Сыртқа шыққанда Сыр бойы, Шиелі туралы әңгіме айтыла қалса кешегі тарих есінде қалған елдің «Е-е, жарықтық Ыбекең түлеткен топырақ қой» деп жататыны бар. Ыбекеңі – кәдімгі екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев.
Еңбек бағаланатын кешегі кезеңде Қазақстанда осындай жоғары марапатты қатарынан екі рет иеленгендер санаулы ғана. Осындайда Жетісу өңіріндегі «Октябрьдің 40 жылдығы» ұжымшарын басқарып, Одақтағы алдыңғы қатарлы шаруашылыққа айналдырған Николай Головацкий айтты деген сөз еске түседі. Ұлты поляк Николай Никитич сұраған жұртқа өзінің бес ағайынды екенін айтып, қос жұлдызды жарқырата таққан Дінмұхаммед Қонаев, Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев, Нұрмолда Алдабергеновтерді бауырларым деумен өтіпті. Шиелідегі Ыбырай мен Мойынқұмдағы Жазылбектің аға-іні болып сыйласуы бір бөлек әңгіменің жүгі. Биыл еңбегімен ел алдына шығып, артына талай маржан сөз қалдырған Ыбырай Жақаевтың туғанына 130 жыл толып отыр.
Жалпы, ел аузында «Жақаев айтты» деген сөз көп. Қазіргі «Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады», «Егінші – мәрт, жер – жомарт», «Еріншек егіншіден елгезек масақшы озады» деген афоризмдердің түп иесі осы даңғайыр диқан. Аттай қалап Алматыға шақырып, Жазушылар одағының жиынына қатыстырғандағы Ыбекеңнің «Диқан кетпеніне, қойшы таяғына, жазушы қаламына ие болсын» деген қанатты сөзі әркім орнында отырса қоғам дамуы тежелмейтіндігінің тұспалы еді.
Шиелі ауданының әкімдігі даңғайыр диқанның 130 жылдығын мерекелеуді Ы.Жақаев ауылындағы С.Боқаев, З.Ержанова, Ә.Қоңыратбаев, А.Құнанбаев, №3 көшелерін жөндеуден бастапты. Ы.Жақаев және Қ.Оразымбетов көшесі аралығында жаяу жүргіншілер жолы салынып, біраз көше жарықтандырылыпты.
Қазір ақ күріштің атасы рекорд орнатқан түбекке арнайы белгі эскизі дайындалуда. Иіркөл ауылдық округіндегі диқан тұрған үй ауласындағы музей жекешелендіріліп, ұрпақтарына берілді. Жастар арасында құрылған «Жақаевшылар ізбасарлары» қозғалысы біраз жұмысты еңсеріп тастапты.
Еңбекке, еңбек адамына деген құрмет көмескіленіп бара жатқандай көрінетін қазіргі уақытта диқан өмірін дәріптеген шаралар жыл басындағы аудандық тілдерді дамыту бөлімі мен Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі филиалының ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде «Ақ күріштен тау тұрғызған нар тұлға» атты салтанатты жиыннан басталды. Шараға қатысқандар Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейіндегі көрмені аралап, дойбыдан өткен жарысты тамашалады.
Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейі, Нартай Бекежановтың мемориалдық өнер музейі филиалы және аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастыруымен онлайн лекциялар, кент және ауылдық округтегі кітапханаларда Ы.Жақаевтың нақыл сөздерінен жасақталған кітап көрмесі, библиографиялық шолу, танымдық-ақпараттық сағаттар өткізілді.
Дән атасының 130 жылдығына орай ауыр атлетикадан республикалық турнир ұйымдастырылып, оған Жамбыл, Түркістан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Алматы, Атырау облыстары мен көршілес Қырғызстан Республикасынан зілтеміршілер қатысты. Турнирдің ашылуында төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин жастарға сәттілік тіледі.
Ай соңында облыс орталығында даңғайыр диқанға арналған шаралар қорытындыланып, ауданда «Ақ күріштен тау тұрғызған Жақаев» атты республикалық ақындар айтысын өткізу жоспарланып отыр.
Қызылорда