Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне және Арыс қаласының 65 жылдығына орай Түркістан облысының Арыс қаласында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіш ашылды. Өнер туындысын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Арыс қаласының тумасы Тілеуберді Бинашев сыйға тартты.
Ұлы ақынның есімін жас ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мекемесінің алдына орнатылған ескерткіштің биіктігі 4 метр, тұғыры – 2,20, бюст биіктігі – 1,50 метр. Тұғыры гранит-мрамордан жасалған. Еңселі ескерткіштің айналасына көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, жарықтандырылған. Салтанатты іс-шарада арыстықтарды мерекемен құттықтаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласының 65 жылдық мерейтойы елге ой салатын, тағылымы мол танымдық іс-шаралармен жалғасын тауып жатқанын атап өтті. «Әлемге танымал бас ақынымыздың еңбегін халық болып ұлықтау мемлекетіміздің мерейін арттырады. Ұлы ойшылдың асыл мұрасын ардақтау және жан-жақты дәріптеу – бәрімізге ортақ міндет. Ол үшін бүгінгі буын Абай мұрасынан нәр алып, рухани кемелденуге тиіс. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Сондықтан азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн», деп атап өтті. Олай болса, орталық кітапхана алдында бой көтерген еңселі ескерткіш жастарымызды Абай армандаған кемелдікке жетелейді деп сенемін», деді облыс әкімі.
Сондай-ақ бұл күні жарылыстан кейін мемлекеттің, күллі елдің қолдауымен жаңарған, ажарлана түскен қаланың Дендросаябақ алдына орнатылған, темір жол тарихынан сыр шертетін, көненің көзіне айналған паровоздың ескерткіші ашылды. Ашық аспан астындағы музейге орналастырылған паравоздың салтанатты лентасын сенатор Әлімжан Құртаев, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев және Арыс қаласының құрметті теміржолшылары қиды. «Түрксіб» теміржолының құрылысына қатысып, жапан түзде тіршілікті жандандырған арыстықтарға, пойыздардың қауіпсіз жүруін қамтамасыз етуші барлық теміржолшыға құрмет көрсету мақсатында тұғырға қондырылған паровоз тарихына келсек, ол 1946 жылы Улан-Удэ қаласындағы зауыттан шыққан. Салмағы жүздеген тоннаны құрайтын отарба Шығыс Қазақстан облысы, Шемонайха стансасынан әкелінген. «Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ халқының тұрмысына шойын жол шаруашылығының енуі мен оның дамуы ұлтымыз үшін айтулы оқиға болды. Ал тұтас бір дәуір жаңғырығына айналған «Түрксіб» темір жолын салуда Арыс қаласының маңызы зор еді. Осы жолда біздің ата-бабаларымыз талмай тер төгіп, аянбай еңбек етті. 1946 жылы зауыттан шыққан бұл паровоз қазақ даласында 1961 жылға дейін қолданыста болған. Дәуір жаңғырып, заман жаңарған шақта, мұндай отарбалар бүгінде көне жәдігерге айналып отыр. Осындай құндылықтарды дәріптеу арқылы біз ұрпақтар сабақтастығын сақтап, қазақстандық теміржолшылардың ерен еңбегін кейінгі буынға үлгі етеміз», деді облыс әкімі салтанатты рәсімде. Ал қала әкімі Гүлжан Құрманбекова қаланың озық технологиялар заманына ілесіп, жаңашылдыққа бейімделіп жатқанын атап өтті. «Осылайша, Арысымыз ескі мен жаңаның, кеше мен ертеңнің арасында өз үйлесімін тапқан айрықша өркениет ортасына айналып отыр. Бұл күнде Арыс төрінде түрлі маңызды нысан құрылысы қарқынды жүріп жатқан болса, оның бәрі де елді ынтымаққа шақырып, бірлік пен берекелі тірлікке жұмылдыратын жобалар десек қателеспейміз», деді Гүлжан Құрманбекова.
Қаланың 65 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында Өмірзақ Шөкеев Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген мерейтой арыстықтар ғана емес, тұтас теміржолшылар қауымы үшін де зор мәртебе екенін айтты. Арыс қаласының мерекесіне орай өңірден шыққан өнер жұлдыздары әннен шашу шашты. Атап айтсақ, кеште Қазақстан және Татарстан Республикаларының халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ақжол Мейірбеков, әнші, сазгер Нұрлан Еспанов, Жанболат пен Жазира, Арыстың күміс көмей әншілері мен мың бұралған бишілері және өзге де эстарада жұлдыздары, «Шаншар» әзіл-сықақ театры өнер көрсетті.
Сондай-ақ облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев арыстықтар мен қала қонақтарын мерейлі мерекесімен құттықтап, бірқатар азаматтарға «Түркістан облысының құрметті азаматы» және «Арыс қаласының құрметті азаматы» атақтары мен «Түркістан облысына сіңірген еңбегі үшін» медалін салтанатты жағдайда табыс етті.
Түркістан облысы