• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тәуелсіздік 22 Қараша, 2021

Саяси тұрақтылық пен экономикалық өркендеу негізі

545 рет
көрсетілді

Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалып­та­суы мен даму үрдістері, қоғамның құқықтық жүйе­сі­нің құрылу тарихы, әлемдік кеңістіктегі рөлі, адам құқықтарын қорғау жағдайы «Қазақстан Тәуел­сіз­ді­гінің 30 жылдығы – саяси тұрақтылық пен эконо­ми­ка­лық өркендеудің негізі ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың құқықтық мо­де­лі» тақы­р­ыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ар­қау болды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де өткен алқалы жиынды ректор Жансейіт Түй­ме­ба­ев жүргізді. «Отыз жыл – үлкен кезең, биік белес. Биыл Тәуелсіздіктің және Қазақ­стан – Түркия қарым-қатынасының 30 жыл­дығы қатарлас келіп отыр. Өйткені 1991 жылы Тәуелсіздік алған тұста Қа­зақ­станды бірінші болып мойындаған Түр­кия мемлекеті болатын. Осы орайда еліміздің жеткен жетістіктерін Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың есімімен тығыз байланыстыра отырып, Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Ғайрат Сапарғалиев сынды университет ғалымдарының мем­ле­кетіміздің егемендігі туралы алғаш­қы заң­дардың бастауында тұрғанын мақта­ныш­пен айтамыз», деп атап өтті ректор өз сөзінде.

Сан ғасырлар бойы бабаларымыз аң­са­­ған қастерлі ұғым – егемендікке қол жет­кіз­генімізге 30 жыл толып отыр. Өткен­ге көз жібере қарасақ, Тәуелсіз Қазақстанның жа­ңа­ша тарихында 1991 жыл алтын әріптермен таңбаланды. Сол жылдың қазан айында еліміздің тәуелсіздігі арнайы Конституциялық заңның қабылдануымен бекіп, ғасырлар бойы арман болған бабалар тілеуі жүзеге асты. Егемендікке қол жеткізудің сындарлы кезеңіне қатысты жарқын мысалдарды баяндамасына ар­қау еткен Конституциялық кеңестің Төра­ғасы Қайрат Мәми осындай сәтте тарих­тың таңдауы, халықтың қалауы рес­публикамыздың Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың үлесіне тиге­нін ерекше атап өтті. «Осы тұста жас мемлекетті халықаралық қоғамдастық өзінің толыққанды мүшесі ретінде мойындау үрдісі басталған болатын. Алғашқы болып тәуелсіздігімізді бауырлас ел Түркия таныды. Арада аз уақыт өте тағы да он жеті мемлекет осындай қадамға барды. Содан бас­­­тап жарты ай ішінде АҚШ, Алмания, Қытай сияқты алпауыт елдер осындай шешім қабылдады. Бір жылдың ішінде олардың қатары 100-ден асып, 70 мемлекет Қазақстанда дипломатиялық өкілдіктерін ашты. Еліміздің бүгінгі қол жеткізген табысында, бағындырған биігінде, жеткен жетістігі мен дербес ел ретінде іргесін бекітіп, керегесін кеңейтіп қана қоймай, алты құрлыққа танылуында Тұңғыш Президент – Елбасының ұшан-теңіз еңбегі, қалтқысыз қызметі мен қажыр-қайраты жатыр. 1991 жылы 30 тамызда қабылданған демократиялық қағидаттарға негізделген қолданыстағы Конституция ұлттық ба­залық құндылықтарды әрі қарай те­рең­детіп, мемлекеттің мызғымас алтын діңгегіне айналды. Ата Заң қоғам мен мемлекет дамуының стратегиялық бағыттарын айқындап, азаматтардың құқықтарын, сондай-ақ мемлекеттік институттардың жаңа жүйесін бекітті. Нарықтық экономика, меншік түрлері, шекара, тіл мәселелері өз шешімін тапты. Азаматтардың құқықтық бостандығын толық қорғайтын мемлекетттік құры­лы­м институттары жасақталды. Оның ал­дыңғы қатарында Ата Заңның сақ­шы­сы Конституциялық кеңес те бар. Конс­т­­итуциялық кеңестің қызметі елімізде құ­қықтық мемлекеттің принциптерін қамтамасыз етуге бағытталған десек, бұл мақсаттар жүйелі жұмыс істеп келеді, – деді Қайрат Мәми.

Егемендік алып, дербес ел ретінде жар­қын болашаққа қадам басқан жас мем­лекеттің түркі елдермен ынты­мақ­т­ас­тығы мәселесіне Түркия Кон­с­ти­­ту­ция­лық сотының төрағасы Зухту Арслан тоқталды. Зухту Арслан халық­ара­лық байланыстардың болашағына тоқтала келіп, әлемдік өркениетке рухани үлесін қосып, артында ізгілік мұрасын қалдырған ұлы ойшыл Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактатында» айтыл­ған қайырымды қала құрудың жарқын мысалдарын тілге тиек етті. Оның түп-төркіні бақытты болуда жатыр. Ал ол жай ғана бақыт емес, адамзатты екі дүниенің бақытына алып баратын құндылықтарға негізделген. Яғни бақытқа апарар жол қала тұрғындарының ынтымақтастығы, бірлігімен тығыз бай­ланысты. Сонымен бірге Абай ғақ­лия­сы­ның ізгілікке бастар ғибратты жол екенін де қаперде ұстау қа­жеттігіне тоқталған Зухту Арслан мем­лекеттер достығының келешегіне қа­тысты ойларымен бөлісті.

Жиын барысында Жоғарғы соттың Төрағасы Жақып Асанов әлемдік стан­дарт­қа сай қалыптасқан Қазақстан сот жүйесінің жұмысына тоқталды. 1995 жылы Конституция сот билігін мем­лекеттік биліктің дербес тармағы ретінде белгіледі. Сот билігі және оның кепілдіктері туралы Конституциялық ереже бекітіліп, Тұңғыш Президент – Елбасының тапсырмасына орай бас­тал­ған сот кадрларын жетілдіру, тәуел­сіздігін күшейту, сот қызметінің са­па­сын арттыру жөніндегі жұмыстар жал­­ғасын тауып келеді. Сонымен бірге жаңа заңдар арқылы жаңа судьяларды іріктеу үрдісі түбегейлі өзгеріп, судья­ның жұмысын бағалаудың жаңа жүйесі енгізілді. Соттардың тәуелсіздігін арттыру үшін өзін өзі басқару органдары қайта құрылды. Яғни судьяларға сот жүйесінің маңызды мәселелерін шешуге мүмкіндік беріліп, саладағы реформа өз жемісін берді.

Келесі кезекте сөз алған Әділет министрі Марат Бекетаев «Ел тарихында тәуелсіздіктің үш онжылдығы мемлекеттіліктің қалыптасуы мен да­му дәуіріне айналды. Посткеңестік кеңістікте еліміз демократиялық саяси-құқықтық жүйесі қалыптасқан көшбасшы мемлекет ретінде танылып, ең маңызды қабылданған заңнамалық актілер ұлттық заңнама жүйе­сі­нің дамуына және ұлттық құқықтық мо­дель­дің қалыптасуына негіз болды», деп атап өтті.

Конференция әрі қарай жекелеген сессиялар бойынша жалғасып, Тұңғыш Президент Қоры атқарушы директорының орынбасары, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Игорь Рогов тәуелсіздік жо­лын­дағы Елбасының ерен еңбегі зор екенін атап өтті. Өйткені тәуелсіздік қас­терлі ұғым, ал мұндай нық қадамға ба­ру­дың стратегия­сын, әдістемесін жасау оңай болған жоқ. Бұл жетістік ертеңгі болашаққа сенімді серпіліс жасаған үлкен елдің жеңісі.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Конс­ти­ту­циялық Кеңес, Нұрсұлтан Назар­ба­ев Қоры, Қазақстан Республикасы Прези­ден­тінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия, «Астана» АХҚО, Сорбонна-Қазақстан институтының ұйым­­дастыруымен өткен конференция әрі қарай ел Тәуелсіздігінің сындарлы жыл­дарындағы саяси-құқықтық және әлеу­меттік-экономикалық мәселелер кеңі­нен талқылаумен жалғасын тапты.

 

АЛМАТЫ