• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Қараша, 2021

Елбасы және қандастар

1739 рет
көрсетілді

«Көш келеді!Ағайын, көш келеді!Қарсы алдынан шық енді өскен елі, Бауырлармен қауышу оңай ма екен?! –Екі көзден еріксіз жас келеді», деп ақын ағамыз Исраил Сапарбай жырлағандай, тәуелсіздік тарихындағы б­аға жетпес байлықтарымыздың бірі – қазақ көші, яғни Алаш баласы азаттық алған тұста, алыс-жақын шетелде өмір сүріп жат­қан қандастардың атажұртқа оралуы.

Осы бір ұлы көштің жолын ашып, жөн-жобасын көрсеткен адам – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Ең әуелі айтарымыз, еліміз тәуелсіздігін жа­рия­лаған тарихи дата – 1991 жылы 16 жел­тоқ­сан күнінен дәл екі апта өткенде, яғни 1992 жылдың 1 қаңтар күні Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев отандық бұқаралық ақпарат құралдары ар­қылы шетелдерде өмір сүріп жатқан эт­ностық қазақтарға арнап «Алыста жүр­ген ағайындарға ақ тілек» («Егеменді Қазақстан». №1 (20076). 01.01.1992 ж.) атты тарихи сәлемін жолдады.

Осы сәлем-хатта: «Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қай­тып келе аламыз ба деген сұрақ алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. Туған жердің түтіні де ыстық дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам правосы туралы еларалық ере­же­лер­ді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа рес­пуб­ли­калардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қа­зақ­станда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы 711-ші қаулы қа­былдады. Сондықтан атамекенге ке­ле­мін деуші ағайындарға жол ашық» дегені, алыста жүрген ағайындарға ата­­­мекенге шақырған үндеу іспет­­­тес­ әсер етсе, 1992 жылы 29 қыр­­­­­күйек күні Дү­ние­­жүзі қазақ­та­­­ры­ның тұңғыш Құ­рылтайында: «Әрбір адамының бірі атамекеннен жырақта жүрген қазақтан басқа халық жоқ. Бірақ бәріне тән, бәріне ортақ нәрсе – са­ғыныш, атамекенді аңсау. Сол себеп­ті, еліміз «Көші-қон туралы» заң қа­был­дады. Осы арқылы сыртта жүр­ген отандастарымыздың елге оралуына бай­­ланысты көп­те­ген жеңілдік жасау көз­делген. Қысқасы, тәуелсіз Қа­зақ­с­танның кең құшағы сіздерге әр­қашан ашық бауырлар. Сондықтан да, дүние­ жү­зіндегі қазақтар қай елде жүрсе де, өзін Қазақстанның өкілі сезінетіндей, қазақ азаматы сезінетіндей, жағдай жасау – біздің болашақтағы мәртебелі мін­де­тіміздің бірі» деп атап өткен болатын.

Осылай Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның алыс­тағы ағайынды ақ­жа­рылқап ата­жұртқа шақырған ақ тілегі, сыртта жүр­ген қандастардың атамекенге деген аң­сарын оятты, олардың тұлабойында сан ғасырлар бойы тұнып жатқан са­ғы­ны­шын жандырды. Оятып қана қойған жоқ тәуелсіздіктің елең-алаң ауыр шақтарында еш­те­ңені елең қылмай ата­жұрт­қа ат басын бұрғызды. Бұл оқиға жайлы Елбасы Н.Назарбаев 2017 жы­лы жа­рық көрген «Тәуелсіздік дәуірі» деген кө­лем­ді еңбегінің 77-ші бе­тінде: «1990-жылдардың бірінші жар­ты­сындағы көші-қон ағысының күшеюі барлық жаңа тәуелсіз мем­ле­кеттерге ортақ құбылыс болды. Осы жылдары Қазақстаннан жап­пай көшудің сан алуан факторлары бар еді. Экономикалық дағдарыс өндірістің қысқаруына әкеліп соқты, кәсіпорындар жабылып, жұмысын тоқтатты, адамдар жұмысынан айырылды және оларда ертеңгі күнге деген сенім болмады, алаңдаушылық көңіл күй қалыптасты... Елден көптеген тұрғын үдере көшіп жатқанда шетелдерде тұратын қазақтар, керісінше, тарихи Отанына орала бастады. Олардың арасында белгілі ғалымдар, жазушылар, әртістер, суретшілер, қоғам қайраткерлері бар еді. Тек қана стихиялы емес, сондай-ақ тәртіппен жүргізілген бұл үдеріс ел үшін ауыр соққан көші-қон зардаптарының орнын толтыра алатыны белгілі болды» деп еске алады.

Осылай елі сүйген, елін сүйген Ел­ба­сы азаттықтың алғашқы жылдары шет мем­лекеттерге барған әрбір сапарында, сол елде өмір сүріп жатқан қандастарын әр­қашан назардан тыс қалдырып көрген жоқ. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Шетелдер­ге сапарлап барған тұстарда сол ел­дер­дің басшылары тарапынан сонда өмір сүріп жатқан қазақтар жайлы ешқа­шан жаман сөз тыңдап көрмедім. Бұл біз­дің халқымыздың қайда жүрсе де, өзінің мәдениетін сақтап, тыныш өмірді қалайтын қасиеті деп білемін. Сондай-ақ шетелге шыққан әрбір сапарымда отандастармыз іздеп келіп, ой-арман, мұң-мұқтажын айтып жатады. Сырласа қалсаң сай сүйегің сырқырайды, арман-ті­лек­терін тыңдасаң, жан-жүрегің елжі­рей­ді. 1991 жылы Түркияға барған сапарымда Ыстанбұл әуежайына жиналған аға­йындар «Ақсарбас», «Ақсарбас» деп қол жайып, бір үш ақсарбас құрбан шал­ғаны мені қатты тебірентті. Мұндай ықылас-пейілді Германия, Франция, Моң­ғолия елдеріне барған сапа­рым кезінде де көрдім» деп еске алады («Дү­ние­жүзі қазақтар қауым­дас­ты­ғы: 15 жыл». – Алматы, 2007 ж. – 54 б).

Жоғарыда Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, шетелде шұрқырай аман­дасып, жамырай сәлемдесіп өзде­рінің сөзімен айтқанда «қазақ патшасының» мәлике жүзін көріп, мүбәрек қолын алып, нақтырақ айтқанда жүздесу әсе­рі­нен жүре­гіне жылу тапқан қан­дас­тар есте­лігіне назар аударсақ: – Қазақ елі алғаш тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылы 31 қазанда Нұрсұлтан Әбішұлы Лондонға келді, – деп еске алады сол кезде Германияда тұрған қазақ ақсақалы, былайғы қауымға «Қара жорға» биімен танылған Арыстан Тосын ағамыз. – Елбасының осы сапарында ебін тауып жолықтым. Бір күн қасында болып армансыз әңгімелестім. Нұрекең кешікпей Германияға келем, сол кезде жолығайық деді. Ұзамай Берлинге келді. Еуро­па­да­ғы қазақтар түгел жиналып, Нұре­кең­мен кездесіп бүкпесіз сөй­лестік. Нұрағам қайтатын күні қоштасып тұрып, еңіреп жыладым. Мені байқап қалған ол кісі машинасын тоқтатып: «Неге жылайсың, жылап қалғанша менімен бірге елге қайт, жүр! Отыр машинаға» деді. Амал не? Бұл кезде менің пас­порт, виза сияқты дайындықтарым жоқ еді. «Жүре алмаймын» дедім. Елбасы: «Онда амандық болса әлі талай кездесеміз. Зейнетке шыққан соң елге қайт!» деді. Мен сасқанымнан «Құп, тақсыр!» деп иіле беріппін.

Көз жасын көлдеткен Арыстан аға­мыз 1992 жылы Қазақстанға біржола кө­шіп келді. Елбасының арқасында ұзақ жыл аңсаған ар­ман­ға қол жеткізді. Бүгінде ол Алматы облысы, Қарасай батыр ауданының Райымбек ауылында отбасымен тұрып жатыр.

Сол сияқты, тағы бір оқиғаны та­ны­мал журналист Құтма­ғам­бет Қоныс­байдың ауызынан есті­дік: – 1993 жылы 17 желтоқ­сан­да Алматы қала­сын­да қа­зіргі М.Әуезов атындағы Қа­зақ мемле­кет­тік академиялық драма теат­рында Дүниежүзі қазақтары қа­уым­­­дастығы құрылуына бай­ла­ныс­ты тұсаукесер жиын өтті. Осыған Дүние­жү­зі қазақтары қауым­дас­ты­ғының Тө­рағасы Нұрсұлтан Назарбаев да қа­тыс­ты. Сонымен қатар аталған бас­қосуға жан-жақтан диаспора өкілдері де шақырылды. Бекітілген сценарий бо­йынша өз­бек­стандық ағайындар аты­нан қайраткер тұлға Артықбай Үкі­­баев қысқаша баяндама жасады. Бірақ Өзбекстанда тұрып жатқан қазақ­тар­­дың үштен бір бөлігін иеленіп отыр­­ған қарақалпақстандық қан­дастар жайлы сөз болмады. Содан жеке пікір айтуға бекініп, президиумнан сөз беруін сұрадым. Өтінішім қабылданды. Маған сөз берілді, – дейді.

Осылай сөз тізгіні қолына тиген Құтмағамбет Талапбайұлы, әлем қазақ­тарының оннан бірі өмір сүріп жат­қан Қарақалпақ елі­­нің аумағындағы қазақтарды Отанына оралту және елара­лық барыс-келіс һәм мәдени байланыс­ты жаңғырту үшін «Алматы – Нүкіс» бағытында пойыз жүргізу мәселесін және қа­зақстандық теле­бағ­дарламалардың көр­сетілуін, сонымен қатар жоғары оқу орындарына студенттер қабылдау жа­­йын қозғапты. Нұрсұлтан Әбішұлы болса жалынды жастың өтініш-тілегін ма­­құлдап, дереу жазып алыпты.

Арада бір ай өткенде, яғни 1994 жылы 24 қаңтар күні «Алматы – Нөкіс» жо­лаушылар пойызы кең да­ланы көктей өтіп, жаңа дәуір­дің жасампаз жаң­ғы­рығындай Нөкіске тұмсық тіреп тоқ­та­ған екен. Осы пойыздың арқасында Қа­ра­қалпақстаннан қазақ көші бас­талды. Қазіргі таңда ресми деректе айтылып жүргендей Өзбекстан Республикасынан қоныс аударған 542,6 мың қазақтың 300 мыңға жуығы осы қарақалпақстандық ағайын көрінеді. Бұлардың арасында кімдер бар десеңіз: Алматы облысында еліміздегі ең ірі түйе шаруа­шы­лығы «Дәулет-Бекет» ЖШС-ін құр­ған Сыдық Дәулетов, 2005 жылы бокстан әлем чемпионы атанған Елдос Жа­ңа­бергенов, тағы да бокс спорты­нан Олим­п­иа­­да ойындарының қос күміс (Лон­дон 2012, Рио-де-Жанейро 2016) ме­далін жеңіп алған Әділбек Ниязым­бе­тов т.б.

Сол сияқты үшінші оқиға – Нұрсұлтан Әбішұлы 1993 жылы қазан айында Моң­ғо­лияға рес­ми сапармен барады. Құр­мет­ті қонақты өлке қазақтары он екі қанат киіз үй тігіп күтіп алып, қолына үкі­лі домбыра ұс­та­ған Меруеш Башай атты қарын­да­сы­мыз Елбасына арнау айтқан екен. «Бұл арнауда атажұрттан алыста жатқан елдің сағынышы, аң­сауы, өксігі, үміті, назы, базы­насы да бар еді. Ақбоз үйдің алдында жырды тыңдаған Президент Н.Назарбаев кәдімгідей толқыды», деп жазады аталған оқиғаға куә болған журналист. Бұл оқиғаны ол кез­де телеэкран арқылы бәріміз көрдік. Толғаудағы «Қанды бұғау қақырап, Қайта оралды көк Туым, Алыстағы аға­йын, Келші деген жетті үнің...» деп ке­ле­тін тіркесті бейжай тыңдау мүмкін емес-тін.

Одан бері қаншама жылдар алмасты. Тәй-тәй басып тәуел­сіз­дігін жария­лаған Қазақстан қа­зір әлем алдын­да іргелі елге ай­налса, Ханғайда ән са­л­ған қы­зы­мыз атажұртына оралып, қазір Қ.Байжанов атындағы Қара­ған­ды об­лыс­тық концерттік бір­лестігінде абыройлы қыз­мет ат­қа­рып жүр.

Атам қазақ көп айтатын­ «Көш ­­жүре түзеледі» деген сөз бар. Расын­да қазір көш тү­зел­ді. Тәуел­сіздіктің 30 жы­лын­­да Қазақ­станға сырттан 1 084 692 қандас-қазақ көшіп ке­ліп­­ті. Бұлардың ішінде ең көбі Өз­бекстаннан келген қандастар саны – 542 658 адамды құраса, келесі орынға Қытай Халық Рес­пуб­­ликасынан көшіп келген 355 501 қандасымыз ие болып отыр, одан кейін Түрікмен то­пы­рағынан қоныс аударған 74 706 қан­дасымыз үздік үштікті түйіндепті. Бұлардың сыртында Моңғолиядан 55 937 адам, Ресейден 16 816 адам, Ауған­станнан 13 330 адам, Иран­нан 8 645 адам, Қырғыз Республикасынан 7 372 адам, басқа елдерден 9637 адам тәуел­сіз­дік жылдары ата­жұр­тына оралған екен. Нақ­тырақ айтсақ, шеттен оралған қан­дастар еліміздегі қазақ ұлтының 12%-ын құрайды.

Сөзімізді түйіндеп айтар бол­сақ, үлкен мереке тәуелсіздіктің 30 жылдық тойы атажұртына оралған әрбір қазақ үшін даталы мереке, тарихи оқиға бо­лары анық. Ұлттық көштің ұлы мұ­ратын іске асырған Нұрсұлтан Әбішұлы – қазақтың дарынды әншісі Майра Мұхамедқызы айтқандай, Отанға оралған әрбір қазақтың қамқоры һәм тірегі.