Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері соңғы төрт күнде «Қауіпсіз жол» атты республикалық жедел-профилактикалық іс-шара жүргізіп, оған 370-тен аса полиция қызметкері жұмылдырылды. Осы төрт күннің ішінде ғана 1865 құқық бұзушылық анықталды. Соның ішінде автомобильді алкогольді ішімдік ішіп алып жүргізген 30 жүргізуші ұсталды.
Қазір мұндай құқық бұзушылықтың жазасы ауырлатылған, екінші рет ұсталғандар жеті жылға дейін жүргізушілік куәлігінен айрылады. Соған қарамай адамдардың мас күйінде рульге отыруы тыйылар емес. Ұсталғандардың арасында жастар ғана емес, жасы ұлғайған адамдар да бар. Мәселен, тоқтатылған Lada Granta автокөлігінің мас жүргізушісі 68 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Медициналық куәландыру оның «жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң» екенін көрсетті. Оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігі бойынша хаттама толтырылды. Енді ол жеті жылға автокөлік басқаруды ұмытуына тура келеді. Өйткені ол бұрын да масаң күйде көлік жүргіземін деп ұсталған екен.
Сонымен қатар профилактикалық шара барысында қауіпсіздік белдігін тақпаудың 226, рульде келе жатып телефонмен сөйлесудің 165 фактісі, жаяу жүргіншілер тарапынан 301 бұзушылық тіркелді. Сондай-ақ жылдамдықты асырудың 94, техникалық байқаудан өтпеген көлік құралын басқарудың 70, бұрын көлік басқару құқығынан айырылған адамдардың автокөлікті басқаруының 11 фактісі анықталды.
Төрт күннің ішінде ғана осынша бұзушылық анықталғаны – мәселенің өзекті екенін көрсетеді.
Кейбіреулердің жолаушылар мен жүктерді заңсыз тасымалдайтыны да анықталған. Мәселен, арнайы тоқтатылған Nissan автокөлігінің иесі жолаушылар мен жүктерді заңсыз тасымалдаумен айналысып жүрген. Ешқандай рұқсат қағазы болмаған бұл адамға қатысты ӘҚБтК 463-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды және процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Қазір Солтүстік Қазақстанның жолдарында көктайғақ қаупі жоғары. Кешкі мезгіл мен таңертеңгі уақыттарда күндіз жіпсіген қардың суы қатып, нағыз мұз айдынға айналады. Солтүстік Қазақстан ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Айдын Байматовтың айтуына қарағанда, 8 қарашадан бастап полицейлер көктайғаққа байланысты жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден аса сақ болу мен қырағылық танытуын, жылдамдық режімін, арақашықтықты сақтауды, белгіленбеген жерлерден жолды кесіп өтпеуді ескертуде. «Қауіпсіз жол» операциясының басты мақсаты – жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзудың алдын алу және көлік апаттарын ескерту. Жедел-профилактикалық іс-шара 17 қарашаға дейін жалғасады», дейді А.Байматов.
Солтүстік Қазақстан облысы