірдей Кеңес Одағының Батыр қыздарына Санкт-Петербург, басқа қалаларда ескерткіштер орнатылып, олардың есімдерімен мектептер мен көшелер аталады. Нұркен Әбдіров, Талғат Бигелдинов, Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров, Ізғұтты Айтықов, басқа да батырлар есімдері мәңгі есімізде, деді халық қалаулысы. Бұдан соң Парламент депутаты Үкімет тарапынан ардагерлерге жасалып отырған қамқорлық жайлы айтты.
Ресейдің Новосібір қаласынан келген РҒА Сібір бөлімшесі тарих институтының директоры Владимир Ламинның сөзі көпшіліктің көңілінен шықты. Ол келтірген деректер жиналғандарды елең еткізді. “Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Бізден құрбан болған жауынгерлердің саны 12 миллион адамға таяу, ал қаза тапқандардың 13,7 миллионы бейбіт тұрғындар болатын. Көп айтыла бермейтін мына бір деректерге назар аударалықшы. Себебі, әлі күнге өлгендердің есебін толық ала алмай жатырмыз. Бір ғана мысал. Днепр өзенінің оң жағалауында тас қамал болып бекінген жаудың көзін жою үшін қаншама уақыт кеткенін білесіздер. Міне, сол шабуылда күн сайын біздің 27 мың 300 сарбаз құрбан болып отырған. Ал 1943 жылдан бастап фашистер көп қырыла бастады. 1922 жылы туған біздің жауынгерлердің 3 пайызы ғана соғыстан аман-есен оралған. Міне, соғыс зардабы осындай қайғы-қасірет әкелді”,– деді В.Ламин.
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, профессор, халықаралық конференцияны өткізуге бастама көтерген Бейбіт Мамраевтың баяндамасы да көпшіліктің көңілінен шықты. “Жеңіске жету жолында миллиондаған адам өз өмірін қиды. Бүгінгі конференцияны өткізудегі мақсат –соғыс жылдарындағы Қазақстан тарихын зерттеу, мұрағат және мұражай қорын қарап, қарастырылған мәселелердің заманауи тарихтануда тиісті дәрежеде айтылмаған жаңа көздерін ғылыми айналымға енгізу, жаңа зерттеу әдістерін қолға алу мәселесін тілге тиек ете келіп, ресейлік ғалымдарға келіп қатысқандары, ой бөліскендері үшін алғысымызды айтамыз”, деді Бейбіт Баймағамбетұлы.
Конференция аясында Жеңіс мемориалына гүл шоқтарын қою, ШҚМУ әзірлеген “Семейная реликвия” көрмесі, Жеңістің 65 жылдығына арналған көрме ұйымдастырылды. Жиын алдында деректі фильм көрсетілді. Сол күні пленарлық отырыстан кейін секциялық отырыс болып, кешке дөңгелек үстел өткізілді.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
ӨСКЕМЕН.
ЕРЛІГІ ДЕ, ЕҢБЕГІ ДЕ ЕЛЕУЛІ
Бүгінгі ұрпақ – 1941-1945 жылдары болған Ұлы Отан соғысының қасіретін бастан кешкен, ауыртпашылығын қара нардай көтере білген асыл текті жандардың балалары мен немере-шөберелері. Соғыстың ажал сепкен құйынды дауылы қазақтың әрбір дерлік шаңырағын шайқалтып өтті. Кеңес Одағының құрамында болған республикамыздың әрбір азаматы жауға қарсы тізе қоса отырып жанқиярлықпен шайқасты. Жаудың бетін қайтарып, қарша бораған оқтың астында, кескілескен ұрыстарда ерлік көрсеткен боздақтарымыздың қаншамасы мәңгіге соғыс алаңдарында қалды. Аман келген майдангерлердің өзі мүгедек болды.
Елімізде соғыс қаһармандарына тағзым ету дәстүрі қалыптасқан. Әкелері мен аталары соғысқа қатысқан әулеттердің бүгінгі ұрпағы да осы қалыптан айнымай келеді. Павлодар облысында халыққа жасаған қалтқысыз қызметімен елге танылған соғыс және еңбек ардагері Уақап Сыздықов 1992 жылы дүниеден озған еді. Тәуелсіз елімізде өркен жайған ұрпағы Ұлы Жеңіс күні және оның қайтыс болған күні Уақап Бекұлының бейітіне барып, рухына тағзым етіп отырады.
Уақап Сыздықов Павлодар облысы, Лебяжі ауданына қарасты Тілектес ауылында туған. Жастық шағы аштық зобалаңына, жаппай ұжымдастыру саясатының лаңына сәйкес келеді. 1930 жылдардағы қазақ халқының басына төнген қасірет бұл отбасына да бірнеше рет қайғының ащы запыранын жұтқызып, жақындарынан айырады. Негізгі азығы болған малынан көз жазған қазақтың қаншама шаңырағы селдіреп қалды. Сыздық пен Корликоның отбасында он екі бала болса, соның тек екеуі тірі қалған! Олар – Уақап пен оның інісі Мұташ.
1937-38 жылдардағы сталиндік қуғын-сүргін, 1941 жылы басталған Ұлы Отан соғысы халықтың қайғы-қасіретін молайта түскен еді. Көптеген азаматтар алғашқы күннен соғысқа алынды. Сол тұста 9 сыныпты бітірген Уақап әскерге алынған мұғалімнің орнын ауыстырып, бастауыш сынып оқушыларына сабақ береді. Айта кету керек, ол орта және жоғары білімді кейін жұмыс істей жүріп алған болатын.
Ал 1942 жылы қыркүйек айында Уақап та әскерге алынады. Бастапқыда Түркіменстанның Чарджоу қаласындағы әскери училищеде жедел дайындықтан өтеді. 1943 жылдың ақпанында кіші лейтенант У.Сыздықов соғысқа аттанады. Брянск майданына келіп түскен ол 235-ші атқыштар дивизиясының 732-ші атқыштар полкінде взвод командирі болып тағайындалады. Бұл кезде полк Сухиничи қаласын жаудан азат ету ұрысын жүргізіп жатқан болатын.
Ақпан айы. Жауынгерлер мен командирлер қалың қарға көмілген блиндаждар мен окоптарда тұрып жатады. Немістер траншея мен блиндаждарды үнемі оқтың астына алып отырады. Біздің жауынгерлер де оларға оқтын-оқтын “жауап” беріп тұрады. “Тіл” әкелу, жаудың орналасқан жерін айқындау үшін барлаушылар жіберіледі. Жаудың оғынан мерт болғандар да аз емес. Алғы шепке шыққан күндерінің бірінде кіші лейтенант Сыздықов жарақат алады. Алланың көзі түзу болып, мина жарықшақтары ішкі органдарына дарымай, тек бірнеше қабырғасы мен оң жақ бұғананың төменгі жағындағы бұлшық етін жаралапты. Майдандағы дала госпиталінде емделіп шыққан ол 1943 жылы мамыр айының басында өз полкіне келіп қосылады. Алайда, бірге келген майдандастарының қатары сиреп қалғанын байқайды. Кейбірі жарақат алып, емделуге жіберілсе, бірқатары ұрыс алаңында көз жұмған екен. Дегенмен, полк жаңа жауынгерлермен толықтырылып отыратыны анық. Атқыштар полкі бұл кезде винтовканың орнына ППШ (Шпагиннің пистолет-пулеметі) және ППД (Дегтяревтің пистолет-пулеметі) автоматтарына қолдары жеткен. Барлығы осы кезде алдағы болатын жойқын ұрысты күткен. Кейін ол тарихта Орлов-Курск шайқасы деп аталғаны белгілі. Бұл шайқас Ұлы Отан соғысында Кеңес Армиясының жауды жеңудегі негізгі бағытын айқындап берген болатын.
Шайқастың алғашқы күнінде Орлов биігіне десанттар жіберіледі. Оның құрамында Сыздықовтың взводы да бар. Десанттарға жаудың коммуникациялық байланыстарын талқандау міндеті жүктелген-тін. Десанттар екі тәулік бойы жаудың бекінген жерлерін талқандайды. Немістер жағы да оқ жаудырады. Осындай ұрыстардың бірінде жау автоматының оғы Уақаптың жамбасынан тиеді. Қасында десанттардың бірде-біреуі қалмағанын көреді. Ол не жүре алмайды, не жер бауырлап қозғала алмайды. Осылай қансырап жатқанда ағаштардың арасынан бір жауынгердің келе жатқанын байқайды. Жаудың адамы ма, әлде кеңес жауынгері ме, анық білмейді. “Не өмір, не өлім” деп тәуекелге басып, дауыстап өзінің кім екенін және жараланғандықтан жүре алмайтынын айтады. Көрер жарығы бар екен, келе жатқан жігіт кеңес солдаты болып шығады. Ол мұны арқалап алады, ал Уақап оған оққа ұрынбай, жаудың арасынан қалай шығатын жолды көрсетіп отырады. Сөйтіп, екеуі тап келген ажалдан аман қалады. Соғыста бір туған бауырдай болған екеуі кейін бейбіт кезде де байланыстарын үзбей, ұзақ жылдар бойы хат жазысып тұрды.
У. Сыздықовтың бұл жолғы жарақаты ауыр болып шығады. Жаудың оғы оң жақ жамбас сүйегіне тиіпті. Уақап бірнеше ай бойы Саратов қаласындағы госпитальде емделеді. Жарақатына байланысты соғысқа қайта жіберілмегенімен, әскер қатарынан босатылмайды. “Ерлігі үшін” медалімен марапатталған, лейтенант шеніне жоғарылатылған Сыздықов Бас қолбасшының резервтегі 8-ші гвардиялық авиациялық дивизиясының аэродромға қызмет көрсететін 619-шы жеке батальонының штабына жіберіледі. Осы батальон құрамында ол Украина, Беларусь және Польша жерлерін басып өтті. 1945 жылы 9 мамырда Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғанмен, ол тек сол жылы желтоқсан айында әскери қызметтен босап, елге оралады.
Ауылға келсе, соғыс қажытқан тіршілікті көзбен көреді. Ауыр салмақ түскен қариялар мен аналар қажып кеткен. Көптеген замандастары оралмаған. Аман келгендері де өзі секілді әр түрлі жарақат алған жандар. Енді оларды соғыстан кейінгі елді қалпына келтіру майданы күтіп тұрған еді.
У.Сыздықов әуелі Жаңаауыл жеті жылдық мектебіне мұғалім болып алынады. Бастапқыда бастауыш сыныптардың ұстазы болса, кейін жеке пәндер бойынша дәріс береді. Осы жылдары Павлодар педагогика училищесін сырттай бітіреді. Үш жылдан кейін жас та болса, талабы жоғары мұғалім мектеп директоры етіп тағайындалады Және де ол жергілікті ұжымшардың партиялық ұйымының хатшысы болып сайланады.
1951 жылы ұжымшарларды ірілендіру үдерісі жүргізіледі. Лебяжі ауданындағы екі ұжымшардан Сталин атындағы жаңа ірі ұжымшар құрылған. Осы ұжымшардың партия ұйымына өз қызметіне деген белсенді де ұқыпты қасиеттерімен бағаланған Уақап Бекұлы хатшы болып бекітіледі. Бір жарым жылдан кейін ол осы ұжымшардың төрағасы болады.
Сол кезде елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру үшін қанын да, жанын да аямай қызмет жасайтын адамдар керек болды. Келешегінен үміт күттіретін мамандар партия және шаруашылық жұмыстарына тартылып, лауазымдық қызметтерге көтерілді.
Адал қызметімен абырой жинаған У.Сыздықов аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, “Шақат” кеңшарының директоры болды. Содан кейінгі 25 жылдай еңбегі оның ең белсенді қызметі мен ұйымдастырушылық қабілетін айқын көрсеткен кезең болды десек, артық айтқандық емес. Ол Павлодар, Успен, Лебяжі және Ертіс аудандарында атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Одан соң Шарбақты және Май аудандарында партия комитетінің бірінші хатшысы болды.
Елдің еңсесін көтерген 1960-70 жылдардағы кезеңде Уақап Бекұлы Павлодар өңірінде ауыл шаруашылығының индустриялық жаңа деңгейге көтерілуіне ерекше үлес қосты. Сол жылдары Май ауданында мал шаруашылығы да өркен жайды, ет пен сүт өнімділігі артты. Еңбек адамдарының тұрмысы жақсарып, еңбектері бағаланды, әр түрлі жоғарғы мемлекеттік марапаттарға ие болды. Ауыл тұрғындарына жаңа үйлер берілді. Жергілікті ауылдық мекендер жаңаша түрге енді. Ал санаулы жылдар ішінде жаңа үлгідегі тұрғын үйлер салынғандықтан, аудан орталығы абаттандырылған кентке айналды.
Замандастары оны өзіне де, өзгеге де өте талапшыл, шаруашылықты дұрыс жүргізе білетін басшы ретінде еске алады. Егер жұмыс орындалмай жатса, қатал мінез көрсететінін, ал былайғы кезде сабырлы қалпынан айнымайтынын және айтады. Бір кездерде көмек сұрап алдына барған адамдар әлі күнге дейін оны еске алып, “әруағы разы болсын” деп мақтан тұтып отырады. Олар Уақап Бекұлының кісілік келбетін жас ұрпаққа үлгі етеді.
Май ауданындағы қызметтен кейін зейнеткерлікке шықты. Жарты ғасырға жуық еңбек өтілі бар У.Сыздықов артында жарқын із қалдырды. Оның халық пен Отан алдындағы еңбегі жоғары бағаланды. Ол Октябрь Революциясы, үш мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталды. Сондай-ақ “Құрмет Белгісі” және І дәрежелі Отан соғысы ордендерінің, бірқатар медальдардың иегері болды.
Уақап Бекұлы зайыбы Биғайша екеуі төрт ұл, екі қызды дүниеге әкеліп, өмір жолына шыңдады. Балаларының барлығы да жоғары білім алып, өмірден өз орындарын тапты. Бүгінгі таңда тәуелсіз Қазақстанның келешегі үшін әр салада, әр өңірде еселі еңбек етіп, Ұлы Жеңістің салтанат құруына өзіндік үлес қосқан майдангер Уақаптың абыройлы атағын жалғап келеді. Балаларынан тараған немере, шөберелері де аталары салған даңғыл жолда, бейбіт тіршілікте білім мен ғылымның тереңінен нәр алып, мемлекетіміздің жарқын келешегі үшін қызмет етуге атсалысуда.
...Міне, Павлодар өңірі құрмет тұтқан соғыс және еңбек ардагері Уақап Сыздықовтың ерлік және өмір жолдары осындай.
Фарида БЫҚАЙ.
ПАВЛОДАР.