Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің базасында жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша өткен XIV Президенттік олимпиада аясындағы республикалық кезеңнің қорытынды туры өтті.
Еліміз бойынша 11-12-сыныптардың 182 оқушысы бақ сынаған білім бәйгесінде Қарағанды қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Әлішер Кабардияди жеңімпаз атанып, І дәрежелі дипломмен және алтын медальмен марапатталды.
Дарынды жас олимпиаданың іріктеу турында да, қорытынды кезеңінде де жоғары академиялық білім көрсеткен.
Әлішер Кабардияди олимпиаданың достық атмосферасы ұнағанын айтады.
– Әрине, додада бәсекелестік рух болды. Көрсеткен нәтижеме көңілім толды, бірақ әлі де болса алға жылжу керек, – дейді 12-сынып оқушысы.
Терең білімімен көзге түскен өренге қазірдің өзінде Satbayev University мен С.Өтебаев атындағы Атырау Мұнай және газ университеті гранттарын ұсыныпты.
Сондай-ақ аталған білім жарысында Қарағандыдағы №1 «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Өмір Байбосынов екінші жүлдеге ие болды.
Еске сала кетсек, елімізде жаратылыстану-математикалық цикл пәндері бойынша Президенттік олимпиада 2008 жылдан бері өткізіліп келеді.
ҚАРАҒАНДЫ