Африка құрлығында 2022 жылы Қатарда өтетін әлем чемпионатының іріктеу кезеңінің соңғы тур ойындары тосын оқиғаларға толы болды. Шешуші турда Эктор Купер жаттықтыратын Конго Демократиялық Республикасы Бенинді 2:0 есебімен, Гана ұлттық құрамасы Оңтүстік Африка Республикасын (ОАР) 1:0 есебімен жеңіп, бірінші орынмен Қатарға жолдама беретін соңғы іріктеу сатысына шықты. Алайда біріншісіне – бас бапкердің болмашы қателігі, екіншісіне футболшының симуляциясы салдарынан жаһандық додадан тыс қалу қаупі туып тұр.
Купер қандай қателік жіберді?
J тобының соңғы тур ойыны алдында Бенин құрамасы 10 ұпаймен турнир кестесінде бірінші орында, Конго 8 ұпаймен екінші сатыда тұр еді. Матчты өз алаңында өткізетін Конго егер бұл ойында жеңіске жетсе, бірінші орынмен келесі іріктеу кезеңіне шығады, ал тең нәтиже тіркелсе қонақ құрама жарысты жалғастырады. Бірақ бұл кездесуде 2:0 есебімен Конго басым түсіп, өз тобында бірінші орынмен келесі кезеңге шықты.
Кездесудің 90-минутында «Валенсияны» екі мәрте Чемпиондар лигасының финалына шығарған тәжірибелі бапкер Эктор Купер уақыттан ұту мақсатында қажеттілік жоқ кезде алаңға төртінші мүмкіндікте төртінші футболшыны шығарды. Ал ФИФА регламенті бойынша ойында үш мүмкіндікті пайдалана отырып, бес ойыншыны ауыстыруға рұқсат берілген. Қалайда Қатарға баратындардың қатарынан табылуды көздеген Бенин құрамасы ойыннан кейін қарсыластарының матч ережесін өрескел бұзғанын байқап, ФИФА-ға шағым түсірді.
Енді бұл жайт Африка шеңберінен асып түсіп, бүкіл әлемге тарады. Ал ФИФА өз кезегінде Бенин футбол қауымдастығынан ойын регламентін бұзған Конго құрамасы үстінен түсірілген шағым хат алғанын және оның алдағы уақытта қарастырылатынын мәлімдеді.
Конгоны қандай жаза күтіп тұр?
ФИФА 3 мүмкіндікте 5 ойыншы ауыстыруға рұқсат берген уақыттан бері Еуропаның ТОП-5 чемпионатындағы екі команда Конго құрамасы сияқты ереже бұзғаны үшін жазаланған. Мәселен, маусым басында Германия кубогы аясында «Вольфсбург» қарсыласынан басым түссе де, турнирден шеттетілген еді. Себебі бас бапкер Ван Боммел кубок ойынының қосымша таймында қателесіп, төртінші мүмкіндікте төртінші ойыншыны алаңға шығарған. Ал қаңтар айында Италия кубогы аясында «Рома» да дәл осындай қателікті қайталаған. Рим клубы да қосымша таймда 6-шы футболшыны алмастырып, соңында техникалық жеңіліске ұшырағаны баршаға белгілі.
Демек егер ФИФА ойыншыларды ауыстыру ережесіне сай шешім қабылдайтын болса, онда Конго Демократиялық Республикасын да техникалық жеңіліс күтіп тұр деп айта беруге болатын шығар. Ал оның орнына келесі кезеңге Бенин құрамасы өтеді.
Амартидің симуляциясы
G тобының соңғы турында ОАР мен Гана құрамалары бірінші орын үшін ойнап, матч тағдырын 11 метрлік айып добын сәтті орындаған Андре Айюдің голы шешіп кетті. Бірақ ОАР жанкүйерлері сенегалдық төреші алаң иелеріне жақтасып, әділетсіз пенальти белгіледі деп есептейді. Себебі ОАР айып алаңында болған кезекті бір қарбалас сәтте ганалық футболшы Дэниэла Амарти бар актерлік қабілетін іске қосып, төреші сенетіндей етіп симуляция жасайды. Мұны сенегалдық төреші Магетт Н’Диайе шын қабылдап, ОАР қақпасына еш ойланбастан пенальти белгілейді. Иә, осындай күмәнді сәтте төреші ВАР-ға неге жүгінбеген деуіңіз мүмкін. Африка құрлығындағы іріктеу ойындарында ВАР жүйесі қолданылмайды. ФИФА мұндай кезеңде жаңа технологияны енгізу, енгізбеу туралы шешімді әр құрлықтың конфедерацияларына қалдырады. Себебі ВАР жүйесін орнатуға қыруар қаржы кетеді. Ал ондай қаржы көп елдің федерациясына ауыр тиеді.
Ойындағы жалғыз гол Ганаға үш ұпай сыйлап қана қоймай, соғылған гол айырмашылығы бойынша да басымдық берді. Ал ОАР турнир кестесінде Ганадан тек доп айырмасы бойынша ғана артта қалып тұр. Сондықтан да ганалықтар бұл жанжалдан оңай құтылып кете алмайтын сияқты. Африкалық футбол жанкүйерлері оқиғаның мән-жайы жазылған петиция ұйымдастырып (әзірге оған 6 мыңнан астам адам қол қойған), ФИФА-дан ойынды қайта өткізуді талап етіп жатыр.
«Біз ФИФА-ның Этика комитетінен сенегалдық төрешінің қателігінен туындаған ойынның нәтижесін жойып, екі құрама арасындағы ойынды бейтарап алаңда қайта өткізуді талап етеміз. Ал бұл ойынға араб елдерінің бірінен төреші тағайындауды сұраймыз. Егер матчты қайта ойнатудың мүмкіндігі болмаса, онда Қатарда өтетін әлем чемпионаты біздің жадымызда сыбайлас жемқорлық пен келісілген ойындарға толы болған әлем чемпионаты ретінде сақталып қалады», делінген жанкүйерлердің хатында.
Бұл – футбол тарихындағы бірінші петиция емес және жанкүйерлер тарапынан бұған дейін жазылған шағымдар ешқашан ФИФА тарапынан қанағаттандырылмаған.