• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
07 Мамыр, 2010

ҮКІМЕТ «ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАННЫҢ» АПТАЛЫҚ ҚОСЫМШАСЫ

556 рет
көрсетілді

КЕДЕН ОДАҒЫ – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАЖЕТТІЛІК Кеден одағы және бірыңғай экономикалық кеңістік құру тек қана саяси емес, алдымен эконо­микалық қажеттіліктен туындап отырған шешім. Одақ үш елдің экономикасын дамытуда, өзара тиімді ынтымақтастықты белсенді етуде аса қуатты серпіліс беретін болады деп сенеміз. Осы тұрғыда Ауыл шаруашылығы министрлігі­нің бастамасы­мен Астанада өт­кізілген “Кеден одағы елдері аграрлық-өнеркәсіптік кешенін ғылыми қамтамасыз ету” халық­аралық ғылыми-практикалық конференциясы одаққа мүше үш елдің аграрлық ғалым­дарының басын қосып, келелі пікірлерді ортаға салғызды. Бұл басқосуға Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің ауыл шаруа­шылығы министрліктері мен ведомствола­рының өкілдері, белгілі аграрлық ғалымдар қатыс­ты. Ресей, Қазақ­стан, Беларустің аграрлық сала­дағы ғылыми ынтымақтастық және экономикалық интеграция­сының өзекті мәселелері талқы­ланып, елдердің азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз ету, ауыл тұрғын­дары­­ның игілігін арттыру шара­лары қарастырылды. Бастама­ны бірінші болып қолға алып, Қазақ­стан, Ресей, Беларустің аграр­лық салада­ғы ғылыми ынтымақтас­тық және экономикалық интегра­циясының өзекті мәселелерін талқылатқан бұл форум Кеден    одағына мүше үш ел арасында алғашқы аграрлық бірыңғай жолды салды. Қашанда үлкен істі бастау алдында “Келісіп пішкен тон кел­те болмас” деген қазақтың дана мақалын еске аламын. Кеден­ одағы сол үлкен істің болашақ бас­палдағы. Әлем жаhандану үдерісін бастан өткеруде. Кеден одағы дегеніміз, бүгінгідей алапат заманда ынтымақтаса отырып, бірлесе ты­ғы­рықтан шығу, өз экономикаңды сырттан келер импорттан белгілі бір белгіленген шаралар арқылы қорғай отырып, дамыту. Яғни, әлемдік рынок сөрелерінен өз орнымызды ойып тұрып алу үшін де алдымен экономикалық әлеуеті­мізді одақ­тас елдермен ынтымақ­таса оты­рып нығайтып алуымыз керек. Жаһанданудан қанша қашып құтыламыз дегенімізбен, одан сырт қала алмайтындығымыз айқын. Сондықтан да, ғалым ретінде Кеден одағының біздің ел үшін берері көп болатынына сенемін. Үш елдің өзара бірігіп Кеден одағын құруының қай­тарымы ертеңгі күні-ақ көрініс беретін болады деп ойлаймыз. Қазіргі кезде одақ жайында әр­түрлі пікірлер айтылуда. Меніңше, оның басым бөлігі көпшіліктің Кеден одағының мәнін түсінбей жатқанында болса керек. Кедендік одақтың біз үшін керек екені даусыз. Әйтсе де, бұл қарапайым мәселе емес. Эконо­ми­ка­ның бар­лық секторы арасында түсіндірме-әңгімелер өткізіп, жұрт­тың көңіліндегі күдікті сейілтуіміз керек. Кеден одағының ауыл ша­руашылығына берері не, ауылдағы әрбір шаруа қожалығы, фермер, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуші кәсіпорындар бұл одақ­тан өзіне тиімді қандай игіліктерді пайдалана алады деген сауалдарға жауап беретін басқосуларды белгілі бір топтар арасында ғана емес, ай­мақтарға барып, ел ішінде өткізген жөн дер едім. Қазақстан Ресейге өз ұпайын беріп қоятын болды де­геннің бос сөз екендігіне халықтың көзін жеткізуіміз керек. Жалпы, Кеден одағы дегеніміз, бірін-бірі басынбай, тең тұрғыда келісіп барып, ортақ шешім қабылдайтын ұйым. Кеден одағының негізгі эле­менті – бірыңғай кедендік тариф болса, екіншісі – бәсекелік орта құратындығы. Біздегі кертартпа пікірлердің де туындауының басты себебі осы бәсеке болса керек. Бәсекеден қорқып, үрке беретін болсақ, біз әлемдік көштен қалып қоямыз. Осыны түсінетін кез келді. Бәсеке дегеніміз – эконо­мика­ның қозғаушы күші. Қазақ­станның аграрлық-өнеркәсіптік кешені 100 миллион адамды азық-түлікпен қамтамасыз ете алады. Бізде үлкен база бар, тек соның көзін тауып, бәсекеге қабілетті өнім шығара білу керек. Соңғы жылдары Қазақстан­ның аграрлық өндірісі жақсы даму үстінде. 2009 жылдың өзінде ауыл шаруашы­лығы өнімі ақшалай 1620 мил­лиард теңгені құрапты. Бұл 2000 жылмен салыстырғанда 4 есе өсімді көрсетеді. Әрине, Кеден одағына мүше болғаннан кейін ауыл шаруашылығының мойнына ар­ты­ла­тын жүк те көбейеді. Рынок­тар мен экономикалық қатынастар­дың жаһандану үдерісі жағдайында даму тетігін жеделдетпесе бол­майды. Мұны мемлекеттің аграр­лық саясатын құру кезінде есепке алып, маңызды деген бірқатар мәселелерді жедел түрде шешуіміз керек. Ал­дымен біз ішкі рыноктағы сұраныс­ты азық-түлікпен қамтама­сыз ету жолдарын қарастырып, одан кейін Кеден одағына мүше елдер ры­ногына қандай өнім шығаратыны­мызды айқындап алуымыз керек сияқ­ты. Ол үшін егін-өсімдік өнім­дері мен мал шаруашылығы көлемін айтарлық­тай өсірген дұрыс. Халықты азық-түлікпен тұрақты түрде қамтамасыз етуде қайта өңдеу мәселелерін дамыту, импорт тауар­ларының көлемін қысқартып, керісінше, экспортқа шығаратын өнімдерімізді молайту мәселесіне маңыз беруге тура келеді. Қайта өңдеу жүйесін дамыту шикізаттық базаға тәуелді екенінде дау жоқ. Ал ондай базаның бізде жеткілікті екенін айтып өттім. Енді сол база­ны инновациялық техноло­гияларды пайдалана отырып, заманауи тех­ни­­ка­лармен байытып, шикізат базасы мен ауыл шаруа­шы­лығы­ның өнім­дерінен дайын азық-түлік жасап шығаратын қайта өңдеуші­лер арасындағы қатынасты жетіл­діруі­міз қажет. Ұсақ өңдеуші кәсіп­орын­дарды біріктіріп, ірілен­діру де талай мәселені шешеді деп ойлай­мын. Себебі, біздегі бір кемші­лік – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатын­дар көбіне ұсақ шағын кәсіпорын­дар болып келеді. Тә­жірибе ірі өндірістің артықшылығын көр­сетуде. Шағын кәсіпорын­дардың біразы жылды шығынмен жауып жүр. Сондықтан да шағын шаруа­шылықтар мен кәсіпорындарды ірілендіріп, өзара қатынастарын дұрыс жолға қою табыстың еселене түсуіне бастай­тын жол дер едім. Сонда ауыл шаруашылығы өнімде­рін сатып алу, сақтау, алғашқы және терең­дете өңдеу, өнімді өткізу, шикізат өндірушілер мен қайта өң­деушілер арасындағы экономикалық өзара қатынас­тардағы осы уақытқа дейін дами алмай отырған жүйенің проблема­ларын шешуге болады. Шикізат базасы мен өңдеушілер, жеткізу­шілер, сауда арасындағы байланыс­ты белгілі бір жүйеге түсірмей, бәсекеге қабілетті өнім өндіре ал­май­мыз. Өйткені, орта­дағы қарым-қатынастың жүйелі еместі­гін пайда­ланушы – делдал­дар бір жерден арзан бағаға көтере сатып алып, екінші жерге қымбатқа сатып, екі жеп биге шығып жүр. Сондықтан да, біздің өндірген өніміміздің бағасы импорттан екі-үш есеге қымбат болып шыға келеді. Бәсекеге қабі­летті өнім өндіруге кедергі болып отырған тағы бір мәселе – ауыл шаруашы­лығы өнімдерін өңдейтін кәсіп­орындар жабдықтарының тозығы жетіп тұрғандығы, ауыл шаруашы­лығы шикізатын өнер­кәсіптік өңдеу сапасының төмендігі, шикі­заттың жетіспеушілігіне байланыс­ты кәсіпорындардың толық қуатында жұмыс істемейтіндігі. Осының бәрінің нәтижесінде, өзіміз шығара алатын азық-түлік өнімде­рінің басым бөлігін им­порттық өнімдер басып алып отыр. Қазақ­станда ауыл шаруашы­лығы өндірісі Беларуспен салыстырғанда қатаң климат жағдайында жүргізі­летіні белгілі. Соған қарамастан, біздің астығымыз бен етіміз, жеміс-жидегіміз Кеден одағына мүше екі елде де жоғары сұраныспен өтуде. Ал енді одақ күшіне толық енген­нен кейін өнімдерді рынокқа өткізу бәсекесі қызатыны анық. Яғни, қазақ­стандықтар өндірістің сапалық маңызын күшейтуге, дақылдар мен мал өнімдерін арт­тыруға күш сала­тын болады. Ол үшін алдымен мемлекет тұрғысында ауыл шаруа­шы­лығына жанды қолдау керек. Менің ойымша, Беларусь пен Ресейдегі аграрлық секторға жаса­лып жатқан жағдай мен мемле­кеттік қолдаудың дәрежесінен біздегі көмек бір де кем болмауы тиіс. Бәсекеге түсетіндердің старт­тық алаңы бірдей болуы керек. Одан кейін де бәсекеге сай өнім өндіре алмай жатса, кәсіп­орындар­дың өзіне сын. Бұдан тек тұтыну­шылар ғана ұтатын болады. Өйт­кені сапалы, бағасы халықтың қал­та­сына лайықты өнім рыно­гы­мызда көбейіп, импорт азаяды. Кеден одағының елімізге ресейлік және беларустік техноло­гия­лардың жет­кізі­ліп тұруын жедел­дететініне сенімдімін. Бұл аграршы­лар үшін үлкен игілікке айналмақ. Сондық­тан бәсекеден қорқа берудің жөні жоқ. Ресей мен Беларусь, Қазақ­станда агарарлық ғалымдардың үлкен қуатты күші бар екендігін де ұмытуға болмас. Үш елдің ғылыми мектептерінің басында әлемдік атағы бар мамандар тұр деуге болады. Бізді, яғни аграр­лық ғалымдарды кәсіби мүдде біріктіреді. Ғалымдар арасын­дағы өзара ынты­мақ­тастық қатынас осы уақытқа дейін үзіл­ген емес. Осыдан 4 жыл бұрын Қазақстан, Ресей, Бе­ла­русь, Ук­раи­на ғалымдары бірігіп “Агро­химэкосо­одру­жество” одағын құрған бола­тын­быз. Мен сол одақтың вице-президенті­мін. Ондағы мақсат – одақ шең­берін­дегі елдердің аграрлық сая­сатындағы жаңа­лықтар, елдер­дегі топырақтану, тыңайт­қыш, экология салаларын­дағы өзгерістер, ғылыми көзқарас­тар мен жасалып жатқан шара­ларды ортаға салып, талқылап, тәжірибе алмасу. Төрт жылдан бері біз төрт рет ғылыми конференция өткізіп, келелі мәсе­лелерді талқы­ладық. Мұны айтып отырғаным, бұрыннан да ғалымдар арасындағы бар ынтымақ­­­тастық Кеден одағынан кейін кеңейе түседі деп ойлаймын. Ғылым – білім – кадр мәселесін бірлесе отырып шешуге болады. Үш елдің үкіметі Кеден одағы шеңберінде ғылыми зерттеу­лердің бірлескен бағдарламасын жасап, қаржының бір бөлігін технологиялық және экономика­лық өсімге қол жеткізуге бөліп отырса деген ұсыныс бар. Кеден одағының тағы бір пай­дасы – ғылыми кадрларды дайын­дауға, оларды тәжірибе алмастыруға жіберіп тұруға жол ашылады. Ресей­дің ауыл шаруашылығы ғылымы бүгінде әлемдік деңгейде өз орнын ойып тұрып алғаны белгілі. Сон­дықтан үш елдің ғылыми қуатын интеграциялау әсіресе біздің мемлекетіміз үшін көбірек пайдалы болады дер едім. Жақын қарым-қатынас негізінде Қазақстанда көк­өністің көптеген түрлері бойынша бағалы сорттар мен гибридтер пайда болатынына сенімдімін. Кеден одағы жұмысына кірісе сала эконо­микамыз гүлденіп, 170 миллион тұрғыны бар рынок біздің өнімімізді құшақ жая қарсы алады екен деп отырған жоқпыз. Бұл алғашқы ғана күрде­ліліктер. Не нәрседен де өзімізге тиімді, пайдалы көзді байқай біліп, сол мақсатта жұмыс істей біл­сек, алынбайтын қамал жоқ. Отан­дық тауарларды Еуропа рыногына шығару үшін Ресейдің көлік инфрақұрылымын жеңілдік­термен пайдалануға қол жеткізуге болады. Тиімді түрде тасмалдауды жүзеге асыра алатын болсақ, қазақстандық өнімнің әлемдік рынокта баға жағынан бәсекеге қабілеттілігі де арта түспек. Сонымен қатар, біздің тауарлар Кеден одағына мүше өзге екі елдің рыногына шығуы үшін қойылатын ветеринар­лық және техникалық талаптар солармен бір деңгейде екендігі де біз үшін тиімді. Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүше боламыз дегенімізге 14 жылдай уақыт болыпты. Өркениетті дамыған елдердің қоятын талабы жоғары. Сол талаптың негізінде халықаралық стандартты сапалы өнім тұрады. Кеден одағы бір жағынан бізді сол сапалы өнім өндіруге қол жеткізуге бастайтын дайындық баспалдағы іспеттес. Әуелі үш ел арасында бәсекелестік дайындығынан сүрінбей өтетін болсақ, халықаралық рынок­тарға қорықпай бара аламыз. Кеден одағына бізді экономи­калық ықпалдастықтың барынша тереңдетілген түріне бастамақ. Бірыңғай экономикалық кеңістіктің қағидаттары өзара келісілген экономикалық саясат, капиталдың, қызмет түрлерінің, жұмыс күшінің еркін қозғалуы. Алда бұдан да күрделі, тиімді істер күтіп тұр. Кеден­ одағына мүше болу арқылы біз сол үлкен асулар алдындағы бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету, әлеуетті өсіру секілді маңызды мәселелерді меңгеріп алуымыз керек. Рахымжан ЕЛЕШЕВ, академик, КСРО және ҚР мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты. ТЕХНОПАРК БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІКТІ НЫҒАЙТАДЫ Қазір дүние жүзінде әлемдік брендке ай­нал­ған сауда маркалары бар. “Сименстің” қон-дырғылары десе кергіп тұрған зауыт басшы­ларының өзі елп ете қалып, келісім-шартқа қол қою үшін қаламына жармасады. Бәсінің мықты екендігін, өз өндірісінің өнімділігін көтеруге ықпал жасайтындығын біледі. Сол Сименсіңіздің тарихын оқығанбыз. Немістің бірде аш, бірде тоқ жүретін, ашқан жаңалықтары басына сыймай, іске асыруға қаржысы жоқ, шағын қондырғылар жасап күн көріп жүрген қарапайым инженері екен. Құдай бақ берген күні қалталы азаматтардың көзіне түсіп, жаңалығын өндіріске қосқан. Сол шағын қондырғылардан басталған соқпақ ин­женер Сименсті әлемдік биікке алып шықты. Дүниедегі өзгерістерді жасайтын ғалымдар ғой. Олар көз майын тауысып жаңалықтар ашады, түрлі талдаулар жасайды, жасаған қондырғысын сынақтан өткізу үшін жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүреді. Өңдірісті өркендетудің жаңа тиімді тәсілдерін табады. Қазақстан өркениеттің жаңа асуларын бағындыруға бет алды. Тәуелсіз ел екенмін деп шекараңды тарс жауып алып, өзіңмен өзің өмір сүрер болсаң өркенің өспейді. Көрші мем­­лекеттермен алыс-беріс жасау үшін Кеден ода­ғының игілігін көру керек. Бәсекеге қабі­летті болу үшін өндірісіңді өрге сүйрер ғалым­дарың мықты болу керек. Елбасы Үкіметте өткізілетін кеңейтілген мәжілістерде осы жағын қадап айтады. Президенттің тапсырмасы Оңтүстік Қазақ­стан облысында жалғасын тапты. Еліміздегі іргелі оқу орындарының бірегейі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жанынан аймақтық технопарк құрылды. ОҚМУ ғалымдары үш облысты қамтитын үлкен жобаға көлденеңнен қосылған жоқ. Университет ғалымдарының индустрия-лық-инновациялық даму бағдарламасы бойын­ша бір мыңнан аса патенттік жұмыстары бар. Мәселен, оңтүстікте кірпіш шығаратын зауыт­тар көп. Неміс технологиясы бойынша жа­салған кірпіш сырт көзге мықты көрін-генімен далада ұзақ тұрып қалса шет-шеті мүжіліп, сапасыздана бастайды. Неліктен? Ғалымдар оның себебін тапты. Еуропада Оңтүстік Қазақстанға қарағанда күн салқын. Ондағы технологияны көші­ру түбірімен қате. Технопарк өздеріндегі шағын қондыр­ғымен өңір табиғатына лайық кірпіш шығарған. Маркасы жоғары. Сұраныс күшті. Қаржы шығарып, қондырғыны өндіріске қой. Сол сияқты жер асты суы жақын әрі тұздануы жоғары. Бетонды жеп қояды. Асфальт жолдар қанша мықты салсаң да екі жылдан соң әр жерінен тесіле бастайды. Не істеу керек? ОҚМУ ғалымдарының осы бағыттағы ізденісі Үкімет тарапынан бағаланып жатыр. Бүгінде аймақтық технопарк жұмысы жоспарлы түрде жүргізілуде. Технопарктің міндеттеріне келетін болсақ олар: нарықтық инфрақұрылымдар құру мен дамыту, шағын және орта бизнес субъек­тілерін, кәсіпкерлерді, өнертапқыштарды, ғалымдарды, студенттер мен инженерлерді белсенді кәсіпкер­лік қызметке тарту, олардың идеялары мен жо­баларын жүзеге асыруға ықпал ету, экономика, менеджмент, маркетинг және басқарушылық білім саласында кәсіп­керлер мен мамандарды оқыту мен дайындау, аймақтың ғылыми-техникалық әлеуетін нәтижелі пайдалануға бағытталған аймақтық инновациялық жүйе құру, халықаралық ғы­лыми-техникалық ынты­мақтастықты ұйым­дастыру және жүзеге асыру. ОҚМУ ректоры, академик Уәлихан Бишім­баев технопарк жұмысына байланысты мына жәйттерді айтты. Казіргі таңда техно­паркте М.Әуезов атындағы ОҚМУ ғалым­дарының қатысуымен әзірленген 32 индустриялық-инновациялық жоба мен ұсыныстар бар. Мұнда 1423 жұмыс орны құрылатын болады. Солардың ішінде, мәселен, ауылшаруашылық өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу жөнінде 9 жоба әзірленді, 439 жұмыс орны құрылады. Көмірсутегі шикізатын қайта өңдеу бойынша 3 жоба дайындалды, 108 жұмыс орны құры­лады. Құрылыс материалда­рының химиялық технологиясы бойынша 6 жоба дайындалды, 294 жұмыс орны құрылады. Табиғат қорғау технологиялары жөнінде 3 жоба дайындалды, 240 жұмыс орны құрылады. Кешенді жоғары концентрацияланған және экологиялық таза тыңайтқыштар өндіру жөнінен 20 млрд. 2 млн. тенгеге 3 жоба дайындалды, 342 жұмыс орны құрылады. ОҚО әкімдігінің тапсырмасымен технопарк бұрынғы Шымкент фосфор зауытының бос тұрған өнеркәсіптік алаңын игеруді ұсынады. “Састөбе-цемент-технолоджи” ЖШС-інде технопарк тарапынан фосфор және металлур­гиялық өндіріс қалдықтарынан күйдірілмейтін тұтқыр зат алу технологиясы ендірілді. Техно­логия өзінің жоғары дәрежеде энергия үнемдеу­шілігімен қатар өзіндік құны төмен өнім алуы­мен ерекшеленеді. Қазіргі кезеңде 2000 тонна көлемдегі партиясы шығарылды. Осы өнімге арнап техникалық шарттар мен сертификат әзірленіп бекітілді. Осы күйдіріл­мейтін тұтқыр зат 600-700 маркалы бетон алуға арналған. Қазіргі күнде ол еліміздің біраз аймақтарында сынақтан өтіп, сонымен қатар Ақтау теңіз айлағы құрылысында да сынақтан өткізілуде. Осы технология бойынша “Казфосфат” ЖШС-мен келісім-шартқа қол қойылды. “Қаратау-цемент” ЖШС-де де цех құрылып, ашылуда. “Оңтүстік” ӘКК және “Электроап­парат зауыты” ЖСШ-мен біріге отырып, қуаттылығы жылына 260 тонналық жергілікті шикізат негізінде кальций карбиді өндірісі құрылуда. Өнеркәсіптік алаңда құрылыс ин­дус­триясына арналған көбік бетондар, жарнамалық үлгілер жасалынуда. Фармацев­тика үшін гидрок­силапатит пен тамақ қоспалары сараптамадан өтіп, мемлекеттік лицензия алынды. Академик Уәлихан Бишімбаев осы бағытта шешілуге тиісті күрмеулі мәселелер бар екен­дігін айтты. Технопарк ауыл шаруа­шылығына да жақсы өзгерістер алып келеді екен. Мыса­лы, ОҚМУ және Өзбекстан ғалымда­рымен тұз­далған жерлерден тұрақты өнім алу үшін мақта, соя, жүгері дақылдарында электрлі ын­та­ландыру, биотәсіл технологиялары ендірілді. Жақында университетте “Еліміздің индус­триялық-инновациялық дамуында жас мамандарды даярлаудағы жоо-ның рөлі” атты семинар өткен. Елбасымыздың Қазақстан халқына арналған “Жаңа онжылдық – жаңа эконо­микалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкін­діктері” атты Жолдауында “жоғары білім сапасы ең жоғары халықаралық талаптарға жауап беруі тиіс. Елдегі жоо-лар әлемнің жетекші университеттерінің рейтингіне енуге ұмтылулары керек. 2015 жылға қарай Ұлттық инновациялық жүйе толыққанды жұмыс істеп, 2020 жылға қарай елде енгізілетін талдаулар, патенттер мен дайын технологиялар түрінде өз нәтижелерін беруге тиіс” — деп атап көрсетіл­ген болатын. Бұл барлық жоо-лардың алдына қойылған талап. Осы талап үдесінен қалай шығуға болады, оның жолдары қандай деген мәселелерге жауап ізделді. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз ету алдыңдағы бес ешкіні ысқырып жүріп айдағанмен бітпейді. Нарықтық эко­номика жаңа талаптар қойып жатыр. Өнді­рістің, оның ішінде ауыл шаруашылығының да ғылымсыз күні жоқ екендігі осы мысалдардан аңғарылғандай. Бірақ, соны жаңалықтарды өмірге ендіру үлкен қаржы тұрады. Ал, Қазақ­станды бәсекеге қабілетті ететін ғылыми ізденістерден қаржы аяуға болмайды. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы. “ЖОЛ КАРТАСЫНЫҢ” ЖАҚСЫЛЫҒЫ МОЛ Биылғы Жолдауында Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаев “Алда тұрған онжылдықтың  аса маңызды міндеті – Қазақстанның барлық азамат­тарының өмір са­пасы мен деңгейін жақсарту, әлеуметтік тұ­рақ­тылық пен қор­ғалуды нығайту”, деп елдің алдағы онжылдыққа даму стратегия­сын айқындады. Рас, өткен жылдың күрделі сәт­тері де кездесті. Барлық жер­лер­дегі сияқты біздің облыс әкімдігі де жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, маңызды бағыты еңбек рыногындағы шиеленісті төмендету болып табылатын дағдарысқа қар­сы іс-шаралар кешенін іске асыр­ды. Дағдарыс салдарынан өндіріс тө­мен­дегенде босатылған адам­дар­ды басқа жұмыстармен қам­та­масыз ете алдық, дағдарысқа қар­сы шаралар­ды іске асырдық. Со­лай­ша ірі және орта бизнеспен алдыңғы жылдар­дағы деңгейден төмен емес әлеу­меттік пакеттерді ес­керетін, өндіріс төмендегенде адам­дарды қысқарту емес, жарты­лай жұмыс күнге ауыстыру, мәж­бүрлі демалыстарға жіберу мүмкін­дігін ескеретін жалпы саны 479 ме­морандумға қол қойылды. Мәлі­мет­терге көз жүгіртер болсақ, өткен жылдың көктемінде об­лыста 15 мың адам толық емес жұмыс күн мен апта тәртібінде жұ­мыс істеді және 800-ден астам адам мәжбүрлі демалыста болды. Осы шаралар  өндірісте  жұмыс­керлерді жұмыстан босатпауға мүмкіндік берді. Жол­дауда  “Әлем­дік қаржы-экономика­лық дағдарысы эконо­миканың өсу қарқынына ықпал етті, бірақ біздің дамуымызды тоқтатқан жоқ”, деп атап өтілген. Оны өндірісті облысы­мыз­дың жоғарыдағы мыса­лынан көріп отыр­мыз. Жұ­мыс­шы­лар да өз орнын­да. Еңбек ырғағы бұзылған жоқ. Тіпті ең қүрделі мерзімде де жаңа өндірістер ашуға мүмкін­діктер туды. 2009 жылы өнеркәсіпте, білім, денсау­лық сақтау салала­рында, агроөнер­кәсіп ке­шенінде жаңа нысандар пайдалануға берілді. Бұл  11.790 тұрақты және уа­қытша жаңа жұмыс орны ашылды деген сөз. Осы кезде ең маңызды және ең пәрменді дағдарысқа қарсы бағ­дарлама – “Жол картасы” бағыт-бағдар беріп отырды. Яғни, нақты міндеттер қойылды – ауылда болсын, қалада болсын адамдарға жұ­мыссыз қалмау керек болды. Өткен жылы об­лысқа “Жол карта­сы” шеңберінде 8,9 млрд. теңге бө­лінді. Соның есебінен 496 инвес­тици­лық жоба іске асырылды,  67 нысан және 100 км. облыстық жә­не аудандық маңызы бар жолдар қайта жөн­дел­ді. 397 әлеуметтік  жә­не мә­дениет нысандары жөнделді, әлеуметтік жұмыс орындарына 4 мыңнан астам адам жұмысқа ор­наластырылды, 3860 адам кадр­ларды кәсіби даярлауға және қайта даярлауға жіберілді. “Жол карта­сын” іске асыру барысында облыс бойынша 24 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Қол­данған шаралар нәтижесінде рыноктағы жұмыссыздық дең­гейін 0,6%-ға дейін төмендете алдық. Бұл дағда­рысқа дейінгі мерзімнің көрсет­кіштерінен және жалпы республика бойынша көрсеткіштен  төмен.  “Жол кар­тасы” бойынша алғашқы рет қаражат бұрын қаражат жетпей жүрген салаларға бөлінді. Нә­тижесінде, тұрғын үй шаруашы­лық нысандары, жолдар жөнделді, скверлер мен бақтар көркейтілді, көптеген мектептер, ауруханалар, мәдениет нысандары жаңар­тылды. Осының бәрі дағдарыс кезінде адамдардың моральдық-психоло­гия­лық  көңіліне оң әсер етті. “Жол картасы” бағдарла­масының мына­дай нәтижесі де маңызды, осы бағ­дарлама бойын­ша жұмыс істеген­дердің көпшілігі жұмыспен қам­тыл­ған еңбек ұжымдарында тұрақ­ты түрде жұмысқа қалды. Өмірдің қиын жағдайына дұшар болған адамдар үшін облыста кедейлік деңгейін төмендету мәселелеріне ба­ғытталған әлеуметтік кө­мек түр­лері ескерілген. Тұрмы­сы нашар отбасыларға жеке қо­салқы шаруа­шылығын, өз бетінше жұ­мыс­­пен айналысу түрлері мен ша­ғын биз­несті қолдауға өтеусіз ма­териалдық көмек көрсету сияқты ша­ра барынша нәтиже береді. Өт­кен жылы облыс бойынша осындай көмекті 447 отбасы алды. Үй жа­нын­дағы жеке қосалқы шаруашы­лығын дамытуға өтеусіз көмек алған адамдардың  біразы қазіргі уақытта өз істерін жалғас­тыруда. Қоғамдық жұмыстар шеңберінде 6 айға ұйымдасты­рылған орталықтар жеке шаруа­шы­лығы жоқ жұмыссыз әйелдерге өздеріне пайдалануға және сату үшін көкөніс, құс өсіру­ге, үй шаруашылығында керек заттар мен бұйымдарды жасаумен айналасуға мүмкіндік туғызды. Ағымдағы жылы осындай орта­лықтар Ертіс ауданының барлық ауылында ұйымдастырылатын болады. Екібастұз қаласының 8 шағын ауданында жалпы ұзын­дығы 3350 шақырым болатын су құбыры жүйелері жөнделді, бұл су құбыры желісіндегі қысымды жоғалтпауға, тұтынушыларға судың үздіксіз берілуін қамтама­сыз етуге және оның сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Ал облыс орталығында қала­ға су беретін негізгі  құбыр жүйе­сінің канализациялық коллекторы­ның пайдалану мерзімі 50 жылға дейін ұзартылды, олардың су жіберу мүмкіндігі ұлғайтылды, қаланың сумен жабдықтау жүйесінің тұ­рақты жұмысы қамтамасыз етілді. Мектеп­терді, ауруханаларды және басқа да әлеуметтік нысандарды жөндеу және жылыту маусымына дайындау бағыты бойынша 364 әлеу­меттік нысан жөнделді. Нәти­жесінде, 9 медициналық-әлеуметтік мекеме сани­тарлық-эпидемиоло­гия­лық нормаларға сәйкес келтіріл­ді, білім беру саласында 256 ны­санның техника­лық жай-күйі жақсартылды, 76 аурухана мен ауылдық дәрігерлік амбулаторияда көрсетілетін меди­циналық қыз­меттердің сапасы жақсартылды. Қала мен ауылдың әлеуметтік-мә­дени нысандарын жөндеу бағыты бойынша 33 селолық клуб, кітап­хана, мәдениет үйінің  жай-күйі жақсартылды. Биыл облыста “Жол карта­сы” бағдарламасын іске асы­руға бағытталған қаражат есебінен 159 инвести­ция­лық жобалар­ды жүзеге асыру жоспар­лануда. Оның ішінде, 36 ны­санды сумен жаб­дық­тау, жылумен жаб­дықтау, су және жылу құбырларын, электрмен жаб­дықтау жөніндегі инженерлік желілерді және құрылыстарды жөндеу, 100 нысанды көркейту, жолдардың шұңқырларын жөндеу, облыстағы ауылдардағы әлеуметтік-мәдени маңызы бар 81 нысанды жылыту және жөндеу жұмыстары бар. Азаматтарды кәсіби даярлауда және жастарды еңбекке тарту тәжірибесі арқылы әлеуметтік жұ­мыс орындарында жұ­мыспен кам­тылуды камтама­сыз ету жө­нінде бағыттар бар. Олар әрі қа­­рай жал­ғасады. Осы мақсатты жетілдіру жө­нін­дегі бағдарлама ба­ры­сында 16,8 мың жаңа жұмыс орын­дарын құру жос­парлануда. Владимир БЕРКОВСКИЙ, Павлодар облыстық жұмыс­­пен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қар­масының бастығы.