Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына дәл осындай баға берді. Шынында да, аты қарапайым болғанымен, заты маңызды бағдарлама пандемия кезінде ел азаматтары мен кәсіпкерлеріне ауқымды әрі жедел қолдау көрсетті.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткендей, аталған бағдарламаны жүзеге асыру барысында 3,5 мыңнан астам жоба іске қосылды. Сондай-ақ 70 мың жұмыс орны ашылды. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің жалпы құны 3,5 трлн теңге болды.
«Жалпы экономикалық дамуымызда оң үрдіс бар екені сөзсіз. Алайда бүгінгі ахуалдың әлі де күрделі екенін ашық айтуымыз керек» деген Президент «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға ұластыру туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ бұл мақсатқа бөлінетін қаражаттың жалпы көлемі кемінде 1 трлн теңге болатынын айтты.
Ұлттық экономика министрлігі түсініктеме бергендей, «Қарапайым заттар экономикасы» халық тұтынатын тауарларды қолдауға бағытталған. Бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлерге 6 пайыздық түпкілікті мөлшерлемемен жеңілдетілген кредит беріледі. Кредит сомасы шектелмейді. Ал субсидиялау мерзімі 10 жылды құрайды.
Әу баста 2019 жылдан 2021 жылға дейін ғана іске асырылады деп жоспарланған бағдарлама өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешеніндегі өндірісті кеңейтуге және ішкі нарықты отандық өндірушілердің тауарларымен һәм қызметтерімен толықтыруға күш салды. «Қарапайым заттар экономикасы» отандық өндірісті дамытуға және өңірлік өнім шығару көрсеткіштерін арттыруға да септігін тигізді. Мемлекет басшысының бағдарлама мерзімін ұзартуы да сондықтан.
Бағдарлама талаптарына сәйкес екінші деңгейлі банктер мен «Аграрлық несие корпорациясына» тиісті қаражатты Ұлттық банк береді. Бұл ретте бағалы қағаздарды банктер мен несие корпорациясын жылдық 11 пайызға дейінгі сыйақы мөлшерлемесімен 10 жылға дейінгі мерзімге 1 трлн теңгеге дейінгі сомаға сатып алады. Осы орайда жеке кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларын қорландырудың жалпы сомасы 1 трлн теңгеге тең. Оның ішінде агроөнеркәсіпті қайта өңдеуге – 300 млрд теңге, агроөнеркәсіп өндірісіне – 300 млрд теңге, өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсетуге 400 млрд теңге көзделген.
Аграрлық несие корпорациясы екінші деңгейлі банктермен, лизингтік компаниялармен қатар агроөнеркәсіп кешенінде өндіру және қайта өңдеу жобаларын қаржыландыру жөніндегі оператор болып саналады. Корпорация тікелей кредит берумен қатар кейіннен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге кредит үлестіру үшін несие серіктестіктерін қорландыруға құқылы. Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші бойынша тауарлар тізбесі кредиттеу бойынша басым жобаларды іріктеудің негізгі критерийі саналады.
Өңдеу өнеркәсібіндегі, көрсетілетін қызметтердегі және агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңдеуге қатысты жобаларды «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры республикалық бюджет қаражаты есебінен субсидиялайды. Мұндағы әкімші – Ұлттық экономика министрлігі. Агроөнеркәсіптегі өндіру және қайта өңдеу жобаларын Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялайды.
Бүгінде бағдарлама іске асырыла бастаған сәттен бастап (2019 жылдан бері) екінші деңгейлі банктер мен Аграрлық несие корпорациясы 803,5 млрд теңгеге 3 314 жобаны мақұлдады. Оның ішінде Аграрлық несие корпорациясы желісі бойынша 2 203 жоба (102,4 млрд теңге), «Даму» желісі бойынша 1 111 жоба (701,1 млрд теңге) қаржыландырылды.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы да өз жұмысын жалғастырады. Бұл бағдарлама бойынша 2020 жылдан бастап салалық шектеусіз жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен 5 жыл мерзімге 7 млрд теңгеге дейін жеңілдетілген кредит беріледі. Бағдарламаны қолдаудың негізгі қаржы құралдарына пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кәсіпкерлердің кредиттеріне кепілдік беру, мемлекеттік гранттар ұсыну, сондай-ақ бизнес жобаларға жетіспейтін инженерлік инфрақұрылымды жеткізу кіреді. Кәсіпкерлерді қаржысыз қолдаумен бизнесті жүргізуді оқыту, болашақ және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді консультациялық сүйемелдеу тұрғысынан да жобалар кешені көзделген.
«Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларын іске асырудың барлық кезеңінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 106 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрған. 36 трлн теңгеге өнімдер мен қызметтер шығарылып, бюджетке 2,3 трлн теңге салық төленген.