Футболдан Алматыдағы Орталық стадионда өткен Қазақстан кубогының жартылай финалында жергілікті «Қайрат» Нұр-Сұлтанның «Астанасымен» күш сынасты.
«Астана Аренада» өткен алғашқы кездесуде қонақтар алаң иелерінің қақпасына жауапсыз үш гол салған еді. Бұл жолы да «Қайраттың» мерейі үстем болды. Шыны керек, бірінші тайм сүреңсіз өтті. Қос команда ара-тұра шабуылдағанымен, олардың бұл әрекеттерінен ештеңе өнбеді. Ойыншылардың тепкен доптары көп жағдайда қисық кетсе, кейбір тұста қақпашылардың оңай олжасына айналды. Есесіне үзілістен кейін бәсеке жанданды. 65-минутта Мейрамбек Қалмырза Жоао Пауло тепкен допты кері қайтарамын деп өз қақпасына бағыттады. 81-минутта Хосе Канте бұрыштамадан берілген допты торда тулатса, 87-минутта Вагнер Лав кездесудің соңғы нүктесін қойды. Есеп – 3:0. Осылайша, алматылықтар финалға шықты.
Тағы бір айта кетерлігі, ойынның 70-минутында «Қайраттың» сапындағы сербиялық легионер Раде Дугалич алаңнан қуылса, 80-минутта «Астананың» жартылай қорғаушысы Мейрамбек Қалмырзаға да қызыл қағаз көрсетілді.