Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен кешегі күні өткен Үкімет отырысында Бүкіләлемдік банктің 2014 жылға «Doing Business» рейтингі бойынша индикаторларын жақсарту жөніндегі кешенді жоспардың шаралары қаралды. Осы ретте Премьер-Министр өткен жылы еліміздің осы рейтинг бойынша 189 ел ішінен үш саты жоғарылап, 50-орынға табан тірегендігін, дегенмен, рейтингтің кейбір индикаторлары бойынша Қазақстан көрсеткіштері әлі де төмен екендігін, оларды жоғарылату жөнінде шаралар әзірленгендігін айта келе, осы жөнінде баяндаманы жасау үшін Өңірлік даму министрі Болат Жәмішевке сөз берді.
Болат Жәмішевтің хабарлағанындай, бұл рейтинг шеңберіндегі жүзеге асырылатын жұмыстардың негізгі мақсаты – елімізде бизнес жүргізуге кедергі болып отырған әкімшілік шектеулерді анықтау мен талдау және оларды жоюдың қажетті шараларын қабылдау. Осы мақсатта қабылданған жоспар 11 индикаторлық көрсеткіш бойынша 46 іс-шараны қарастырады. Бұл шараларды жүзеге асыру үшін 5 кодекске, 3 заңға және 11 заң аясындағы актіге өзгерістер енгізілуі қажет. Ол өзгерістер бизнеске қойылатын бірқатар талаптарды қамтиды. Соның ішінде экологиялық, энергетикалық, өнеркәсіптік-қауіпсіздік бағытындағы талаптар бар.
Болат Жәмішевтің айтуынша, еліміз өткен жылы Бүкіләлемдік банк рейтингі бойынша 189 елдің арасында 50-орын алғанымен кейбір жекелеген индикаторлар бойынша көрсеткішіміз көп төмен болып отыр. Мәселен, «Халықаралық сауда» индикаторы бойынша 186, «Құрылысқа рұқсат беру» индикаторы бойынша 145, «Электрмен қамту желісіне қосылу» индикаторы бойынша 86, «Несие алу» индикаторы бойынша 89-орындарда тұр екенбіз. Негізгі мәселе осы индикаторлар бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткізу қажет болып отыр.
Кешенді жоспар рейтинг бойынша алға басу үшін бірқатар нақты шараларды қарастырған. Мәселен, «Кәсіпорын ашу» индикаторы бойынша Ұлттық банк желісіндегі екі құжатты (заңды тұлғаның тіркеуден өткенін куәландыратын жарғы мен құжатты) алып тастау көзделген. Ал Қаржы министрлігінің жүйесі бойынша қаржы мониторингі субъектілерінің клиентті тексерген кезде талап ететін тізбедегі төрт бірдей құжат (салық төлеуші нөмірінің тіркелгендігі туралы куәлік, статистикалық карта, заңды тұлғаның тіркеуден өткендігін куәландыратын жарғы мен құжат) жойылмақ.
Осындай өзгерістер «Меншікті тіркеу», «Несие алу», «Электрмен қамту жүйесіне қосылу», «Халықаралық сауда», «Салық салу», «Инвесторларды қорғау» секілді басқа да көптеген индикаторларды қамтып отыр.
Мұнан кейін сөз кезегін алған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев өзі басқаратын ведомство тарапынан аталған бағытта жүргізілген жұмыстар жайын баяндап өтті. Ол негізінен алғанда экспорттық және импорттық операцияларды жүргізу уақытын қысқарту мәселесіне арналды. Мұндағы істе ілгерілеу үшін экспорттық-импорттық рәсімдерді жүзеге асыру кезінде электронды құжаттар мен мәліметтерді, электронды-кедендік декларациялауды енгізу қажеттігіне баса мән берілген. Ерболат Досаев осы ретте Қазақстан-Қытай бағыты бойынша жүктерді тасымалдауға кететін уақытқа талдау жүргізілгендігін, осының нәтижесінде контейнер жүктері бойынша мәліметтерді алдын ала енгізу, сондай-ақ, теміржол бекеттерінің инфрақұрылымын дамыту жөнінде шаралар белгіленгендігін, бұл шаралар экспорт пен импорттық операцияларды жүргізу үдерісін едәуір қысқарта түсетіндігін мәлімдеді. Сондай-ақ, экспорттық-импорттық операцияларға қажетті құжаттар санын қысқарта түсу көзделіп отыр. Мәселен, Бүкіләлемдік банк есебінде осы жөнінде көрсетілген екі құжатты қысқартуға ұсыныс енгізілген. Мұның сыртында экспорт пен импорт операцияларын жүргізген кезде кәсіпкерлер шығаратын шығын көлемін қысқарту мәселесі де ескерілген. Осыған орай, Қытайдағы Ляньюньган айлағынан Қазақстанға жүк тасымалдау кезінде бірыңғай тарифтерді қолдану туралы мәселені Қытай тарапымен пысықтау қажеттігі пайда болуда.
Өңірлік даму министрінің орынбасары Серік Нокин құрылыс жүргізуге қатысты рұқсат берілетін құжаттарды Бүкіләлемдік банк рейтингіндегі талаптармен үйлестіру жөнінде жұмыстар жүргізілгендігін баяндап өтті. Оның айтуына қарағанда, құрылысқа қатысты техникалық жағдай құжаттарын беру бұрын 30-40 күндей уақытты қамтитын. Енді оны жеті күнге дейін қысқартудың жолдары қарастырылған. Сонымен қатар, осы мәселеде кәсіпкерлерден талап етілетін кейбір құжаттарды алып тастау көзделген.
Үкімет басшысы Серік Ахметов жүргізілген осы жұмыстардың барлығы Бүкіләлемдік банктің рейтинг көрсеткіштерінде есепке алынатын индикаторлар бойынша алға басуымызға тікелей әсер етуі қажеттігін еске сала келе, Серік Нокиннен ол басқаратын ведомствоның сөз болып отырған бағыт бойынша жүргізген шаралары «Құрылысқа рұқсат беру» рейтингі бойынша қандай орынға көтеруге жағдай жасай алатындығы туралы нақты сұрады.
Серік Нокиннің осы сұраққа берген жауабына қарағанда, жоғарыдағы шаралар жүзеге асқан жағдайда Қазақстан «Құрылысқа рұқсат беру» рейтингі бойынша 20-30 орындарға табан тірей алатын болады.
Отырыста сөз алған Бүкіләлемдік банктің Қазақстандағы өкілі осы банктің рейтингі бойынша алға басуға Қазақстан Үкіметінің мүдделілік танытып отырғандығын атап көрсете келе, осы ретте бірлесіп атқарылып жатқан шаралар өз жемісін береді деген сенімін білдірді. Сонымен қатар, қаралып отырған мәселе арқылы жүзеге асуы тиіс шараларды қолдайтындығын жеткізді.
Талқылау қорытындысында Үкімет мүшелері кешенді жоспар жобасын негізінен алғанда мақұлдады. Енді бұл істі нақтылай пысықтап, Парламент қарауына тапсыру қажет.
«Меніңше, үлкен жұмыстар жүргізілді. Осының нәтижесінде біз 5 кодекске, 3 заңға және 11 заң аясындағы актіге өзгерістер енгізетін боламыз. Осы ретте ескерте кететін бір мәселе, Бүкіләлемдік банктің келесі рейтингтік қорытындыларын жариялау алдында елдердегі жағдайды бағалау жұмыстарын жүргізетін уақытына аз ғана мерзім қалып отыр. Осы жағдайды ескере отырып біз істі барынша жеделдете түсуіміз қажет. Жоспардың тармақтарын түгел нақты орындау үшін барлық шараларды жедел қабылдауымыз қажет», деп мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы осы бойынша тиісті орындарға нақты тапсырмалар берді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».