Биыл Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Бастапқыда «Шанхай бестігі» ретінде іргетасын қалаған бірлестік қазіргі таңда әлемдегі беделді ұйымға айналды. Осы орайда, ШЫҰ-ның құрылуына тікелей ықпал еткен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екенін айта кеткен жөн.
«Шанхай бестігі»
Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылу тарихы сонау Кеңес дәуірінен басталады. КСРО мен ҚХР арасында екі елдің де Қарулы күштерін қысқартып, Кеңес-Қытай шекарасындағы сенімді нығайту жөніндегі келіссөздер 80-ші жылдардың басында-ақ басталған. Бірақ кейіннен Одақ тарап кетті. Сондықтан Қытаймен келіссөздердің жаңа кезеңін қалыптастыру қажет еді. Осыған байланысты 1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Минск қаласында бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған мемлекеттер – Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның Қытай Халық Республикасымен шекара мәселелерін реттеу туралы Бірлескен комиссиясы құрылған болатын.
Келіссөзге қатысушы жақтар түйінді мәселелерде бір шешімге келіп, 1996 жылдың 26 сәуірінде Шанхайда бес елдің басшылары әлемнің дипломатиялық тәжірибесіндегі аса маңызды құжат – Ортақ шекара ауданындағы әскери сенімділік шаралары жөніндегі келісімге қол қойды.
Бір жылдан кейін, 1997 жылдың сәуірінде «бестік» елдерінің көшбасшылары Мәскеуде Қарулы күштерді қысқарту жөніндегі келісімге қол қойды.
Бұл құжаттардың ерекшелігі – олардың Азия құрлығындағы саяси-әскери саладағы бұрын-соңды болмаған теңдесі жоқ сипатында. Келісімдерге қол қою арқылы бұрынғы КСРО мемлекеттері және ҚХР арасындағы шекарада сенім шараларын нығайтып, жүз шақырымдық аймақта қару-жарақ пен әскери техниканы қысқартуға қол жеткізілді.
Қауіпсіздік саласындағы бұл уағдаластықтар өңірдегі мемлекеттердің бар назарын өз экономикалық даму және халқының әлеуметтік жағдайын көтеру мәселелеріне шоғырландыруға мүмкіншілік берді. Халықаралық қоғамдастықты елең еткізген аса маңызды бұл уағдаластықтың құндылығы ерекше еді. Сонымен қатар осы маңызды келісімдер – жаңа, қуатты сыртқы саяси құрылымдардың іргетасын да қалады.
Ұйымды құрудың барысы туралы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында егжей-тегжейлі баяндайды. «Бес мемлекет басшыларының 1998 жылғы 3 шілдедегі келесі кездесу орны ретінде Алматының таңдалуы да кездейсоқ емес. Онда мен «бестік» елдерінің өздері бірлесіп қол жеткізген, қымбат саяси капиталын ысырап етуге болмайтынын, керісінше, мұны сақтап, ынтымақтастық пен өзара сенімге негізделген қарым-қатынасты нығайта беру керек екенін айттым.
Алматыдағы келіссөзге қатысушылар бұрын қол қойылған құжаттардың тиімді әсерін жоғары бағалады және бес мемлекеттің өзара іс-қимылы шекара мәселелерін шешуге ғана тіреліп қалмай, жаңа сыртқы саяси жағдайда қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселелерін шешуге қабілетті құрылым түзу керектігі туралы айтып, ортақ байламға келді.
Алматыдағы кездесуге қатысушылар өздерінің Бірлескен мәлімдемесінде бес елдің арасындағы татулық, достық және ынтымақтастықты бүкіл Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздіктің және дамудың факторына айналдыруға дайын екендерін білдірді. Осы сәттен бастап дипломатиялық айналымда «Шанхай бестігі» деген әуезді тіркес орнықты. Болашақ Шанхай ынтымақтастық ұйымының сұлбасы енді айқын көріне бастады», дейді Елбасы.
Сөйтіп, Шанхай ынтымақтастық ұйымының іргетасы қаланып, «Шанхай бестігі» атымен тарихтың ақ парағын ашты. Жаңа мыңжылдық басталған шақта «Шанхай бестігі» жаңа сапалық деңгейге шығып, халықаралық ұйым деңгейіне өтуге кірісті. Аталған процеске Қазақстан белсене атсалысқаны есімізде.
Халықаралық ұйым ретінде қалыптасу
2001 жылдың басында «Шанхай бестігіне» қатысуға Өзбекстан ниет білдірді. Қытайдың Шанхай қаласында өткен саммитте Өзбекстанды мүшелікке қабылдау шешімі қабылданды. Осылайша, 2001 жылдың 15 маусымында Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы басшылары Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрылғанын жариялады.
Шанхай шаһарында өткен саммит ұйымның қалыптасуына ерекше үлес қосқанын айта кеткен абзал. Жиын барысында Біріккен декларация қабылданып, өзара сенімі негізінде құрылған «Шанхай рухы» – баға жетпес игілікке айналғаны айтылды. Сондай-ақ терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес жөніндегі Шанхай конвенциясы бекітілді.
Бір жылдан соң, 2002 жылдың 7 маусымында, Санкт-Петербургте ШЫҰ мемлекеттері басшыларының кездесуі өтті. Жиын барысында ШЫҰ-ның институттық рәсімделуі пысықталды. Екі маңызды актіге: негізгі жарғылық құжат – ШЫҰ Хартиясына және ШЫҰ-ның жабық альянс емес екенін, ынтымақтасуға әзір екенін дәлелдеген декларацияға қол қойылды.
2003 жылдың мамыр айында Мәскеуде өткен ШЫҰ саммитінде ұйымның Бейжіңде штаб-пәтері бар хатшылығын және Ташкентте штаб-пәтері бар Өңірлік антитеррорлық құрылымын құру туралы шешім қабылданды. Сонымен бірге мемлекеттер, үкіметтер басшыларының және сыртқы саясат мекемелерінің кеңесі туралы ережелер бекітілді.
2004 жылдың 1 қаңтарынан бастап ШЫҰ халықаралық өмірдің дербес факторы ретінде және өзіндік механизмдері қалыптасқан толыққанды халықаралық құрылым ретінде қызмет ете бастады.
ШЫҰ елдері басшыларының оныншы кездесуі 2005 жылғы 5 шілдеде Қазақстанда өтті. Жиын барысында ШЫҰ мемлекеттері ынтымақтастығының терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы тұжырымдамасы қабылданды. Айта кетерлігі, 2004-2005 жылдары Моңғолия, Үндістан, Пәкістан және Иран ШЫҰ жанындағы бақылаушы елдер мәртебесін иеленді.
2007 жылы Бішкекте өткен ШЫҰ саммитінде мүше мемлекеттердің ұзақ мерзімді тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. 2009 жылдың маусымында Екатеринбургте өткен ШЫҰ саммиті жаһандық қаржы дағдарысы жағдайында өткізілді. 2010 жылдың сәуір айында Ташкентте ШЫҰ мен БҰҰ хатшылықтарының ынтымақтастығы туралы ортақ декларация қабылданды.
Осылайша, 2000 жылдары Қазақстан үлкен Еуразия кеңістігіндегі Қытай, Ресей, Орталық Азия мемлекеттерінің күші мен мүмкіндігі тоғысқан және үйлескен ШЫҰ-ның маңызды өңірлік ұйым болып қалыптасуына белсенді атсалысты.
ШЫҰ-ның тиімділігін мынадан да байқауға болады. Жаңа мыңжылдық басталған тұста жер-жаһанды терроризм елесі кезіп, шартараптың түкпір-түкпіріне қауіп төндірген еді. 2001 жылғы 11 қыркүйекте АҚШ-та жасалған террористік актіден кейін лаңкестік әрекеттер дүниежүзінің әр қиырынан естіліп жатты.
Осындай дүрбелең сәтте ШЫҰ-ның дер кезінде құрылғаны анық аңғарылды. Өйткені 2004-2011 жылдар аралығында ғана Өңірлік лаңкестікке қарсы құрылымның жемісті жұмысының арқасында бес жүзден астам лаңкестік әрекеттің жолы кесілді.
Мерейтойлық саммит
Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті жиыны – мерейтойлық саммиті Қазақстанда өтті. 2010–2011 жылдары ШЫҰ төрағалығы елімізге берілген еді. Іргелі жиын барысында ұйым қызметінің тәжірибесіне жаңа жұмыс форматы – Іс-қимыл жоспары енгізілді.
ШЫҰ төрағалығы қызметінде Қазақстан үшін өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту мәселесіне маңыз берді. Мәселен, 2010 жылғы қыркүйекте Жамбыл облысында лаңкестікке қарсы «Бейбітшілік миссиясы-2010» жаттығулары өтті. Бұл іс-шара дағдарыстық жағдайлардан шығудың ортақ тәсілдерін қалыптастыруға жол ашты.
Әйтсе де, Қазақстан тарапы ШЫҰ-ның үшінші елдерге қарсы бағытталған әскери-саяси одақ емес екенін естен шығарған емес. Ұйым жарғылық мақсат-міндеттерін іске асыруға күштік тәсілдермен және құралдармен емес, бейбіт жолмен қол жеткізуге ерекше екпін береді.
Елордада өткен мерейтойлық саммитке Қытай Халық Республикасының төрағасы Ху Цзиньтао, Ресей Федерациясының президенті Дмитрий Медведев, Өзбекстан Республикасының президенті Ислам Каримов, Тәжікстан Республикасының президенті Эмомали Рахмон, Қырғыз Республикасының президенті Роза Отынбаева қатысты.
Саммитке ұйымға мүше мемлекеттер басшыларымен бірге ШЫҰ жанындағы бақылаушы мемлекет басшылары – Иран Ислам Республикасының президенті Махмұд Ахмадинежад, Пәкістан Ислам Республикасының президенті Асиф Зардари, Үндістан Республикасының сыртқы істер министрі Маллайя Кришна, Моңғолия президенті әкімшілігінің басшысы, төрағалық етуші мемлекеттің қонағы ретінде Ауғанстан Ислам Республикасының президенті Хамит Карзай да келді.
Елордадағы саммитте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бейбітшілікті дамытудың негізгі бағыттарына сай әрі Ұйымның бірнеше құрылымын ашуды қарастыратын «ШЫҰ-ның мейірімді бес ісі» деп аталатын бес оңтайлы мақсат ұсынды. Олар – Қақтығыстарды реттеу кеңесі (өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін), Құрылымдық ықпалдастық жөніндегі комитет (құбырлар жүйесі мен электр желілері бойынша), Су және азық-түлік комитеті, Төтенше жағдайлар бойынша кеңес, ШЫҰ болжам жасау орталығы.
ШЫҰ қызметін күшейтудегі Қазақстанның маңызды бастамаларын кездесуге қатысушылар зор ықыласпен және қызығушылықпен қабылдады. Мерейтойлық саммит қорытындысы бойынша өткенді саралап, болашақтағы шаруаның басым бағыттарын анықтаған ШЫҰ-ның 10 жылдығындағы Астана декларациясы қабылданады.
Астана декларациясында өткен кезеңде атқарылған Ұйымның жұмысы сарапталып, келешекке деген бағыт-бағдар белгіленді. Отырыста ШЫҰ он жыл ішінде халықаралық және аймақтық жағдайдың терең өзгерулеріне қарамастан, өзін тату көршілік, достық және серіктестік қатынастарды тереңдетудің маңызды тетігі, сондай-ақ түрлі өркениеттер арасындағы үнқатысудың үлгісі, халықаралық байланыстарды демократияландыруға бағытталған дүниежүзілік талпыныстардың белсенді факторы ретінде көрсете білді деп қорытындыланды.
«ШЫҰ-ның бірегейлігі мен тартымдылығының себебі өзінің саяси-дипломатиялық істерінің ептілігіне және оларды өз мақсаттарына икемдеудегі қадамдарына байланысты. ШЫҰ-ға мүше елдердің бәрі де аумақтарының, тарихтары мен мәдениеттерінің әртүрлілігіне қарамастан, тең және бірдей дауысқа ие. ШЫҰ-ның нақ осы қасиеті әлемде қызығушылық тудыруда. Сондықтан да әлем біздің Ұйымымыздан үлкен үміт күтеді», деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мерейтойлық саммитте.
2010 жылдың маусымы мен 2011 жылдың маусымы аралығындағы ШЫҰ-ға Қазақстанның төрағалығы осы құрылымның дамуына, әлеуетін арттыруға, өңірлік қауіпсіздікті нығайта түсуге зор серпін берді. Жыл бойы Қазақстанның басшылығымен ШЫҰ аясында түрлі деңгейдегі және форматтағы 120 іс-шара ұйымдастырылды. Астана қаласы ШЫҰ тарихындағы жаңа онжылдық пен жаңа дәуірді ашты.
2012 жылы 7 маусымда ШЫҰ кезекті саммиті Бейжіңде өтіп, онда 2013-2015 жылдарға арналған терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес бойынша ынтымақтастық бағдарламасы қабылданды. Ауғанстан ШЫҰ-ға бақылаушы ретінде қабылданды, ал Түркия диалог жүргізу бойынша әріптес болып қатысты. Қатысушы елдердің басшылары кездесуінде ШЫҰ-ны дамытудың стратегиялық негізгі бағыттары бекітілді. Бұл – ШЫҰ-ның Астана қаласында өткен саммитінде айтылған – ШЫҰ үшін өзінің жеке стратегиясы болуы керектігі жөніндегі ұсынысымыз қолдау тауып, жүзеге асырыла бастағанын білдірді.
Керегесі кеңейген ұйым
2015 жылы 10 шілдеде ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер басшыларының кезекті кеңесі Уфа қаласында (Ресей) өткізілгенде, Ұйымның 2025-жылдарға дейінгі Даму стратегиясы қабылданды. Ұйымға мүше мемлекеттердің шекара мәселелері бойынша ынтымақтастығы мен өзара қарым-қатынасы жөніндегі келісіміне қол қойылды. ШЫҰ-ға мүше болуға ұсыныс білдірген бақылаушы-мемлекеттер – Үндістан мен Пәкістанды мүшелікке қабылдауға байланысты дайындық жұмыстары қолға алынды. Сонымен бірге, Беларусьтің ШЫҰ-дағы мәртебесі өсіп, бақылаушы-мемлекет деңгейіне көтерілді, ал Әзербайжан, Армения, Камбоджа және Непал мемлекеттері ШЫҰ-ға өзара диалог жүргізетін серіктестер ретінде тіркелді.
2017 жылы Қазақстан астанасында өткен саммитте Үндістан мен Пәкістан ШЫҰ-ға толыққанды мүше болып қабылданды. Аталған екі мемлекеттің ұйымға заңды мүше болып қабылдануы – ШЫҰ-ның әлеуетін арттырып, оның беделінің жаһандық деңгейге көтерілгенін айғақтайтыны даусыз.
2015 жылы желтоқсан айында Чжэнчжоу қаласында (ҚХР) ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары Өңірлік экономикалық қарым-қатынас туралы үндеу қабылдады. Сол жолы Қытай жағы 2020 жылға қарай ШЫҰ-ға мүше елдер арасында еркін сауда-саттық аймағын құру туралы ұсыныс жасады.
2016 жылы 24 маусымда Ташкент қаласында өткен ШЫҰ-ның саммиті ұйымның құрылғанына 15 жыл толуын атап өтті және ШЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі Даму стратегиясы бойынша Жұмыс жоспарын қабылдады. Ұйымға мүше мемлекеттер жуық арада тездетіп БҰҰ-ның Халықаралық лаңкестікке қарсы күрес жөніндегі Жалпыға ортақ конвенциясын қабылдау туралы ұсыныстарын жасады. Қазақстан ШЫҰ-ның экстремизммен күрес жөніндегі конвенциясын әзірлеуге байланысты ұсыныс енгізді.
Қазіргі таңда ШЫҰ аймақтағы маңызды геосаяси факторға айналды. Ұйым – жан-жақты халықаралық ынтымақтастыққа бағытталған, әскери блок немесе альянс болуды көздемейтін ашық бірлестік. Оның жұмысы үш басты бағытқа – ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономикалық және мәдени-гуманитарлық әрекеттесуді дамытуға негізделген.
Балтық теңізінен Тынық мұхитына дейінгі Еуразияның алып кеңістігіндегі ынтымақтастықты жүйелі дамытуға жол ашатын Шанхай ынтымақтастық ұйымының рөлі өте жоғары. Қауіпсіздікті, тұрақтылықты қамтамасыз ететін Шанхай ынтымақтастық ұйымының маңызын мынадан-ақ аңғаруға болады. Бүгінде оған мүше мемлекеттердің аумағы 34 миллион шаршы шақырымды құрайды. Яғни алып Еуразия құрлығының 60 пайыздан астамын алып жатыр. Мұнда жер-жаһандағы халықтың тең жарымына жуығы – 3,4 миллиард адам мекендейді. Шартараптағы ішкі жалпы өнімнің 20 пайызы да ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерге тиесілі.
Биыл Душанбеде Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті саммиті өткені белгілі. Осы іргелі жиында Иран ұйымға мүшелікке өтті. Осылайша, мүше мемлекеттердің саны 9-ға жетті. Бұған дейін ресми Тегеран бірнеше мәрте ШЫҰ-ға толыққанды мүшелікке өтуге өтініш білдірген еді. Алайда түрлі себептерге байланысты бұл процесс биылға дейін шешілген жоқ. Ақыры Иран діттеген мақсатына қол жеткізді.
Тегеранның талай жыл ұйымға толыққанды мүшелікке өтуін армандауының өз себебі бар. Иран бертінге дейін санкцияға душар болып келген. Сөйте тұра, ШЫҰ-ның құрамындағы мемлекеттермен сауда-экономикалық байланыс 28 миллиард долларды құрады. Салыстырмалы түрде қарасаңыз, Қытай мен ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы тауар айналымы 244,85 миллиард долларға жеткен. Осыдан-ақ ШЫҰ-ға толыққанды енудің артықшылығын бағамдай беріңіз.
Қорыта айтқанда, Елбасының дәйекті саясатының арқасында бұрынғы Кеңес Одағы мемлекеттері мен ҚХР арасындағы қатынастар шекара мәселесі бойынша тайталастан жасампаздық жолына түсіп, өзара сенімді арттыруға және Еуразия құрлығында көпсалалы ынтымақтастықтың жаңа үлгісін қалыптастыруға түрткі болды.