• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
07 Мамыр, 2010

ЖЕҢІС – 65

1213 рет
көрсетілді

МАЙДАНГЕР КҮНДЕЛІГІ Сағыныштан әбден сарғайған, үмітке құндақ­талып, от пен оқтың арасындағы рюкзакта жүріп қажалған ескі күнделікті біздің редакцияға Серік деген азамат алып келді. Ол оның әкесі Жүнісбек Жарылғапов деген майдангердікі екен. Кешегі Кеңес өкіметі ыдырап кеткенін ұмытып, ТМД елдері бір үйдің баласындай Ұлы Жеңісті тойлайын деп жатқанда, әкенің жырым-жырым қағаздардағы жыртық тағдыры ұлын жатқызбаған болу керек. Міне, өстіп майдан даласының шежіресі әлі түгенделіп жатыр. Сол соғыста өмірлерін Отан үшін тәрк еткен тағдырлардың бәрі – қаһарман, алапат жылдарда тылда титықтап, тоқ болып көрмеген, екі көздері жәудіреп әкесін, жарын, бауырын күткендердің баршасын батыр деп білер едік. Із-түссіз кет­кен­дер болса, әлі де іздестіріліп жатқаны баспасөзден белгілі. Редакцияға арнайы келген Серік Жүніс­бекұлының дәтке қуат қылатыны, 1943 жылы соғысқа аттанған әкесі Жүніс­бек Жарылғапов 1949 жылдың мамырында елге аман оралған. Оның бауыры – Байжүніс 1941 жылы соғысқа аттанып, содан хабар-ошарсыз кеткен. Осыдан 15 жыл бұрын, шілдеде өмір­ден өткен майдангердің күнделігі не дейді? “1943 жылы біз небәрі 18 жаста едік. Нарын­қолдан Саретбаев Нұрақын, Жұма­ғұлов Сүлеймен, Жапбасов Жұмаділ, Бөлек­баев Нүсіпбек, Боқбасаров Рақымберді және басқа жігіттер болып әскер қатарына шақырылып, ат-арба­мен, жаяу- жалпылы сегіз күнде Алматыға жет­тік. Алматыда әскери киім киіп, 1943 жылы 23 мамыр күні жүк поезына мініп, Батысқа қарай тарттық да отырдық. Сонымен 26 күн жол жүріп Украина жері, Киев қаласының төңірегі болу керек бір орманның ішіне келіп бірақ тоқтадық. Сол жерде жаңадан құралып жатқан 210-танк бөлімінің дивизиясына автоматшы-десант болып тізімделдім. Сол жерде әскери жаттығуларды үйреніп, бірнеше айлар тұрып қалдық. 1944 жылы наурызда 2-Украина майданында алғашқы соғысқа кірістік. Осы жылы сәуір айының 28-і күні оң аяғымнан жарала­нып, Тюменьде госпи­таль­да жаттым. Содан тамыз айының басында гос­пи­­таль­дан айығып шығып, қайтадан 20-30-шы шама­сында Польша арқылы неміс жеріне келіп, Ваймер деген селода, 25-танк бригадасындағы 7-танк кор­пусы­ның 3-батальонына тағы да десант болып орна­ластық. Сол арада корпус­ты толықтырып 4-5 ай шама­сында жаттығулар үйреніп, 1945 жылы ақпан айында Берлин түбінде соғысқа қайта кірдік. Соғыс бұрынғыдай емес. Жауыздардың үрейі ұшып қалған кез екен. “Ура, за Родину, за Сталина!” деп жүргенде сәуір айының 13-і күні сол иығымнан жараланып, Украи­на жерінде, Львов қаласында госпитальда жат­тым. Осында жақсылық күн туды. 1945 жылы 7 мамырда ертеңгі сағат 10-дағы соңғы хабарда: “Неміс басқыншылары жеңілді, біз жеңдік!” деген сөздерді естігенде сол жатқан госпитальда уралаған айқай, күлген, жылаған, қуанышты дауыстар дәл бүгінгідей әлі есімде”, – деп сыр шертеді жауынгер күнделігінің алғашқы беттері. *** “Сонымен, соғысты бітірдік, бейбітшілік күн туды. 26 мамыр күні госпитальдан айығып шыққан­нан кейін, мен Батыс Украинадағы Карпат тауының бөктерінде Польша мен Кеңес Одағы шекарасын­дағы 218-шекарашылар полкының 6-шекара отрядына жіберілдім. Сондағы Дроговиче­ский облысы Добромобиль қаласы іргесіндегі Трушено­вич поселкесіне орналасқан 1-погран заставада шекарашы болып қызмет атқардым. Сол Карпат тауында шекарашы болып жүргендегі қызметтен бандеровшылардың (Украинаны КСРО-ға қоспау үшін күрескен адамдар) көрсеткен әрекеттерінен де әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқпын”, дейді күнделік беттеріне көз жүгіртсек. Соған қарағанда Жүнісбек Жарылғапұлы бұл жазбаларды кейінірек, естелік үшін жазғаны аңғарылады. “...1948 жылы қыркүйек айында осы селодағы құпия жағдайды айтып тұратын екі жас бала бар екен. Сол балалар бір күні: “3-4 бандеровшылар селодағы бір үйге кіріп кетті, тез жетіңдер”, деп заставаға хабар берді. 15 жауынгерді бірден сонда жіберді. Басшымыз застава бастығының орынбасары лейтенант Лосев әлгі үйге жеткен соң, 10 жауынгерді қоршауға қойып, командир және 5 жауынгермен үйге кірдік. 3 бөлмелі үй екен. Кіріп келсек, жасы 25-30 шамасындағы украинның әдемі жас келіншегі үстел үстіне көп етіп тұшпара дайындап жатыр. Үйде басқа тірі жан жоқ. Лейтенант: “Бұл тұшпараны кімге дайындап жатырсың?” деп сұрады. Ол: “Ертең біздің Рождество мерекеміз, соған туыстар келеді”, деді. Офицер бізге бөлмелерді тінтуге бұйрық берді. Біз жаппай үй тінтуге кірістік. Үйде ешкім жоқ, ештеңе таппадық. Қайта айналып, ас үйге келсек бұрышта үлкен бір бөшкеде тұздалған капуста тұр екен. Әлгіні аударып қарасақ, астында кәдімгі жертөленің аузындай ұра көрінді, үңілсек, ішінде баспалдақ тұр. Офицер келіп қарап, мынаның ішінде адам бар деп шешіп, әлгі үйдегі әйелді ертіп келіп, тергеп еді, ол ештеңе айтпады. Сол арада әйелді шешіндіріп, біздің бір солдаттың сыртқы киімін кидіріп, беліне белдік буып, қолына мылтықтың затворын беріп, кәдімгі біздің солдат сияқты етіп, даусын шығармауға бұйрық беріп, жертөлеге түсірді. Әлгі әйел жалтақтап, жан-жағына қарап, баспалдақ­пен 3-4 басып, төмен түскені сол еді, жер астынан тарс еткен мылтық даусы естілді де әйел құлап түсті. Сол арада офицеріміз 3 гранатты әлгі тесіктен ішіне лақтыр­ды, ол жарылып біткен соң, сол жерде тұрған 5 солдат­қа жаңағы жертөлеге түсуге бұйрық берді. Біз ыршып-ыр­шып ішіне түссек, әлгі жерде алты бандеров­шы ес­тері ауып, талып жатыр екен, суырып далаға шығардық. Жертөледе оқ-дәрі мылтық, автомат көп екен. Бәрі де біздікі, жертөледен шыққан соң бәрі де есін жиды, айдап заставаға келдік. Сөйтсек, бұлар өте ірі бандеров­шылар екен. Сол жолы бізге алғыс жария­лап, 1948 жылы жел­тоқ­сан айында туған елге 40 күнге демалып қайтуға рұқсат берді. Сонымен 1949 жылы мамыр айында әскери міндетті атқарып, туған жерге қайта келіп, бейбітшілік заманда отбасын құрып, өмір кештік”. *** Міне, бұл жолдар бір ғана майдангердің жазба­лары­нан табылып отыр. Ал, сол Нарынқолдағы байырғы елден 400-ден астам адам соғысқа кеткен. Оралғанынан, оралмағаны қаншама?! Бүгінгі күндері сол боздақтардың үрім-бұтағы жиналып, майданда шейіт болғандарды еске алып тұру үшін үлкен монумент ашудың қамымен жүрген жайы бар. АЛМАТЫ. Суретте: оң жақта майдангер Жүнісбек Жарылғапов. 1947 жыл. ЖЕҢІС ПАРАДЫНА ҚАТЫСҚАН Талқа ағаның ерлігі мен ерен еңбегін қанша жазсақ та таусыл­майтын тақырып сияқты боп көріне­ді бізге. Өйткені, бүгінгі ұрпақ үшін аға буынның өмір жолы өзіндік өрнегімен бедерленіп, тұтас бір тарихқа айналғалы қашан. Тарихтан теберік алып үйренген кейін­гі тол­қын ағалар жүрген жол­дан әлденені іздейтіндей. Ол ұрпақ­қа — ұран, ерлікке — мұра болып қалған ізгі дәстүр шығар деп ойлаймыз. 1945 жылдың 9 мамыры. Гер­ман басқыншыларын өз апанында от-жалынға ораған даңқты Қызыл Армия жауынгерлерінің қуаны­шында шек жоқ. Бөркін аспанға атып, “уралаған” зор дауыстың екпіні фашизмнен азат болған бар­лық қалалар мен селоларды, қалың орман мен тау-тастарды дүр сілкіндірді. “Жеңіс” деген жалғыз сөз бірі — әкесін, бірі — ұлын, бірі — жарын зарыға күткен ауылдағы ата мен ананың, келін мен баланың сарытап болған сағынышын самал боп үрледі. Бірақ, соғыстың солдат­тары елге асығар емес. Өйткені, Қызыл Армияның жеңімпаз жауын­герлерін Мәскеудегі Жеңіс парады күтіп тұр еді... Қызыл алаң. Маусым айы. Алқызыл гүлдер алауына шомылған солдаттар лек-легімен аяқтарын нық басып, Үкімет басшылары тұрған мінбер алдынан сап түзеп өтіп жатыр. Солардың арасында пилоткасын шекесіне сәл ысыра киген, кеудесі орден-медальға толы қазақ солдаты Талқа Әйменов те бар еді. Соғыстың 1323 күнін ал­дыңғы шепте өткізген, талай қанды қырғынның куәсі болған азамат дәл сол сәтте кейін өзі туралы талай естеліктер айтылып, талай шежіре жазыларын ойлаған жоқ. Жеңіс парадында келе жатып, Отан үшін апат болған майдандас дос­тары еске түскенде көзінен ыстық жас ыр­шып түсті. Кеудесін кек қысып, жүрегінен жалын атқылай­ды. “Тірі болғанда олар да қасымда келе жатар еді-ау”, – деп жан-жағы­нан жаралы жолдастарын іздегендей болады. Қайдан? Сарт-сұрт жүріс. Жалынды сөздер, урал­ған дауыс. Әлден уақытта өзін құшақ­таған, бетін сүйген әлдебіреу­лердің, әлде­біреулер емес-ау, қуаныштан көз-жасына ерік берген өзінің туған халқының құшағында кетіп бара жатқанын сезді. “Бөтенсің” демей бауырына басқан халықтың ықылас-пейіліне жүрегі елжіреген қазақтың қара баласы енді елге жетуге асықты. Қызыл алаңдағы ұлы Жеңіс парадына қатысқаннан кейін Талқа ағамыз 1946 жылы жазда аман-есен елге оралып, үйдің тұз-дәмін татады. Соғыс салған жараны емдеушілердің бірі ретінде бейбіт еңбектің тыныс-тір­ші­лігіне қызу араласады. Туып-өскен жері – Шәуіл­дір аудандық су шаруашы­лығын басқара жүріп, сол өңірдегі суармалы егістің көлемін ұлғайтуға мол үлесін қосады. Арыс, Ақсу, Бадам суландыру жүйесінің бас­қар­масында, облыстық су шаруа­­шы­лығының бастығы қыз­мет­терін атқара жүріп, күш-қай­ратын қайт­кенде де ел өңірін өркендетуге жұмсайды. Бұл салада Тәкеңнің ізі облыстың кез келген аймағында сайрап жатыр деуге әбден болады. Арыс, Түркістан, Көк­мардан, Шәуілдір, Ғазалкент канал­дарымен қоса елдің өзге өңірлеріндегі Ертіс – Қараған­ды, Үлкен Алматы каналдары­ның құрылы­сын өз қолымен салды. Сондай-ақ, Ақдала, Келес, Шілік, Қоғалы, Қызыл­құм ал­қап­тарын суландыруда оның сіңір­ген еңбегі аса зор болды. Ал­матыдағы одақтық “Главрис­сов­хоз­строй” мекемесі бас­ты­ғының бірін­ші орын­­басары бо­лып қыз­мет істеп жүрген­де Димаш Ах­мет­­ұлы Қо­наев­пен бірнеше рет бетпе-бет кездесіп, әң­гі­­ме­лесу, пікір алысу құр­­метіне ие болған Талқа ағаның дара тұлға туралы естелігін тың­дасаңыз бір кітапқа жүк бо­ларлық ғибрат ала­сыз. Ұзақ жылдар бойы басшы­лық салада қызмет етіп, халық игілігіне жарайтын іс-шараларда өшпес­тей етіп қол таңбасын қалдырған ол екі рет Еңбек Қы­зыл Ту, “Құрмет Белгісі” орден­дерімен, көптеген медальдармен марапат­талады. “Қазақстан Рес­пуб­ликасына еңбек сіңірген гидро­техник” атағын алды. Тірі кезін­де Отырар, Арыс, Шардара, Мақтаарал аудандарының, Түркі­стан қаласының “Құрметті азаматы” атанды. Бүгінде, бұ­рынғ­ы Көкмардан каналы осы Талқа Әйменовтің есімін енші­ле­ген. Ал, Шымкенттегі өзі тұр­ған көшеге де оның аты берілді. Иә, кешегі қанқұйлы соғыста да, жаймашуақ бейбіт өмірде де алғы сапта көрінген Тәкең жай­лы айтылар жыр, шертілер сыр көп-ақ. Ағамыз тірі болғанда биыл 88 жасқа толады екен. Кеу­де­сін орден-медальға толты­рып Ұлы Жеңістің 65 жылды­ғына арналған шеруде салтанат құрып жүрер еді. Бірақ әрбір пендеге өлшеніп берілген ғұмыр бар. Сол ғұмырды үлкен әріп­тер­мен өл­мес­тей етіп жазып кеткен май­дан­гер Талқа Әй­менов­тің есімі Жеңіс парадын­да жұлдыз­дай жанып тұратыны анық. Нұрлан КЕНЖЕҒҰЛОВ, журналист. Оңтүстік Қазақстан облысы. ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ Өскеменде Шығыс Қазақстан облыстық әкім­дігі мен С.Аман­жолов атындағы Шығыс Қазақ­стан мемлекеттік университетінің ұйым­дастыруымен “Қазақстан Ұлы Отан соғысында: тарихы, зерттеу әдіснамасы және заманауи көз­қарас” атты халықаралық ғылыми-тәжірибе­лік конференция болып өтті. Конференция жұмы­сына қатысу үшін Қазақстан мен Ресейдің ғалымдары, мұрағаттар мен мұражайлардың қызметкер­лері, қала, облыс ардагерлер ұйым­­дарының өкілдері, ұстаздар қауымы қатысты. Конференцияда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев 1418 күнге созылған сұрапыл соғыстың келтірген зияны жайлы айта келіп, майдан шебіне қатысқан кеңес әскерлерінің саны 34 миллион 476 мың 700 адам бол­ғанын, олардың 26,6 мил­лионы құрбан болғанын тілге тиек етті. Иә, қан майданда кеңес әскерлері ер­ліктің үлгісін танытты, фашистердің арам ойларын жүзеге асырмады, демек, ерлік пен өрлік жайлы кейінгі толқынға кеңірек айтып, олардың батырлы­ғын өнеге етіп отыруымыз қажет деді, өңір басшысы. Бұдан кейін Парламент Мә­жі­лісінің депу­таты С.Ферхо сөз алып, қазақстандық­тардың Ұлы Жеңісті жақын­датуға қос­қан ерекше үлесі жайлы айтып берді. Жасаған ерліктері үшін 500 жер­лесіміз Кеңес Одағының Батыры, ал 100-ден астамы “Даңқ” орденінің толық иегері атанды. Қазақтың екі бірдей қызы – Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мә­метованың есімдері аңызға айнал­ды. Қазір екі бірдей Кеңес Одағы­ның Батыр қыздарына Санкт-Петербург, басқа қалаларда ескерт­кіштер орнатылып, олардың есім­­дері­мен мектептер мен көше­лер ата­ла­ды. Нұркен Әбдіров, Талғат Бигелдинов, Бауыржан Момыш­ұлы, Төлеген Тоқтаров, Ізғұтты Ай­тықов, басқа да батырлар есімдері мәңгі есі­мізде, деді халық қалаулы­сы. Бұдан соң Парламент депутаты Үкі­мет тарапынан ардагерлерге жаса­лып отырған қамқорлық жайлы айтты. Ресейдің Новосібір қаласынан келген РҒА Сібір бөлімшесі тарих институтының директоры Влади­мир Ламинның сөзі көпшіліктің көңілінен шықты. Ол келтірген деректер жиналғандарды елең еткізді. “Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Бізден құрбан болған жауын­герлердің саны 12 миллион адамға таяу, ал қаза тапқандардың 13,7 миллионы бейбіт тұрғындар бола­тын. Көп айтыла бермейтін мына бір деректерге назар аударалықшы. Себебі, әлі күнге өлгендердің есе­бін толық ала алмай жатырмыз. Бір ғана мысал. Днепр өзенінің оң жаға­лауында тас қамал болып бекін­ген жаудың көзін жою үшін қаншама уақыт кеткенін білесіздер. Міне, сол шабуылда күн сайын біздің 27 мың 300 сарбаз құрбан болып отырған. Ал 1943 жылдан бастап фашистер көп қырыла бастады. 1922 жылы туған біздің жауынгерлердің 3 пайызы ғана соғыстан аман-есен оралған. Міне, соғыс зардабы осындай қайғы-қасірет әкелді”,– деді В.Ламин. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік универси­тетінің ректоры, про­фессор, халық­аралық конференцияны өткізу­ге бастама көтерген Бейбіт Мам­раевтың баяндамасы да көпші­ліктің көңілінен шықты. “Жеңіске жету жолында миллиондаған адам өз өмірін қиды. Бүгінгі конферен­цияны өткізу­дегі мақсат –соғыс жылдарын­дағы Қазақ­­стан тарихын зерттеу, мұрағат және мұра­­жай қорын қарап, қарас­тырылған мәсе­ле­лердің зама­науи тарихтануда тиісті дәре­жеде айтыл­маған жаңа көздерін ғылыми айна­лымға енгізу, жаңа зерттеу әдістерін қол­ға алу  мәселесін тілге тиек ете келіп, ресейлік ғалым­дар­ға келіп қатыс­қан­дары, ой бөліс­кен­дері үшін алғысымызды айтамыз”, деді Бейбіт Баймағамбетұлы. Конференция аясында Жеңіс мемориа­лына гүл шоқтарын қою, ШҚМУ әзірлеген “Семейная релик­вия” көрмесі, Жеңістің 65 жылдығына арналған көрме ұйымдасты­рылды. Жиын алдында деректі фильм көр­сетілді. Сол күні пленарлық отырыс­тан кейін секциялық отырыс болып, кешке дөңгелек үстел өткізілді. Оңдасын ЕЛУБАЙ. ӨСКЕМЕН. ЕРЛІГІ ДЕ, ЕҢБЕГІ ДЕ ЕЛЕУЛІ Бүгінгі ұрпақ – 1941-1945 жылдары болған Ұлы Отан соғысының қасіретін бастан кешкен, ауыртпашылығын қара нардай көтере білген асыл текті жандардың балалары мен немере-шөберелері. Соғыстың ажал сепкен құйынды дауылы қазақтың әрбір дерлік шаңырағын шайқалтып өтті. Кеңес Одағының құрамында болған республикамыздың әрбір азаматы жауға қарсы тізе қоса отырып жанқиярлықпен шайқасты. Жаудың бетін қайтарып, қарша бораған оқтың астында, кескілескен ұрыстарда ерлік көрсеткен боздақтарымыздың қаншамасы мәңгіге соғыс алаңдарында қалды. Аман келген майдангерлердің өзі мүгедек болды. Елімізде соғыс қаһармандарына тағзым ету дәстүрі қалыптасқан. Әкелері мен аталары соғысқа қатысқан әулеттердің бүгінгі ұрпағы да осы қалыптан айнымай келеді. Павлодар облы­сында халыққа жасаған қалтқысыз қызметімен елге танылған соғыс және еңбек ардагері Уақап Сыздықов 1992 жылы дүниеден озған еді. Тәуел­сіз елімізде өркен жайған ұрпағы Ұлы Жеңіс күні және оның қайтыс болған күні Уақап Бекұлы­ның бейітіне барып, рухына тағзым етіп отырады. Уақап Сыздықов Павлодар облысы, Лебяжі ауданына қарасты Тілектес ауылында туған. Жастық шағы аштық зобалаңына, жаппай ұжымдастыру саясатының лаңына сәйкес келеді. 1930 жылдардағы қазақ халқының басына төнген қасірет бұл отбасына да бірнеше рет қайғы­ның ащы запыранын жұтқызып, жақын­дарынан айырады. Негізгі азығы болған малы­нан көз жазған қазақтың қаншама шаңырағы селдіреп қалды. Сыздық пен Корликоның отбасында он екі бала болса, соның тек екеуі тірі қалған! Олар – Уақап пен оның інісі Мұташ. 1937-38 жылдардағы сталиндік қуғын-сүргін, 1941 жылы басталған Ұлы Отан соғысы халықтың қайғы-қасіретін молайта түскен еді. Көптеген азаматтар алғашқы күннен соғысқа алынды. Сол тұста 9 сыныпты бітірген Уақап әскерге алынған мұғалімнің орнын ауыстырып, бастауыш сынып оқушыларына сабақ береді. Айта кету керек, ол орта және жоғары білімді кейін жұмыс істей жүріп алған болатын. Ал 1942 жылы қыркүйек айында Уақап та әскерге алынады. Бастапқыда Түркіменстанның Чарджоу қаласындағы әскери училищеде жедел дайындықтан өтеді. 1943 жылдың ақпанында кіші лейтенант У.Сыздықов соғысқа аттанады. Брянск майданына келіп түскен ол 235-ші атқыштар дивизиясының 732-ші атқыштар полкінде взвод командирі болып тағайындалады. Бұл кезде полк Сухиничи қаласын жаудан азат ету ұрысын жүргізіп жатқан болатын. Ақпан айы. Жауынгерлер мен командирлер қалың қарға көмілген блиндаждар мен окоптарда тұрып жатады. Немістер траншея мен блиндаж­дарды үнемі оқтың астына алып отырады. Біздің жауынгерлер де оларға оқтын-оқтын “жауап” беріп тұрады. “Тіл” әкелу, жаудың орналасқан жерін айқындау үшін барлаушылар жіберіледі. Жаудың оғынан мерт болғандар да аз емес. Алғы шепке шыққан күндерінің бірінде кіші лейтенант Сыздықов жарақат алады. Алланың көзі түзу болып, мина жарықшақтары ішкі органдарына дарымай, тек бірнеше қабырғасы мен оң жақ бұға­наның төменгі жағындағы бұлшық етін жара­лапты. Майдандағы дала госпиталінде емделіп шыққан ол 1943 жылы мамыр айының басында өз полкіне келіп қосылады. Алайда, бірге келген майдандастарының қатары сиреп қалғанын байқайды. Кейбірі жарақат алып, емделуге жіберілсе, бірқатары ұрыс алаңында көз жұмған екен. Дегенмен, полк жаңа жауынгерлермен толықтырылып отыратыны анық. Атқыштар полкі бұл кезде винтовканың орнына ППШ (Шпагин­нің пистолет-пулеметі) және ППД (Дегтяревтің пистолет-пулеметі) автоматтарына қолдары жет­кен. Барлығы осы кезде алдағы болатын жойқын ұрысты күткен. Кейін ол тарихта Орлов-Курск шайқасы деп аталғаны белгілі. Бұл шайқас Ұлы Отан соғысында Кеңес Армиясының жауды жеңу­дегі негізгі бағы­тын айқындап берген болатын. Шайқастың алғаш­қы күнінде Орлов биі­гі­не десанттар жібері­леді. Оның құрамында Сыздықовтың взводы да бар. Десанттарға жаудың коммуни­ка­­циялық байланыс­тарын талқандау мін­деті жүк­телген-тін. Десант­тар екі тәулік бойы жаудың бекінген жерлерін талқандайды. Немістер жағы да оқ жаудырады. Осындай ұрыстардың бірінде жау автоматының оғы Уақаптың жамбасынан тиеді. Қасында десанттардың бірде-біреуі қалмағанын көреді. Ол не жүре алмайды, не жер бауырлап қозғала алмайды. Осылай қансырап жатқанда ағаштардың арасынан бір жауынгердің келе жатқанын байқайды. Жаудың адамы ма, әлде кеңес жауынгері ме, анық білмейді. “Не өмір, не өлім” деп тәуекелге басып, дауыстап өзінің кім екенін және жараланғандықтан жүре алмайтынын айтады. Көрер жарығы бар екен, келе жатқан жігіт кеңес солдаты болып шығады. Ол мұны арқалап алады, ал Уақап оған оққа ұрынбай, жаудың арасынан қалай шығатын жолды көрсетіп отырады. Сөйтіп, екеуі тап келген ажалдан аман қалады. Соғыста бір туған бауырдай болған екеуі кейін бейбіт кезде де байланыстарын үзбей, ұзақ жылдар бойы хат жазысып тұрды. У. Сыздықовтың бұл жолғы жарақаты ауыр болып шығады. Жаудың оғы оң жақ жамбас сүйегі­не тиіпті. Уақап бірнеше ай бойы Саратов қаласын­дағы госпитальде емделеді. Жарақатына байланыс­ты соғысқа қайта жіберілмегенімен, әскер қатары­нан босатылмайды. “Ерлігі үшін” медалімен мара­патталған, лейтенант шеніне жоғарылатылған Сыз­дықов Бас қолбасшының резервтегі 8-ші гвардия­лық авиациялық дивизия­сының аэродромға қызмет көрсететін 619-шы жеке батальонының штабына жіберіледі. Осы батальон құрамында ол Украина, Беларусь және Польша жерлерін басып өтті. 1945 жылы 9 мамырда Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғанмен, ол тек сол жылы желтоқсан айында әскери қызметтен босап, елге оралады. Ауылға келсе, соғыс қажытқан тіршілікті көз­бен көреді. Ауыр салмақ түскен қариялар мен ана­лар қажып кеткен. Көптеген замандастары орал­маған. Аман келгендері де өзі секілді әр түрлі жара­қат алған жандар. Енді оларды соғыс­тан кейінгі елді қалпына келтіру майданы күтіп тұрған еді. У.Сыздықов әуелі Жаңаауыл жеті жылдық мектебіне мұғалім болып алынады. Бастапқыда бастауыш сыныптардың ұстазы болса, кейін жеке пәндер бойынша дәріс береді. Осы жылдары Павлодар педагогика училищесін сырттай бітіреді. Үш жылдан кейін жас та болса, талабы жоғары мұғалім мектеп дирек­торы етіп тағайындалады Және де ол жергі­лікті ұжымшардың партиялық ұйымының хатшысы болып сайланады. 1951 жылы ұжымшарларды ірілендіру үдерісі жүргізіледі. Лебяжі ауданындағы екі ұжым­шардан Сталин атындағы жаңа ірі ұжым­шар құрылған. Осы ұжымшардың пар­тия ұйы­мына өз қызметіне деген белсенді де ұқыпты қасиеттерімен бағаланған Уақап Бекұлы хатшы болып бекітіледі. Бір жарым жылдан кейін ол осы ұжымшардың төрағасы болады. Сол кезде елдің әлеуметтік-эко­но­микалық жағдайын көтеру үшін қанын да, жанын да аямай қызмет жасайтын адамдар керек болды. Келешегінен үміт күттіретін маман­дар партия және шаруашылық жұмыс­тарына тартылып, лауазым­дық қызметтерге көтерілді. Адал қызметімен абырой жина­ған У.Сыздықов аудандық атқару комитеті төрағасының орын­басары, “Шақат” кеңшарының директоры болды. Содан кейінгі 25 жылдай еңбегі оның ең белсенді қызметі мен ұйымдастырушылық қабілетін айқын көрсеткен кезең болды десек, артық айтқандық емес. Ол Павлодар, Успен, Лебяжі және Ертіс аудандарында атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Одан соң Шарбақты және Май аудандарында партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Елдің еңсесін көтерген 1960-70 жыл­дар­дағы кезеңде Уақап Бекұлы Павлодар өңірінде ауыл шаруашылы­ғының индустриялық жаңа деңгейге көтерілуіне ерекше үлес қосты. Сол жылдары Май ауданында мал шаруа­шылығы да өркен жайды, ет пен сүт өнімділігі артты. Еңбек адамдары­ның тұрмысы жақсарып, еңбектері бағаланды, әр түрлі жоғарғы мемлекеттік марапаттарға ие болды. Ауыл тұрғындарына жаңа үйлер берілді. Жергілікті ауылдық мекендер жаңаша түрге енді. Ал санаулы жылдар ішінде жаңа үлгідегі тұрғын үйлер салынғандықтан, аудан орталығы абаттандырылған кентке айналды. Замандастары оны өзіне де, өзгеге де өте талапшыл, шаруашылықты дұрыс жүргізе біле­тін басшы ретінде еске алады. Егер жұ­мыс орындалмай жатса, қатал мінез көрсе­тетінін, ал былайғы кезде сабырлы қалпынан айны­майтынын және айтады. Бір кездерде көмек сұрап алдына барған адамдар әлі күнге дейін оны еске алып, “әруағы разы болсын” деп мақтан тұтып отырады. Олар Уақап Бек­ұлы­ның кісілік келбетін жас ұрпаққа үлгі етеді. Май ауданындағы қызметтен кейін зейнеткерлікке шықты. Жарты ғасырға жуық еңбек өтілі бар У.Сыздықов артында жарқын із қалдырды. Оның халық пен Отан алдындағы еңбегі жоғары бағаланды. Ол Октябрь Революциясы, үш мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталды. Сондай-ақ “Құрмет Белгісі” және І дәрежелі Отан соғысы ордендерінің, бірқатар медальдардың иегері болды. Уақап Бекұлы зайыбы Биғайша екеуі төрт ұл, екі қызды дүниеге әкеліп, өмір жолына шыңдады. Балаларының барлығы да жоғары білім алып, өмірден өз орындарын тапты. Бүгінгі таңда тәуелсіз Қазақстанның келешегі үшін әр салада, әр өңірде еселі еңбек етіп, Ұлы Жеңістің салтанат құруына өзіндік үлес қосқан майдангер Уақаптың абыройлы атағын жалғап келеді. Балаларынан тараған немере, шөберелері де аталары салған даңғыл жолда, бейбіт тіршілікте білім мен ғылым­ның тереңінен нәр алып, мемлекетіміздің жарқын келешегі үшін қызмет етуге атсалысуда. ...Міне, Павлодар өңірі құрмет тұтқан соғыс және еңбек ардагері Уақап Сыз­дықовтың ерлік және өмір жолдары осындай. Фарида БЫҚАЙ. ПАВЛОДАР.