Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жинақы және тиімді атқарушы билік құру мақсатында 2014 жылғы 25 тамызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктердің ара жігін ажырату жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Соған сәйкес 436 мемлекеттік функцияны жоғары тұрған деңгейлерден төмен тұрған деңгейлерге беру көзделген. Бұл бағыттағы жұмыс әлі толық аяқталып болған жоқ.
Осы орайда биыл Парламентте қаралған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қоғамда қызығушылық туғызғаны анық. Бұл құжаттың Мәжілісте болған алғашқы оқылымында баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев: «Заң жобасы аясында 94 функция қайта бөлінеді, оның ішінде Үкіметтен министрліктерге – 89 функция, жергілікті атқарушы органдарға 5 функция беріледі. Жалпы, заң жобасын қабылдау мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыруда кезекті қадам болады», деді. Оған депутат Ғани Ташқараев: «Мемлекет басшысының осы мәселе жөніндегі Жарлығы қабылданғаннан бері жеті жыл өтті, бірақ ол әлі соңына дейін орындалған жоқ. Көрсетілген 94 функцияны берумен аталған Жарлықтың орындалуы аяқтала ма?» деп орынды сұрақ қойды. «Біз бұл жұмысты жалғастырамыз. Қазіргі таңда кешенді функциялық талдау жүргізіп жатырмыз. Осы жұмыстың нәтижесі мемлекеттік әкімшілік реформалардың негізі болады», деп жауап берді министр.
Әрине, оңтайландыру ісінің ойланарлық тұстары аз емес. Мәселен, аталған заң жобасында республикалық меншіктегі су шаруашылығы объектілерін басқару құзыретін Үкіметтен алып, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне беру ұсынылған екен. Алайда бұл ұсыныс депутаттар тарапынан қолдау таппады. Себебі ол «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заңға қайшы болып шықты. Оның үстіне Елбасы қабылдаған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктердің аражігін ажырату жөніндегі шаралар туралы» Жарлықта да су шаруашылығы объектілерін басқару функциясы Үкіметте қатаң түрде қалдырылатындығы атап көрсетілген. Себебі еліміздегі су шаруашылығы объектілерінің көпшілігінің тозығы жетіп тұр. Оларда адамдар өліміне әкелген қайғылы оқиғаларға жол берілгені де мәлім. Сондықтан бұл өзекті мәселені Үкімет деңгейінде кешенді түрде шешу талап етіледі. Бұған қоса, мәжілісмендер халық денсаулығын сақтаудағы аса маңызды мәселе – тағам өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуші уәкілетті органдардың қызметін салааралық үйлестіру функциясын Үкіметтен алып, Денсаулық сақтау министрлігіне беруді де қисынсыз деп тапты. Оңтайландыру барысында осындай асыра сілтеулерден абай болған абзал.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Баршаға ортақ игілік! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасында тиімді мемлекеттік басқаруды қамтамасыз ету мақсатында қайталанатын, артық қызмет түрлерін алып тастап, мемлекеттік басқару жүйесін оңтайландыру қажеттігін атап айтқандығы, сондай-ақ «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында мемлекеттік қызметшілер санын 2024 жылға қарай 25 пайызға қысқарту жөнінде нақты міндет қойғаны мәлім. Осыған орай, Мәжіліс депутаттары 2019 жылғы 4 желтоқсанда Үкіметке депутаттық сауал жолдап, онда орталық және жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік биліктің бір тармағы, яғни біртұтас атқарушы билік болып саналатынына қарамастан, министрліктердің көпшілігі өздерінің аумақтық құрылымдарын құрып, оларға бақылау-қадағалау функцияларын бергендігін, ал олар өңірлік басқармалардың қызметін қайталайтындығын сынаған болатын. Оған берілген ресми жауапта: «Қазіргі уақытта Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жергілікті атқарушы органдардың оңтайлы базалық құрылымын қалыптастыру жөнінде жұмыс жүргізуде. Аталған жұмыстың мақсаты – облыстық басқармалар арасында, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мен облыстық басқармалар арасында, облыстық басқармалар мен ведомстволық бағынысты ұйымдар арасында қайталанатын функцияларды анықтау және жою», делінген. Алайда содан бері екі жылға таяу уақыт өтсе де, Ұлттық экономика министрінің Мәжілісте айтқан сөзіне қарағанда, бұл бағыттағы жұмыс әлі аяқталмаған сияқты.
Ал, шынтуайтында, мәжілісмендердің депутаттық сауалында айтылғанындай, облыстық әкімдіктердің Ауыл шаруашылығы, Ветеринария, Жер қатынастары және Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармалары бар болғандықтан, Ауыл шаруашылығы министрлігінің аумақтық инспекцияларының қаншалықты қажеті бар? Егер аталған аумақтық инспекциялардың қызметі тиімді болса, онда, мысалы, Мемлекет басшысының Жолдауында атап көрсетілгеніндей, ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауда тәртіп неге орнатылмайды?
Облыстық әкімдіктердің Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармалары мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциялары да бірін-бірі қайталайтын қызметтерді атқарып жүрген тәрізді.
Облыстық әкімдіктердің Білім басқармалары барда министрі ауыстырылған сайын жаңа реформа жасалатын Білім және ғылым министрлігінің өңірлердегі Білім саласындағы бақылау департаменттерінің қандай қажеті бар? Олар өздері құрылған он жыл ішінде еліміздегі білім беру деңгейін көтеруге үлес қосып жарытты ма? Айталық, жергілікті мектептерді аттестаттау білім сапасын арттыра алды ма? Осы министрліктің кезінде облыстық Білім басқармаларын басқарған бүгінгі басшылары мұндай аттестаттаудың қалай өткізілгендігін білетін болар. Әлде Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан (Түркістан), Қызылорда облыстарындағы Білім саласындағы бақылау департаменттерінің бұрынғы директорлары пара алып ұсталып, сотталғандығынан хабарсыз ба? Білім саласындағы қазіргі оң өзгерістерге мектептерді аттестаттау мен әртүрлі тексеру арқылы емес, «Педагог мәртебесі туралы» заңды қабылдау, педагогтердің жалақысын елеулі түрде арттыру сияқты жүйелік шараларды қолдану арқылы ғана жол ашылғандығы даусыз.
Облыстық әкімдіктердің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары мен Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармалары аздай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің аумақтық департаменттерін құру қандай қажеттіліктен туындаған?
Былтыр өңірлерде болып, жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілерімен тілдескенімізде, олар министрліктердің аумақтық құрылымдарындағы әріптестері өздерімен салыстырғанда «түк бітірмейтіндігін», бірақ өздерімен бірдей жалақы алатынын айтып, реніш білдірген еді. Ал осы жылдың шілде айынан бастап олардың жалақысы орта есеппен екі есеге жуық көбейтіліп, көңілдері көтеріліп қалыпты. Енді аумақтық департаменттердің қызметкерлері ренішті көрінеді. Өйткені олардың жалақысы алдағы жылдан бастап кезең-кезеңмен көтерілмекші. Үкімет жергілікті атқарушы органдардың жұмыс ауқымы қандай екендігін түсінгендей ме, қалай?..
Айтпақшы, биыл мемлекеттік қызметшілер саны 15 пайызға қысқартылыпты. Ал келесі жылы тағы 10 пайызға қысқартылмақшы. Оған дейін Ұлттық экономика министрлігі қайталанатын функцияларды анықтауға арналған талдауды созбаққа салмай аяқтап, мемлекеттік органдарды басқару жүйесін одан әрі оңтайландыру шараларын айқындаса, құба-құп.