Канадада нөсер жауын мен дауыл салдарынан өзендер тасып, біраз жерді су басып қалды. Соның салдарынан мыңдаған адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.
Жол жабылып қалғандықтан үйлерінен шыға алмай қалғандар да көп. Бірнеше қала толығымен байланыссыз қалды. Балшық пен көшкін негізгі тас жолдардың бір бөлігін қиратты. Британдық Колумбия штатының премьер-министрі сәрсенбіде төтенше жағдай жариялады. Әскерилер жапа шеккендерге көмектесуге жіберілді.
Канададағы ең үлкен Ванкувер порты барлық теміржол қатынасын тоқтатты. Ал қаланың Канаданың қалған бөлігімен қатынасы үзіліп қалды. Қазіргі таңда кем дегенде бір адамның қайтыс болғаны расталды, із-түзсіз жоғалғандар да жетерлік.
Бұл аймаққа қыркүйектен бері ерекше мол жаңбыр жауды. Метеорологтер оны «дауылдар шеруі» деп атайды. Вашингтон штатындағы Беллингемде сенбі мен дүйсенбі аралығында орташа есеппен қараша айында түсетін жауыннан көп жаңбыр жауған.
Канаданың қарулы күштері эвакуация жұмыстарына көмектесу үшін қатты зардап шеккен аймақтарға 4000 әскер жіберді. Принстон қаласының билігі таза су мен табиғи газдың жетіспеушілігіне байланысты эвакуация туралы ескерту жариялады.
Канадамен шекарада орналасқан АҚШ-тың Вашингтон штатындағы шағын қала Сумасты да жартылай су басты. Мұндағы су тасқыны үйлердің төрттен үш бөлігін басып қалды. Шамамен 500-ге жуық құтқарушы жұмылдырылып, эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.