• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Футбол 18 Қараша, 2021

Тәжікстанды әрең жеңді

401 рет
көрсетілді

Футболдан әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі соңғы ойынд­а Франциядан ірі есеппен жеңіліп, жанарымен жер шұқып қайтқан Қазақстан ұлттық құрамасының футболшылары кеше жолдастық матчта Тәжікстанды әрең жеңді. Азия құрлығындағы орта деңгейдегі құраманың қақпасына өз жерімізде бір ғана гол соғуға шамамыз жетті.

Ол голдың өзін Тәжікстан құра­масының бізге жасаған «сыйлығы» деп те қабылдауға болатын шығар. Өйткені матчтың 12-минутында қонақтардың қақпашысы Шохрух Киргизбоев әріптесіне пас беру кезінде қателесіп, байқаусызда допты Бақтиер Зайнутдиновтің аяғына салып берді. Ресей бірін­шілігінде өнер көрсететін жартылай қорғаушымыз бос қақпаны дәл көздеп, ойындағы жалғыз әрі жеңіс голын соқты. Бұдан кейін Зайнутдиновте гол соғатын тағы бір-екі мүмкіндік болды. Алайда оның тепкен доптары қақпа торынан табылмады. Бір­де қақпа бағаны іске кіріссе, кейінгісінде ойынға төреші араласты. Яғни 60-минутта Тәжік­стан қақпасының маңында Зайнут­диновке қарсы ойын тәртібі бұ­зылғанымен, Беларусьтен келген бас төреші Амин Кургхели 11 метрлік айып добын белгілемеді. Қалған уақытта Қазақстан құра­ма­сының футболшылары бірде-бір қауіпті шабуылмен көзге түсе алмады. Жерлестеріміз есепте алда болғанымен, ойын белгілі бір өлшеммен қарағанда Тәжікстан құрамасының басымдығымен өткендей әсер қалдырды.

Бірінші таймның статис­тика­сына сүйенсек, допқа иелік ету бо­йын­ша Тәжікстан фут­бол­шылары алда болды – 52 пайыз. Сонымен қатар біздің қақпа­мызға жеті мәрте соққы жасады. Ал Талғат Бай­су­финов шәкірттері алғашқы 45 ми­нутта допты өздерінде 48 пайыз ұстап, қарсыластарының қақпасына небәрі бес соққы жасаған.

Екінші таймда да Тәжікстан құрамасы белсенділік бойынша біздің футболшылардың алдын орап кетті. Бұл жолы олар допқа 58 пайыз иелік етті. Үш мәрте Игорь Шац­кий қорғаған қақпаға гол соғуға тырысып көргенімен, бұл ойында оларға гол соғу бақыты бұйырмады. Осылайша, бұл ойын Қазақстан құрамасы үшін өте қиынға соқты.

Қысқасы, жеңіс жанкүйерлерге аса бір қуаныш сыйлай қойған жоқ. «Франциямен болған ойында негізгі құрамның 8 футболшысы түрлі себеппен Парижге бара алмады. Сондықтан қосалқы құрам ойыншыларымен ойнап, ірі есеппен жеңілуге мәжбүр болдық», дегенді алға тартқан бас бапкер де, Федерация басшылығы да енді не деп ақталар екен? Өйткені әлем біріншілігінің іріктеу кезеңіндегі соңғы ойынға қатыса алмаған сегіз футболшының біразы кешегі ойында бірінші минуттан бастап алаңға шықты. Әйткенмен ешқайсысы жарытып ойнай алмады. Франциядағы масқарадан кейін намысы бар жігіттер өз қате­лік­терін жуып-шайып, жан­күйерлердің бетін бері қарату үшін алаңда жан беріп, жан алысуы керек еді. Жоқ, біздің жігіттер құдды 10:0 есебімен жеңіп жатқан сияқты, мейлінше қақпаға гол өт­кі­зіп алмаудың бар амалын қа­рас­тырды.

Қазақстан мен Тәжікстан құра­малары бүгінге дейін жасыл алаңда бес рет жолығып, төрт кездесуде жерлестеріміздің мерейі үстем болды. Бір ойында екі елдің күштері тең түсті. Қазақстан Азия құр­лығында жүргенде Тәжік­станмен бір ойын өткізсе, УЕФА-ға мүше болғаннан кейін төрт мәрте кездесті. Екі елдің ең алғашқы ойыны 1994 жылы Өзбекстанның тәуелсіз кубогы турнирінде өтіп, Қазақстан 1:0 нәтижесімен жеңіске жетті. 2006 жылғы Алматыдағы жолдастық матчта жерлестеріміз 4:1 есебімен басым түссе, 2007 жылы 1:1 нәтижесімен тең ойнады. Ал 2014 жылы – 2:1, 2021 жылы 1:0 есебімен ұтты. Барлық матчты өз алаңымызда өткізе тұра, тәжіктерді кейінгі екі ойында тек бір доп айырмашылығымен ғана жеңіппіз. Осыдан-ақ қай елдің футболы қай деңгейде екенін аңғаруға болады. Соңғы матч Нұр-Сұлтанда емес, Душанбеде өткенде таблодағы көрсеткіш мүлде басқаша болар ма еді, кім білсін?!