Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасында «Тұлғаның тылсым сыры» атты көрменің ашылуы өтті. Іс-шараға Парламент Сенатының депутаттары қатысты. Көрме Елбасы кітапханасының музей коллекциясындағы бейнелеу өнерінің туындылары мен ыдыс-аяқтар топтамаларының «портреттер» тақырыптық тобынан дайындалды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орайластырылған іс-шара Н.Назарбаевтың тұлғасын тереңірек тануға бағытталған.
Іс-шараны ашқан Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат өз сөзінде: «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы заманауи қазақстандық мемлекеттіліктің негізін қалаушы ретінде әлемдік саясат тарихына енді.
Көбіне Нұрсұлтан Назарбаевтың феномені қазақстандық жолдың жетістігін айқындайды. Сондықтан да оның өмірі мен қызметі зерттеушілердің, журналистердің, жазушылардың басты назарында.
Елбасының тарихи мұрасына арналған көптеген еңбектің ішінде бейнелеу өнері шеберлерінің көркем туындылары да өзекті. Осы тұста біз сіздерді Нұрсұлтан Әбішұлының бейнесіне басқа қырынан үңіліп, оған түрлі мәдениеттер мен көркемөнер мектептері өкілдерінің көзімен қарауға шақырамыз», деді.
Сондай-ақ Парламент Сенатының депутаты Ольга Булавкина: «Тұңғыш Президенттің ел алдындағы үлкен жауапкершілігі төрткүл дүниеге көпұлтты Қазақстанды мүмкіндігі мол мемлекет ретінде көрсете білді. Бейбітшілік, келісім мен тұрақтылық тәуелсіз мемлекет құрудың негізіне айналды», деп Елбасының саясаткерлік қырына тоқталды.
Көрмеге шетелдік көшбасшылар, белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері сыйға тартқан портреттердің шағын бөлігі қойылған. Олар – көркем және сәндік-қолданбалы өнердің бірегей авторлық техникалары мен жанрларында түрлі материалдардан: тас, әйнек, балық терісі, тас үгінділері, табиғи теңіз құмы, шілтер сым, күріш, тары, фарфор және т.б. жасалған туындылар.