• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Қараша, 2021

Болаттай берік жазушы

1005 рет
көрсетілді

Қазаққа «Елім-ай» романымен танылған талантты жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лау­реаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Софы Сматаев ту­ған жеріне келіп, өзінің шы­ғар­машылығын құрмет тұт­қан оқырмандарымен қауышты.

Сәкен Сейфуллин атын­да­ғы Қарағанды облыстық ака­демиялық қазақ драма театрында «Арқаның аңызы, Алаштың абызы» деген атпен өткен кездесу кеші жазушының өмірі мен шығармашылығынан мол мағлұмат берген «Тұлға» деректі фильмінің көрсетілімімен бас­талды. Одан кейін мерейтой иесі сөз алып, өзінің елге, туған жерге деген сағынышын, іштегі шерін, көкіректегі мұңын өлең сөзімен жеткізді. Сөз арасында жазушы жуырда өзінің 25 том­дық шығармалар жинағының жа­рыққа шыққанын да айтып өтті.

Софы Сматаев Қарағанды об­лысының Шет ауданындағы Киікті ауылында дүниеге келген. Мәскеудің Болат және қорыт­па­лар институтын тәмамдаған­нан кейін, Ресей астанасындағы «Орақ және балға» зауытында, Ново-Тульский металлургия зауытында, Қазақ КСР Ғылым академиясының Металлургия және байыту институтында инженер болып жұмыс істеді.

Әйтсе де, техникалық білім­нің бала кезінен жазушылықты арман еткен жастың жолына бөгет болмағанын айта кету керек. Софы Сматаев алғашқылардың бірі болып сол заманның өлше­мімен алғандағы аса күрделі және қатерге толы тарихи тақырып­қа қалам тербеп, «Елім-ай» ро­ман- дилогиясын дүниеге әкелді. Жазу­шы осы туындысы арқылы әдебиет әлеміне танымал болып, оқырман қауымның ыстық ықы­ласына бөленді.

Бұдан бөлек жазушы қаламы­нан «Ақжелең», «Бұлақ», «Мәң­гілік бастау» сынды романдар, «Алау», «Алғашқы асу», «Қайран жастық» әңгімелері туды. Бұл еңбектер де оқырмандар мен сыншылар та­ра­пынан лайықты бағасын ал­ған.

Сексенге жасы келген жазу­­шыны алғашқылардың бірі бо­­лып облыс әкімінің орынба­сары Абзал Нүкенов өңір басшы­сы­ның және өзінің атынан құттық­тап, қазақтың дәстүрімен иығына шапан жапты, лайықты сый-сияпа­тын жасады.

Шығамашылық кеште ме­рей­той иесімен бірге келген Қа­зақ­стан Жазушылар ода­ғы­ның төрағасы Ұлықбек Ес­дәу­лет, белгілі ақын, ғалым Бауыр­жан Жақып, ақын, мәде­ниет қайраткері Бақытжан То­баяқ және Абай атындағы Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы сахна төріне көтеріліп, жазушыға құттықтау сөз арнады.

Ұлықбек Есдәулет мерейтой иесін «Болат интситутын бітіріп, болаттың қадір-қасиетін зерт­теген адам өзі де болаттай берік жазушы» деп бағалап, қадірменді қаламгерге ұзақ ғұмыр тіледі. «Бұл кісілердің сол кездегі ер­лігін Гагарин мен Титовтың ас­­панға ғарышқа ұшқанымен те­ңеу­­ге болады. Өйткені тыңнан жол салған адамдар!», деді Ұ.Ес­дәулет. Ақын Бауыржан Жақып жазушыға арнаған өлеңін:

«Өмірге туған жерден

қуат алып,

Софы ағам 100-ге дейін

жүре берсін!

100-ден асып өмір

сүре берсін!»,

деген тілекпен түйіндеді.

Ал ақын Серік Ақсұңқарұлы жазушы ағасын мұзжарғышқа теңеді.

– Киікті стансасында туып, Мәскеуде оқып, Алматыда кеме­ліңізге келіп, сексен белден асқа­ныңызда туған жеріңізге классик болып оралдыңыз. Сіздің әде­биетке келген кезіңіз біздің көз алдымызда: қазақтың бетке шығар ұлдарын Әлиханнан бастап Мағжанға дейін қалқып алып тастаған сталиндік реп­рессияның, одан кейін тың игеру қазақтың менталитетін бұзған кездің, өзіңіз туған Қарағанды Қарлагқа айналған заманның сызы қайтпай тұрып сіз Арқадан бірінші болып қазақ әдебиетіне келген азаматсыз. Біз сізді мұз­жарғыш деп есептейміз. Сіз жарған мұздың үстінде тәл­тіректеп, сіздің соңыңыздан біз келдік: Ахаңдар келді – Ақсе­леу Сейдімбектер, Жеңіс Қаш­қыновтар келді, Дәуітәлі Стам­бековтер келді. Ұлытаудан – Жүрсін, Жаңаарқадан Ғалым шықты. Сіз болмасаңыз, біз­дің әдебиетке бару-бармауымыз неғайбіл еді. Сол кезде қа­зақ­тың руханияты жүдеп тұр­ған, бұлақтары сарқылып, мұз қата бастаған-тұғын. Сол мұз­ды ал­ғаш жарған сіз едіңіз. Сон­дықтан біздің аңызымыз да, абызымыз да өзіңізсіз, – деп тебірене сөз арнады Серік Ақсұңқарұлы.

Жазушыны жерлестері аты­нан Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров құттықтап, иығы­на ша­пан жауып, астына ат мін­гіз­ді. Келесі кезекте өңірге есі­мі мәш­­һүр меценат, Орталық Қазақ­стан академиясының рек­торы Бақ­тыбай Жүнісов жазу­шы­ның шы­ғар­машылық тойына мил­лион тең­гені шашу қылып шашты.

Шығармашылық кеште Сә­кен Сейфуллин атындағы облыс­тық академиялық қазақ драма театрының әртістері Софы Сма­таевтың өлеңдерінен үзінді оқыды. Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің өнер­паз­дары әуелетіп ән салып, күм­бірлетіп күй тартты.

Кешті жүргізу құрметіне ие болған дәстүрлі әнші, өнер зерт­теушісі Ерлан Төлеутай Мәдидің «Қаракесек» әнін нақышына келтіре орындап, мерейтой иесі мен көрермен қауымға серпіліс күйін сыйлады.

Туған жердің төсінде оқыр­ман­дарымен қауышып, елге деген сарытап сағынышын басып, іштегі шерін тарқатқан жазушы сахна төрінде тұрып, қалың жұртшылыққа, өзіне сый-құрмет көрсеткен азаматтарға басын иіп, алғысын айтты.

Рас, қашанда шымбайға батса да, шындықты айтатын жазушы, драматург, ақын Софы Сматаев күрделі де қайшылық­ты тұлға. Мемлекеттік сыйлыққа ­11 рет ұсынылып, тауы шағылып, меселі қайтқан, оның үстіне ­таяуда жар­ты ғасырдан астам уақыт отас­қан жарынан айырылған қарт қаламгердің өз сөзімен айт­­қан­да «айтар өкініші де, өті­ніші де» көп. Осы өткен шығар­ма­шылық кешінде де жазушы мұ­ның шет жағасын естіртіп қа­лып жатты. «Сексенге келген адам сегіздегі бала сияқты болады. Елге келіп, еркелеп, шерін тарқатқан жазушының аз-кем айтқан өкпесіне біз кешіріммен қарауымыз керек», деп Серік Ақсұңқарұлы айтқандай, Қара­ғанды жұрты да мұны зор түсіну­шілікпен қабыл алды.

 

ҚАРАҒАНДЫ