WBO тұжырымы бойынша жартылай орта салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы Теренс Кроуфорд алдағы жекпе-жектерін басқа промоутерлік ұйымның қол астында өткізуге ниетті. Ол Боб Арум басқаратын Top Rank промоутерлік ұйымынан кетті, деп хабарлайды Egemen.kz.
21 қараша күні отандасы, америкалық Шон Портерді оныншы раундта техникалық нокаутпен жеңген Теренс Кроуфорд жекпе-жектен кейінгі баспасөз мәслихатында өзінің кәсіби мансабына қатысты болашақ жоспарымен бөлісті.
«Боб бірге жұмыс істеп жүрген кезімізде мені рингте Эррол Спенспен кездестіре алмады. Ол енді қалай маған көктемде керемет бокс кешін ұйымдастырмақ? Бокс кешін мен онымен келісімшартты бұзған соң өткізбекші ме? Мен шешім қабылдадым. Енді біз бірге емеспіз», деді ол.
Теренс Кроуфорд өз салмағындағы басқа чемпиондармен қолғап түйістіргісі келеді. Эррол Спенс және Йорденис Угасқа қарсы рингке көтеріліп, кәсіпқой бокстағы үлкен шайқастарда жеңіске жетуден үмітті.