Нұр-Сұлтанда Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының ұйымдастыруымен «Оқушылар қылқаламымен Түркия» атты сурет көрмесінің тұсаукесері өтеді. Көрме түрік ақыны және ойшылы Юнус Эмренің өмірден озғанына 700 жыл толуына орай өткізіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бауырлас екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынастың өрбіп дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы әрдайым Қазақстан жастарына қолдау көрсетіп келеді. Орталық оқушылардың шығармашылық жағынан дамуына, таланттарын шыңдауларына қол ұшын береді.
2019 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан жарияланған Жастар жылы аясында орталық оқушысы Назерке Кемелбаеваның «Қазақстандықтардың көзімен Түркия» атты жеке сурет көрмесін ұйымдастырған болатын. Оқушылар тек қана тіл үйреніп қоймай, орталықта Түркияның мәдениеті мен өнері, салт-дәстүрін де жақыннан танып-біле алады.
Түркияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен өтетін көрмеде орталықтың оқушысы, үш Қазақстан азаматының 35 картинасы елорда халқының назарына ұсынылады. Көрменің ашылу салтанатына Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі, дипломатиялық корпус өкілдері, ҚР Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен сурет өнерін сүйетін қауым қатысады.
25 қарашада сағат 15.00-те Хан Шатыр ОСО-да өтетін сурет көрмесінің тұсаукесеріне Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындары мен қала қонақтары да қатыса алады.