Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстандағы өкілі Дебора Лионс елдің «гуманитарлық апаттың алдында тұрғанын» айтып, халықаралық қоғамдастықты ауған халқына қаржылық қолдау көрсету жолдарын іздеуге шақырды.
Дебора Лионс Ауғанстанның 38 миллион халқының шамамен 60 пайызы қыста аштыққа ұшырауы мүмкін екенін айтады. Оның сөзіне сүйенсек, елде азық-түлік тапшы.
«Қазір ауған халқынан бас тартатын уақыт емес. Ауған халқын тастап кету – тарихи қателік», деді Д.Лионс сәрсенбі күні БҰҰ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Лионс гуманитарлық апаттың алдын алуға болатынын жеткізді. Оның айтуынша, тамыз айында елді басып алған «Талибанға» қарсы қаржылық санкциялар салу қажет. Халықаралық қоғамдастық қаражатты «Талибанның» иеленіп кетуіне жол бермеуге тиіс.
БҰҰ өкілінің айтуынша, санкция салдарынан экономиканың барлық аспектісі әлсіреген. «Талибан» басып алғаннан кейін елдің ішкі жалпы өнімі 40 пайызға қысқарды.
Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) Батыс қолдайтын үкімет құлап, «Талибан» билікті басып алған соң Ауғанстанға бөлінген 450 миллион долларға жуық қаражатты беруге тосқауыл қойды. Ауғанстан орталық банкінің АҚШ-та сақталған 9 миллиард долларлық резерві де бұғатталды.